Маусым айында “Петропавл халықаралық әуежайы” АҚ-ның 109 жұмысшысына еңбекақы бойынша қарызы шамамен 30 млн. теңгеге жеткен еді. Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мирхат Әбілмәжіновтің айтуынша, әуежай жұмысшыларының еңбекақы бойынша қарызын банкроттық басқарушы шілде-тамыз айында толық өтеді.
– Бүгінде әуежайдың барлық дүние-мүлкі, оның ішінде ұшу-қону жолағы, рулеж жолдары, әуекемелерінің тұрағы, жолаушылар терминалы мен барлық арнайы техника республикалық меншіктен Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің коммуналдық меншігіне өтіп, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары басқармасының балансына алынды. Осылайша әуежай жабылған жоқ. Авиациялық апаттық-құтқару қызметтеріне, санитарлық авиацияға, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы, Түркістан қалаларына ұшуға болады. Әуежай жұмысын жандандыру үшін қазіргі уақытта инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп жатыр, – дейді Мирхат Әбілмәжінов.
Басқарма өкілінің айтуынша, 2021-2025 жылдарға арналған Солтүстік Қазақстан облысын дамыту жоспарына сәйкес әуе бағыттарының саны көбейтілмек. Жоспар бойынша ұшақтар Алматы қаласына аптасына 3 рет, Нұр-Сұлтанға күнделікті, ал Түркістанға аптасына екі рет ұшатын болады.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.