Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингке қатысқан облыстық мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары Жанат Жұмабаев Президенттің жастар кадрлық резервіне іріктеу өңірде қалай ұйымдастырылып жатқаны жайлы баяндап берді.
Жанат Жеңісұлының айтуынша, резервте болу мерзімі 3 жылды құрайды. Оған жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі бар, еңбек өтілі кемі 5 жылды құрайтын кез келген адам қатыса алады. Бүгінге дейін 120-ға жуық солтүстікқазақстандық өтініш берген. Биылғы іріктеудің жаңалығы, үміткерлерге мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін растау талабы ұлттық стандарттарға сәйкес орташа деңгейден (В1) төмен болмауы керектігі енгізілген. Сонымен қатар бұл жолғы конкурстың бір айырмашылығы, басты мақсат бұрынғыдай білімді, дағдыларды анықтау емес, ойы ұшқыр кандидаттардың шынайы келбеті мен құндылық бағдарларын анықтауға бағытталған. Осыған байланысты, іріктеу кезеңдеріне ахуалдық міндеттерді шешу (эссе жазу және жобаны таныстыру орнына) және мінез-құлық сұхбаты (құзыреттілікті бағалау жұмысы шеңберінде) сияқты бағалаудың жаңа тетіктері енгізілген. Президенттік резервтегілер саяси мемлекеттік лауазымдарға, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына және «Б» корпусының басшы лауазымдарына тағайындалуы мүмкін.
Президенттің жастар кадрлық резервіне іріктеу күрделі сандық және мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау, ситуациялық тапсырмаларды шешу, сарапшылық комиссияда әңгімелесуден өту сияқты кезеңдерден тұрады. Әр кезеңде үміткерлердің көшбасшылыққа тән мінез-құлық, ұйымдастырушылық қарым-қабілет, проблемаларды көре білу, білімділігі, тапқырлығы, тағы басқа қасиеттері бағаланып, сараптамалық комиссия мүшелері ұпай саны бойынша жоғары нәтижеге жеткен кандидаттарды резервке алу туралы ұлттық комиссияға ұсыныс береді.
– Президенттің жастар кадрлық резервін қалыптастыру қағидалары Президент Жарлығымен бекітілген. Құжаттарды қабылдау 30 қыркүйекте аяқталады. Қазіргі таңда 119 солтүстікқазақстандық өтініш берді. Ақжар, Уәлиханов, Қызылжар аудандарының жастары өте белсенді. Ассесмент-орталық арқылы стратегиялық ойлау, проактивтілік, қызметті басқару, командалық көшбасшылық, сенімділік сияқты жаңа формациядағы көшбасшыларға тән бірқатар мінез-құлық құзыреттіліктерін анықтауға мүмкіндік бар, – деді Жанат Жұмабаев.
Махаббат САМРАТ,
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментінің бас маманы-баспасөз хатшысы.