ХХ ғасырдың басына дейін қолданылған араб жазуы қазақ тілінің дыбыстық жүйесін толық бере алмады, оның түркі тілдеріне жарамсыздығы мен кемшін тұстары көп болды. Атап айтатын болсақ, бір ғана дыбысты жазу үшін бірнеше әріп пайдаланылды, оның бірі сөз басында, екіншісі сөз ортасында, үшіншісі сөз соңында және жеке тұрғанда басқаша таңбаланды. Сөзді жазғанда оның тек қана дауыссыз дыбыстары тізіліп, дауыстылары жазылмаған соң сөздің мағынасын айыру қиынға соқты. Жазба тілдің құрамында араб, парсы, мағынасы түсініксіз ескі тілдердің сөздері көп қолданылды.
Міне, осы көзқарастарды өз мақсаттарына шеберлікпен пайдаланған Н.И.Ильминский бастаған миссионерлер араб жазуының кемшіліктерін сынай отырып, қазақ жазуын бірден орыс графикасына көшіру идеясын уағыздай бастады. Олар түркі халықтары жазуына орыс алфавитін енгізу арқылы екі қоянды бір оқпен өлтіруге болатынын: біріншіден, оларды мұсылман дінінен айырып, православие дініне көшіруге, екіншіден, орыс графикасы арқылы біртіндеп тілінен айыруға болады деп есептеп, бұл әлеуметтік мәселеге ерекше мән берді.
Бұл құйтырқылықтардың әлеуметтік саяси астарын терең түсіне білген Ахмет Байтұрсынұлы: “Қазақты дінінен айыруға болмаса, жазуынан да айыру болмайтын жұмыс. Дінмен байланысқан жазу дін жоғалмай, жоғалмайды”, – деп жазды. Ол тек өз көзқарасын білдіріп қана қоймай, 1910 жылдан бастап, араб жазуын қазақ жазуына ыңғайластыруды қолға алды. 1912 жылдан бастап қолданысқа енгізді. Сөйтіп, реформаланған қазақ графикасы дүниеге келіп, 1924 жылы Орынборда өткен қырғыз-қазақ білімпаздарының тұңғыш құрылтайы оны ресми түрде қабылдады. Бұл әліпбиді халық “төте жазу” деп атаса, сол кездегі орыстың белгілі ғалымы, профессор Е.Поливанов бұл жазуды “Байтурсыновский алфавит” дей отырып, “…енді түзетуді қажет етпейтін, тарихи тұрғыдан алғанда кемелденген, жетілген ұлттық графика”, – деп ғылыми тұрғыда жоғары бағалады. Ал бұл жазудың нағыз ғылыми бағасын танытып, Ахмет Байтұрсыновтың ұсынған жазуы мен әліпбиінің құдіреттілігі мен тылсым сырын ашып, оның жазуы әлемдік деңгейдегі ғылыми жаңалық болғанын еліміз егемендік алғаннан кейін қорғаған докторлық диссертациясында ташкенттік ғалым Махамбет Жүсіпұлы жан-жақты дәлелдеп бергені көпшілік қауымға белгілі жай. Сондықтан Ахмет Байтұрсыновты қазақ әліпбиін тұңғыш реформалаушы және соған сәйкестендіріп, емле ережелерін құрастырушы, қазақ жазуы мен әліпбиінің тағдырын шешкен ғұлама ғалым деп білеміз.
Ұлт ұстазы бір халықтың әліпби жүйесін екінші халық қабылдағанда оны өз тіліне икемдеп, үйлестіру қажеттігін, өйтпеген жағдайда әріп мәселесінің дұрыс шешім таппайтынын ескертті. Ақаңның әліпбиі бір дыбыс – бір әріп қағидасын қатаң сақтады. Қазақтың 28 төл дыбысы нақтыланып, таңбаланған әліпбимен оқу оңай, жазу жеңіл болды. Жат дыбыстар болмаған соң кірме сөздер қазақыланып, қолданысқа тез еніп отырды.
Алайда ХІХ ғасырда басталған орыстандыру саясаты өз дегеніне жетті. Халықты Ахаңның төте жазуынан айырып, 1929 жылы уақытша латынға, кейін 1940 жылы қазақ зиялыларын қырып болғаннан кейін кирилл жазуына ауыстыра салды. Қазақ жазуының негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлының айтып кеткен ескертулері жайына қалды. Қазақ әліпбиіне ұлтымызға жат әріптер мен дыбыстар енгізілді. Бірінші ұлттық акцентін, одан ұлт тілін жою қарқын алды. Уақыт өте сол саясаттың құрбандары қазақ тілінде сөйлеуге тілдері келмей, ана тілінен безіне бастады.
Араб жазуына енді қайтіп келмейтініміз белгілі. Алайда ушыққан жағдайды қазақ жазуына реформа жасамай, түзету қиынға соғары белгілі. Тіліміздің жалғыз емі – латын графикасына ауысу екендігін лингвист ғалымдар жақсы түсініп отыр. Бүгінгі талқыланып жатқан латын негізіндегі қазақ әліпбиі Ахмет Байтұрсынұлындай дара тұлғаның өсиетін, қалдырған мұрасын, ұстанған принциптерін басшылыққа алып жасалып жатқандығы қуантады. Біздің заманымыз – жазу заманы. Ауызбен сөйлесуден гөрі жазу жоғары тұрған заман. Ұлттық келбетіміз бен болмысымыз, салт-санамыз бен дініміз жазуға тәуелді. Тіліміздің орынсыз шұбарлануына жол бермей, абыройын бірге асқақтата білейік.
Орал ЖАНАТОВ,
Солтүстік Қазақстан облыстық тілдерді оқыту орталығы басшысының орынбасары.