Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда “Жер–2021” халықаралық командалық-штабтық оқу-жаттығу іс-шарасы өтті. Бұл шараға азаматтық қорғау құралымдарының өкілдері қатысты.
Оқу-жаттығу барысында Алматы облысында жойқын жер сілкінісі салдарынан туындаған төтенше жағдайды жою кезінде азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдары мен күштерінің іс-қимылдары пысықталды. Осындай қауіпті төтенше жағдайлар кезінде еліміздің әрбір өңірінен апаттық-құтқару және іздестіру жұмыстарын жүргізу, табиғи катаклизмнің салдарын жедел жою үшін күштер мен құралдар тартылады. Біздің өңірден де ондай шараларға 230 бірлік техника және жеке құрамнан 1252 адам жұмылдырылады. Олар пойыздармен және автомобиль көліктерімен жіберіледі. Облыстың күштері мен құралдарын топтастыру жер сілкінісі болуы мүмкін аймақта 14 тәулік бойы автономды режімде жұмыс істеу үшін барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етілген.
Оқу-жаттығу шеңберінде шұғыл жиынтық жасағын құру, шатырлы лагерьді және зардап шеккендерді қабылдау пунктін жаю, жер сілкінісі ауданына автоколоннаны жылжыту және теміржол платформаларына инженерлік техниканы тиеу бойынша бес тәжірибелік іс-шара пысықталды.
– Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдардың, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің, шаруашылық жүргізу нысандары мен құралымдарының жедел сипаттағы міндеттерді шешудегі, Қазақстан Республикасының жер сілкінісінен зардап шеккен аудандарына күштер мен құралдарды дайындау және жөнелту жұмысының үйлесімділігі мен тиімділігіне баға берілетін болады, – деді департамент бастығының орынбасары, подполковник Мұрат Қанғожинов.
Әсел СҮЙІНДІКОВА,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің төтенше жағдайды жою бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты.