Азаматтарға тиімді әрі сапалы мемлекеттік қызмет түрлерін көрсетудің жолдары көп. Бұл орайда, күрделі міндеттерді шешуде озық технологияларға үлкен басымдық беріліп келеді. Соңғы кездері мемлекеттік органдар жұртшылыққа қызмет ұсынуда шетелдік іс-тәжірибелерге сүйене отырып, кедергісіз орта мен қолайлы жағдай жасауға баса назар аудара бастады. Бұл әдіс әкімдіктердің сервистік моделіне айналды десе де болады. Осы бағыттағы фронт-офистердің жұмысы да сан қырлы. Мемлекеттік қызметтердің 90 пайызын электрондық форматқа ауыстыру арқылы бұл модельдің әлеуетін ілгерілетуде “Connection point” аймағы айтарлықтай рөл атқарады. Бүгінде тұрғындар “электрондық үкімет” порталында көрсетілетін цифрлық қызметтердің, сондай-ақ “еGov mobile” мобильді қосымшасының, “Telegram” мессенджерінің және “Фейсбук” пен “ВКонтакте” танымал әлеуметтік желілерінің барынша қолайлы екенін түсінді.
Сервистік әкімдіктің тағы бір артықшылығы, барлық қызмет көрсетушілерді бір жерге шоғырландыра алуы. Сөйтіп, бір мезгілде көптеген мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік берді. Іс жүзінде барлық салалар мемлекеттік қызметтерді көрсетудің ашық процесіне тартылды. Тұрғындарды көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің жоғары сапасы мен шетелдік тәжірибелері де бейжай қалдырмасы анық. Мысалы, Әзірбайжан республикасында электрондық мемлекеттік қызметтерді орталықтандыру мақсатымен “электрондық үкімет” порталы құрылған. Ол арқылы әртүрлі дереккөздерден сілтемелер алуға болады. Мобильді құрылғылар арқылы құжаттар мен ақпаратқа оңтайлы қол жеткізудің цифрлық шешімдері ұсынылады. Бұдан бөлек, порталдың жеке кабинетінде цифрлық портфолио сияқты артықшылықтар енгізілді. Аталған қосымша жеке деректердегі өзгерістер туралы ескерту хабарламаларын жібереді, біріктірілген үкіметтік порталдарға кері байланыс модулін қалыптастырады. Ақпараттық-ком-муникациялық технологияларды пайдалану негізінде қызмет көрсету саласындағы австралиялық “Canberra-Connect” жобасының вебсайты арқылы онлайн режімде кәсіпорынды, автокөлікті тіркеу, коммуналдық қызметтер үшін төлем жасау, жұмыс іздеу, денсаулық сақтау, тағы басқа қызметтерді пайдалану жылдам атқарылады.
Елімізде азаматтар мен мемлекеттің өзара іс-қимылына негізделген “электрондық үкімет” тұжырымдамасы осыдан 14 жыл бұрын әзірленген болатын. Содан бергі уақыт аралығында мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру жақсарып, “бір терезе” қағидаты енгізілді. Алда проактивті форматта мемлекеттік қызметтер көрсетуді одан әрі жетілдіру, барлық қызметтерді ұялы телефондарға аудару секілді міндеттер тұр. Сервистік әкімдіктердің жұмыс істеу идеясы жаппай қолдау тауып, енді оның барлық рәсімін толық автоматтандыру жүзеге асырылады. Департамент өз кезегінде мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау жөніндегі уәкілетті орган ретінде мемлекеттік қызметтің барлық саласының жұмыс істеу қолжетімділігіне мониторинг жүргізеді. “Openspace” сервистік әкімдіктері мен фронт-офистері, көрсетілетін қызмет сапасы, корпорацияның қызметі, барлық мобильді сервистер мен олардың баламалы желілері осылайша бірізділендіріледі.
Еркін ЖАҚСЫЛЫҚОВ,
облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің
бас маманы.