Кәсіпкерлер палатасы жанындағы “Атамекен-Қызылжар” микроқаржы ұйымы “Бастау Бизнес” жобасы бойынша оқыған және тиісті сертификат алған азаматтардың жобаларын қаржыландыру үшін құрылған. Биыл “Бастау Бизнес” түлектерінің жобаларын қаржыландыруға республика ауқымында 22,5 млрд. теңге бөлініп отыр. Соның ішінде 2 млрд. теңге Солтүстік Қазақстан облысына бағытталған. Бұл қаражат “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” және “Атамекен-Қызылжар” микроқаржы ұйымы арасында теңдей бөлінеді.
– 2017-2020 жылдар аралығында Солтүстік Қазақстан облысы бойынша оқу курсына 7050 адам қатысты, соның ішінде оқуды аяқтағаны туралы сертификатты 5135 адам алған. Олардың 1410-ның жобасы қаржыландырылды. Енді тағы 3000 адамның жобаларына қаржыландыру қажет. Сондықтан “Атамекен” “Бастау Бизнес” жобасы бойынша білім алған азаматтардың ғана жобаларын қаржыландыруды жүзеге асыратын микроқаржы ұйымын құру бастамасын көтерді, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Әлібек Ашметов. Биыл палата өңір бойынша 770 азаматты оқытты, олардың басым бөлігі бизнес-идеяларын жүзеге асыруға қаржы алды.
Жаңа микроқаржы ұйымы алғашқы өтінімдерді қабылдай бастады. “Атамекен Қызылжар” микроқаржы ұйымының директоры Нағашыбай Күркеновтің айтуынша, кәсіпті енді бастағысы келетін азаматтарға несие алу үшін бизнес түрлері бойынша шектеу қойылмайды.
– “Бастау Бизнес” түлегі кез келген кәсіп түрін ашуға жылдық 6 пайызбен 5 жылға, ауыл шаруашылығы саласында 7 жылға несие ала алады. Осы ретте біз жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскелерін және жылжымайтын мүлікті сатып алу, кредиттік берешекті қайта қаржыландыру, бұрын алған кредиттерді өтеу, сондай-ақ тұтынушылық мақсаттар бойынша жобаларды қаржыландырмаймыз, – деп атап өтті Нағашыбай Күркенов.
“Бастау Бизнес” түлегі микронесие алуға өтінім беру үшін өтініш пен клиент анкетасын толтырып, жіберуі керек. Сонымен қатар кәсіпкерден заңды тұлғаны немесе жеке кәсіпкерлікті тіркеу туралы куәлік, өтініш берушінің жеке куәлігі, несие тарихы, банктер және салық органдарында берешектің жоқ екені туралы анықтамалар, кепілді қамтамасыз ету жөніндегі құжаттар талап етіледі. “Несие алуға өтінім беру үшін ауыл тұрғындары кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалдарына “Бастау Бизнес” жобасын сүйемелдеу бойынша кеңесшілердің көмегіне жүгіне алады”, – дейді “Атамекен Қызылжар” микроқаржы ұйымының директоры Нағашыбай Күркенов.
Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.