«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ГЕНЕРАЛДЫҢ БЕКЗАТ БОЛМЫСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ ежелден дүниеге келген нәрестеге ат қоюға ерекше мән берген. Оның ырымы да, жөн-жосығы да сан алуан. Әсіресе атағы, абыройы ел арасына, тіпті жаһанға жайылған ұлы тұлғалардың есімдерін ұлықтап, өз баласына, немере, шөбересіне, ұрпағына қоюы да жақсы дәстүрдің төрінен орын алады. Сондай ұлы есімдерді “арқалап” жүрген азаматтардың бірі біздің әріптесіміз, замандасымыз, бауырымыз – Абай Бөлекбайұлы Тасболатов.

Ұлы Абай Құнанбаевтың “Болмасаң да ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеңіз”, – деген өсиет сөзін ғибрат тұтқан Абайымыз бала кезінен оқу десе оқу, әртүрлі спорттық жарыс десе жарыс, ән айту, домбыра тарту сияқты өнерге талпыныстарда да алдына жан сал­май, өз ортасын дүрілдетіп, байытып жү­ретін азамат. Ол туып-өскен Солтүстік Қазақстан облысындағы бұрынғы Көбеш ауылында, кейінгі Николаевкада әуелі мектептен бас­тап қазақ балалары саусақпен санарлық бол­ды да сәби кезіндегі әлжуаздығына қара­мас­тан көптің ортасында таласып, тырмы­сып, өзін мойындатып жүрді. Кейде “мінез” деген сөзді тек бір оқыс қимыл, немесе оғаш сөз айтқан адамдарға теліп жататынымыз бар. Ондай жағдайлар сол мінездің ұшқындары бо­лар. Мінез – тұтас ұғым. Адамның табан­дылықпен алдына қойған мақсатына жетуі, немесе қандай да сындарлы сәттерде төзім­ділік, ұстамдылық көрсетуі, ұтқыр шешім қабылдауы – нағыз мінездің көрінісі болса ке­рек. Осындай нағыз мінез біздің заман­дасы­мыз Абайдың болмысында қалыптасқан. Осы талпыныс, мінез ақыры жас жігіттің Таш­кент қаласындағы жоғары әскери оқу орнын тамамдап, кәсіби әскери қызметтің көркі болуына жол ашты.

Еліміздің Тәуелсіздігінің арқасында біздің әскери азаматтарымыздың жолы, бағы ашылып, қазақ жігіттері бұрын қол жеткізе алмаған жоғары әскери атақ, лауазымдарға, мәртебелі марапаттарға ие болды.

Еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаев Абай Бөлек­байұлына зор сенім артып, оны жас мемле­кетімізде тұңғыш құрылған Ұлттық ұландар (Ұлттық гвардия) қолбасшысы лауазымына тағайындап, қолына Ту ұстатты. Ол қызметті абыроймен орындап, Тәуелсіз еліміздің жа­ңа құрылымы, жаңа келбет-көрінісінің бір парасын қалыптастырып, жастарға отансүй­гіштік, патриоттық тәрбие беруде өте бедел­ді институт жұмысын жолға қойғаннан кейін Жоғары Әскери университеттің бастығы, Қа­зақстан Республикасы, Қорғаныс министрі­нің орынбасары қызмет­тері сеніп тапсырыл­ды. Абай тегінде, табиға­тында жүрдім-бардым, “ат үсті” жұмыс істей алмайды. Қай жерге келсе де оған барын салып, құлшынып кірісіп, жаңа тыныс береді. Қандай жұмысты да жігерленіп, жан бітіріп, тындырып атқа­рады. Қырық жылдан астам әскери ұстаздық қызметінде көптеген әскери командирлерге, жастарға ұстаз болды. Әсі­ресе Абайдан тә­лім-тәрбие алған жас офи­церлер оған ұқса­ғысы келді.

Абай Тасболатов өмірден осыншама бай тәжірибе жинақтап, ұлтына, мемлекетіне еңбек сіңіріп, генерал-лейтенант жоғары қол­басшылық лауазымында жүргенде де, бүгін де ешқашан әдебиет, өнер, мәдениет, та­рих­тан қол үзген жоқ. Ел ағасы жасына бет­теген сайын, әсіресе жалпы адамзат тари­хына, ұлттық өнер, шежіре тарихына терең­деп, интеллектуалдық қабілетін күшейтіп, қуат­тандырып, руханият әлемін өзіне ажы­ра­мас жан азығы етумен өрісін кеңітіп келеді.

Абай – тамаша спортшы. Волейболды жиырма жастағы жігіттерше секіріп те, жер­ден іліп те, жанын салып та ойнайды. Үстел теннисі, бильярд… қысқасы ол ұршықша иір­мейтін спорт түрі жоқ. Сарыарқаның сары аязында шыныққан ол күн сайын он ша­қы­рым жүгіреді. Ізденгіштік, зерттеушілік еңбегі бір сала. Сол әскерде жүріп тарих ғылымы­ның докторы атағын қорғады, жүздеген мақала, еңбектер жазды.

Әбекеңнің, Абай Бөлекбайұлының Қазақ­стан Республикасы Парламенті Мәжілісі де­путаты болып сайланғаннан кейін шығарма­шы­лық еңбегінің жаңа тынысы ашылды. Ол бұ­рынғыдай бір саланың ғана білгір ұйым­дастырушысы емес, бүкіл қоғам, мемлекет­тің жан-жақты бағыттарына өз үлесін қоса ала­тын жанашырына айналды. Әрине, мем­леке­тіміздің ең жоғарғы заң шығарушы билі­гіне, яғни Парламентке қай саладан болса да осы Абай Бөлекбайұлындай өмір көрген, ыстық, суықтан өткен мемлекетшіл, қоғам құ­былыстарынан, қайшылықтарынан хабары бар, елдің тұрмысын, әлеуметтік хал-ахуа­-лын білетін, дүниеге өз көзқарасы, пікірі бар, әншейін елге өзін көрсетуден гөрі, елдің сөзін сөйлеп, мемлекеттің қамын ойлайтын, соған қызмет ету мүддесін көздейтін адам­дардың сайлануы жөн-ақ. Абай Бөлекбай­ұлы Парламент Мәжілісіне “Нұр Отан” пар­тиясынан екінші рет сайланып, Халықара­лық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болса да тек қызметтік шеңберімен шектеліп қоймай, қоғам өмірінің қай саласына болса да біліктілікпен, шы­найы іскерлікпен араласып жүретін белсенді депутат болды. Мәжілісте оған жүктелер қоғамдық шаралар да көп. Бір кездері Мәжі­ліс Төрағасының орынбасары болып жарғақ құлағы жастыққа тимей, әріптестерінің талап тілектерінің орындалуы үшін еңбегін аяған жоқ. Әсіресе өнерге, әдебиет, мәдениетке жа­қын. Әркез осы салалардың талантты өкілдеріне қамқорлық жасап, оларды елге танытудан жалыққан емес.

Мәжілістің бесінші және алтыншы шақы­ры­лымында бір комитет жұмысына жұмыл­дырылған он бес депутаттың әрқайсысы да жайдан жай, болғысы келгеннен депутат бо­ла қалған жоқ. Олардың әрқайсысы де­путат болғанға дейін үлкен өмір жолынан өткен, мемлекеттік қызметтің сан саласында білік­тілікпен, абыроймен еңбек етіп, мемле­кеті­міз­дің заң шығарушы ең жоғарғы құзыры­на үлкен дайындықпен келген, бұрынғы қыз­мет­терінде белгілі нәтижеге қол жеткізе ал­ған тұлғалар. Сондай-ақ олар елдің, өңірлер­дің тұрмысын, мұң-мұқтажын жетік білетін, қа­­жетті ұсыныс пікірлерін жеткізіп айтатын. Бір комитетте Мәжіліс Төрағалары, Пре­мьер­­д­ің, Төрағаның орынбасарлары, бірне­ше ми­нистр, әскери, күштік құрылымдар қол­бас­шы­­лары, генералдар, елшілер, партия бас­шы­­лары болып жұмылып, ел мүддесінде абы­ройлы еңбек еткенімізді айтсақ та жеткілікті.

Тегінде депутаттар елге көріну немесе үнемі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы та­ны­мал болу үшін жұмыс істемейді. Ең ал­дымен, депутат заң жобасымен қалай жұ­мыс жасап жүр, заңнама кеңістігін мейлінше сұранысқа жауап бере алатындай ету жолында не істей алды, сол заң елдің тұр­мыс әлеуетін жақсартуға қандай ықпал ете алды деген тұрғыда парламенттің кәсібилігі көрінеді. Қазіргі қалыптасқан тәртіп бойын­ша заң жобасын талқылауға арналған жұмыс топтарында белгілі заң жобасы әбден тал­қылаудан өткеннен кейін ғана, комитет оты­ры­сына шығарылып, оған барлық депутат­тар қатынасады. Одан тыс партия фракция­ларындағы талқылаулар тағы бар. Біздің Абай осы талқылаулардың бел ортасында жүретін, ұсыныс, пікірлерін, өз ұстаным­дарын іркілмей айтатын.

Әскери салада ең жақсы, өнегелі ұстаз, ісіне қалтқысыз берілген жауынгер болып танылған Абай Бөлекбайұлы он жылға жуық депутаттық қызметінде де, одан кейінгі аза­маттық қоғамда да адамгершілік қасиет­терін барынша өз ортасына, еліне, жұртына сый­лаумен келеді.

Абай, сондай-ақ көптеген игі істердің бас­тамашысы болып, қоғамға оң ықпалын тигі­зуге дайын, әрі бейім. Оның атқарар, атқа­рып жүрген жақсылықтары да жеткілікті. Біз­дің еліміздің әртүрлі әлеуметтік топтарының жағдайында шешілмей жатқан түйіндер қа­шан да жетіп артылады. Сондай проблема­лар­­дың бір тармағы – әскери адамдардың ресми әскери қызметінің мерзімін бітіріп, зейнетке шыққан кезіндегі тұрмысы, тұрғын үй мәселесі. Осы проблеманы Абай өзінің 45 жылдық әскери басшы қызметінен яғни “іші­нен” біледі, көшіп, қонып жүріп, өз басынан да өткізді. Абай осы мәселені қолға алып, әріп­тесі, жастайынан бірге жүрген досы, Ха­лық Қаһарманы – Бақытжан Ертаевпен екеуі бірнеше жыл тынбастан, Үкіметке, министр­ліктерге, әкімдерге, банк саласына маза бермей жүріп, ақыры оң нәтижеге қол жеткізе алды. Қос генерал-депутаттың ол бастама­ларын біздің комитет мүшелері түгел қолдап, арнайы заң қабылдануына күш салып, ықпал еттік. Біздің сол заңымызды Үкімет қолдап, кәсіби әскери мамандардың тұрғын үй, жалақы, зейнетақы мәселелері жақса­рып, көтеріліп қалды.

Сондай-ақ ол Қожаберген жыраудың 350 жылдығын атап өтіп, оның еңбектерін, Сегіз Се­рінің ұмыт болған әндерін жинақтап жа­рық­қа шығаруды ұйымдастырып, өнер жан­ашырларының алғысына ие болды.

Абай Бөлекбайұлының ғұмырдариясы жа­зылған “Генералдың бекзат болмысы” деген жинақты оқымаған адам кемде-кем шығар. Онда Абайдың депутаттық қызметінен мағ­лұмат беретін мақалалары, сұхбаттары, кей­бір іскерлік, қызметтік хаттары, депутат­тық са­у­алдары, заң шығарушылық қызметте жұ­мыс тобының жетекшісі ретінде қабылдауға ат салысқан заң жобаларының үзінділері, ол туралы жылы лебіздер, ой пікірлер топтас­ты­рылған. Бұл кітап жастарды отансүйгіштік­ке тәрбиелейтін тамаша оқу құралы десек артық айтқандық емес. Абай Бөлекбайұлы­ның өмір, өсу жолындағы кезеңдер тұсында Бауыржан Момышұлы, Сағадат Нұрмағам­бетов, Мұхтар Алтынбаев сияқты қазақ елі­нің ардақты ұландары, тарихи тұлғаларынан ғибрат алғанын, өнегелерінен үйренгенін ерек­ше құрметпен атауы да жай мадақ емес, сыйластық мәдениетінің жарқын көрінісі, әрі тамаша үлгісі.

Жинаққа енген сұхбаттардың жөні бөлек. Әр­бір сұрақтарға кітап кейіпкері әрі авторы Абай Бөлекбайұлының берген ашық жауап­тары арқылы оның өмірбаянынан бастап, депутаттық қызметіне дейінгі жолы сайрап жатыр. Абай атамыздың “Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан!” – деген өсие­тін толығымен орындап жүрген біздің замандасымыздың бүгінгі тұлғасы, келбеті “біз замандаспыз” деп мақтанышпен айтуға тұрарлық тұлға екендігі көңілге ризашылық сезім ұялатады. Оның өмірге, еңбекке, өнер­ге құштарлығы төңірегіне нұр шашып, орта толтырып жүреді.

Қуаныш СҰЛТАНОВ,

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp