Қазақ халқының ән өнері тарихында Біржан салдың есімі ерекше аталады. Өнер құдіретіне бас иіп, оған жан-тәнімен берілген, бар тірлігін әсем өнер жолына бағыштаған Біржан шығармашылығы қазақ ән өнерінің ең таңдаулы үлгісі болып есептеледі.
Біржан сал 1825 жылы наурыз айында Ғабит Мүсіреповтің туған ауылы Жаңажолдан 5 шақырым жердегі “Қожағұл бүркеуі” делінетін қалың орманды мекендеген Бертіс ауылындағы зергер Тұрлыбай Қожағұлұлының отбасында дүниеге келді. Руы – Керей. Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданына (қазір Біржан сал ауданы) қарасты Қожағұл бүркеуінде жерленген.
Біржан сал Қожағұлұлының шығармаларының шоқтығы биік. Оның әндері өзі өмір кешкен заманның неше алуан оқиғаларын, адамгершілік, ізгілік мәселелерін толғап, адам жанының нәзік қылын шертеді, жүректі лирикалық әсем сазға бөлейді. Біржан сал – патриархалды-феодалды заманның етектен тартқан ескілігіне, қарадүрсін заң жосығына, зорлықшыл ісіне, әлеуметтік әділетсіздігіне асқақ әндерімен, уытты жырларымен қарсы тұрған суреткер. Ардақты тұлғаның әлеуметтік әділетсіздікті паш еткен әнінің бірі – “Жанбота”.
Арқа жайлауының тамылжыған бір кешінде бас қосқан мәжілісте Біржан асқақтата ән шырқап отырады. Біржанды ырқына көндіре алмай, іштей кектеніп жүрген Азнабай болыс қаумалаған жұрттың Біржанға көрсеткен қошеметіне қатты ызаланып, бас бұзар шабарманын жіберіп, әнді тоқтаттырады. Елі мәпелеп алақанына салған, нәзік жанды Біржан алқалы жұртшылықтың алдында қорланғанына қатты жәбірленеді. Біржан өз елінің болысы Жанботаға мынадай сұмдықты істетіп отырған қатыгез, қанды шеңгел Азнабай болыс екендігін, мұндай тоғышарлыққа тыйым салыну керектігін өзінің “Жанбота” дейтін әнінде баяндайды. Бірден жоғары регистрден басталып, үдеп шырқалатын ән сал жүрегінде қайнаған ыза, кектің адамдық намыс отының лапылдаған жалынын соншалықты дөп басып баяндаумен бірге, зұлымдарға өздеріне тиісті үкімін де айтып тұрғандай әсер береді.
Азнабайдың содырлы сойқандығын Біржан ашына отырып, жеріне жеткізе, өңменінен өткізе баяндайды. Дәл сол сәттегі салдың шабыты жүрегінен тасқындап шыққан ашу-ыза кернеген әрі зар мен мұң аралас, шағым айтқан үнінен адам түгіл қара тас та жібігендей еді. Бірақ көңіл сарайына жылылықтың сәулесі түсіп көрмеген тоңмойын Жанбота болыс жібімеді. Қара басының қамы үшін әсем өнер мен адал жандарды құрбандыққа шалуға жүзі шімірікпейтін Жанбота болыс жылы сөз айтудың орнына Азнабайды құптап, Біржанды кінәлап ауыр сөз айтады. Бұл оқиғаның кездейсоқ емес, тамыры тереңде жатқан үлкен қоғамдық мәні бар екенін айқын түсінген Біржан өзінің “Адасқақ” дейтін әні арқылы Жанботаның Азнабайдан ешқандай айырмасының жоқтығын, сыбайлас содырлардың елді жалмап жатқанын, адамдық ар-ұяттан жұрдай екендігін әшкерелеп, ел алдында бетіне басып, оларға деген өзінің қарғысын тайсалмай естіртіп айтып кетеді.
Созады Біржан даусын қоңыр қаздай,
Басқаға бір өзіңнен жүрдім жазбай…
Бас қосқан мәжілісіміз болады деп,
Жанбота мазамды алды ала жаздай.
Айтады Біржан өлең ентелетіп,
Біржанды халқы қойған еркелетіп
Есерге поштабайдай көз алдыңда,
Біржанды қоймақ па едің желкелетіп!
Осылайша өзінің жан күйзелісін қамыға баяндап, арыз айтып, мұңын шаққандай болып басталатын бұл ән бірте-бірте шарықтап, шырқау биігіне жеткенде адамның сезімін дүр сілкіндіреді. Әннің дауыс өрнегімен “ха-ли-лай-лай” деп ашына асқақтата шырқалатын жерінде тыңдаушының тынысын тарылтып, зығырданын қайнатып, жігерін жанығандай болады. Әннің міне дәл осы шырқау биігіне оның түпкі мәнін айқын аңғартып тұрғандай, сөзбен түсіндіруді қажет етпейтін айқын ақиқат тәрізді.
Өмірден өгейлік көріп, есе-теңдіктен мақрұм болған елдің мұң-мұқтажына өзінің бар өмірі мен өнерін бағыштаған, әділдік пен зұлымдықтың кескілескен тартысында асқақ өнерін жауларына семсер етіп жұмсаған Біржан өмірі мен жүрген жолы шым-шытырман, нағыз қауіп-қатерге толы еді. Дұшпандардан оған атылған оқ аз болмады. Зұлым жаулардың атқан оғы салдың сыршыл нәзік жанына айықпас жара салғанымен, оны алған бетінен, өзі өмірден қалап алған өнер жолынан, әділет жолынан тайдыра алмады.
Біржан өнері – мәңгі өлмейтін өміршең. Өйткені Біржан жырлаған ізгілік пен кіршіксіз таза махаббат, адал адамдық қасиеттер, ол көксеген асыл арман бүгінгі біздің Тәуелсіздігіміздің сыр пернесімен астасып жатыр. Сондықтан Біржан есімі қазақ өнер тарихының ең таңдаулы беттеріне алтын әріппен жазылды.
Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,
күйші.
Жанбота осы ма еді өлген жерім?
Көкшетау боқтығына көмген жерің?
Кісісін бір болыстың біреу сабап
Бар ма еді статьядан көрген жерің?
Жанбота өзің – болыс, әкең – Қарпық,
Ішінде сегіз болыс шенің артық
Өзіңдей Азнабайдың поштабайы,
Қолымнан домбырамды алды тартып.
Тартса да, домбырамды бергенім жоқ,
Есерді поштабайдай көргенім жоқ.
Қамшымен топ ішінде ұрып еді,
Намыстан, уа, дариға өлгенім жоқ…