Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Мағжан Жұмабаев ауданында болды.
Диқандар биыл 467,9 мың гектарға егін ексе, қазір дақылдардың 93,2 пайызы орылып, 83 пайызы бастырылды. Гектар беркелігі 11 центнерден айналуда. “Ноғайбай”, “Земля Возвышенки”, “Чистовское” серіктестіктерінде өнімділік жоғары. Биылғы жылдың ризығын шашпай-төкпей жинап алуға 755 комбайн, 295 тіркемелі жүк көлігі, 1219 трактор жұмылдырылған. Диқандар 6365 тонна жанар-жағармаймен қамтамасыз етілген.
Аудан әкімі Қайрат Омаров өңір басшысын әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен таныстырды. Жыл басынан бергі 8 айда жалпы өнім көлемі 47,4 млрд. теңгеге жуықтаған. 4,5 млрд. теңге инвестиция құйылған. Ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін жұмыскерлердің орташа айлық жалақысы – 146 мың теңге. 4,4 млрд. теңгеге 179 техника, соның ішінде 23 егіс кешені сатып алынған.
Құмар Іргебайұлы “Пальчик В.Т.” жеке кәсіпкерлігінің май зауытында болды. Кәсіпорын тұрғындарға сүт өнімдерінің 14 түрін ұсынады. Бағалары қолжетімді. Ең бастысы, жергілікті шикізаттан жасалатындықтан экологиялық таза. Сүт өнімдерін негізінен Нұр-Сұлтан, Петропавл қалаларының және ауданның тұтынушылары алады. Өндірістің тәуліктік қуаттылығы 45 тоннаға жетеді. Қазір мұнда түйіршіктелген сүзбе шығару цехының құрылысы жүргізілуде “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы бойынша алынған несиеге сүтті салқындататын генератор жүйесі іске қосылмақ.
Бұдан кейін Құмар Ақсақалов демікпемен сырқаттанған, яғни өкпе патологиясы бар науқастар және коронавируспен ауырып тұрғандарды оңалтуға арналған 30 орындық бөлімшенің жұмысымен танысты. Оңалту терапиясының басты мақсаты – науқастың денсаулығын мүмкіндігінше қалпына келтіру. Ашылғаннан бергі аз уақыт ішінде 148 адам емделіп шығыпты.
– “COVID-19” вирусын жұқтырған адамдарға медициналық сауықтыру шаралары өте қажет. Себебі коронавирус ағзаға айтарлықтай зиян келтіреді. Бұл – денсаулықты қалпына келтірудің бірден-бір жолы, – деген өңір басшысы физиотерапиялық емдеу түрлерінің әртүрлі әдіс-тәсілдерін қолдану тәжірибесін көрді.
Арман Уатаев жетекшілік ететін “Қызылжар МТС Агро” шаруашылығы егіншілікпен және төрт түлік өсірумен шұғылданады. Қазір 600 бас сауын сиырға шақталған тауарлы-сүт фермасы бой көтеруде. Кешенге “Елочка” сауу жабдығы орнатылыпты.
Облыс әкімі жұмыс сапары барысында Алтын дән ауылдық округіне қарасты Советское ауылына барды. Мұнда 1227 адам тұрады. Мектепте 183 оқушы білім алады. Шағын орталық, интернат жұмыс істейді. Ауылішілік су тарату желісін тартумен “Эталон Север Вод Строй” ЖШС-і айналысуда. “Еңбек” бағдарламасы бойынша оңтүстік өңірлерден қоныс аударушыларға арнап 10 баспана тұрғызылған. “STRONG SERVISE” ЖШС-і футбол алаңын пайдалануға беріпті. Ұзындығы 2 шақырым үш көше асфальтталған әрі жарықтандырылған. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі су тарату желілерін жаңартуға тапсырыс беріпті. 560,9 млн. теңге қаражат “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында бөлінген. Мұндағы Мәдениет үйі де қалпына келтірілуде.
Еркебұлан ЕЛУБАЕВ,
журналист.