«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЖАРЫ АРТА ТҮССІН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл – еліміз үшін мерейлі жыл, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтеміз. Ата-бабаларымыздан аманатқа қалған қасиетті жерімізді одан әрі гүлдендіруге әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз керек.

Мен Булаевода мектеп бітіріп, құр­метті демалысқа шыққанға дейін осында жұмыс істедім. Осы жылдар ішінде қалада көптеген өзгерістер болды. Мұндағы кезіндегі мінсіз тазалық, Волга өңірінен күштеп қоныс аударылған немістердің ұқыптылығы әлі есімде. Олардың үйлерінің айналасы мұнтаздай еді. Біз соларға қарап үлгі алдық. Сенбі күндері бәріміз бірге арықтарды тазалап, үй маңайын, көшені сыпырып, қоқыстарды өртедік. Уақыт ағымымен елді мекен де өзгерді. Тың игерушілер мен еріктілер үшін жүк тиеу базасы, мектептер мен балабақшалар ашыл­ды, су құбыры тартылды. 1966 жылы қала мәртебесі беріліп, абаттандырудың жаңа кезеңі басталды – үйлер тұрғызылды, кәсіпорындар мен ұйымдар пайда болды.

Тоқсаныншы жылдардағы экономи­калық тоқырау кезінде қала құлдырап, тұрғындар көптеп көшіп кеткендіктен үйлер қаңырап бос қалды. Осындай қиын кездерді де бастан өткердік. Егемендіктің арқасында қазір қала қайта қалпына келтірілуде, көшелерді абаттан­дыру және жарықтандыру, жолдарды жөндеу, балалар алаңда­рын салу жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен бүгінгі кей тұрғындар­дың енжарлығы қынжылтады. Барлық жұмысты әкімдік істеп беретіндей көреді, тазалықты сақтау үшін өздері саусақ қимылдатқысы келмейді. Сенбіліктерде негізінен қарттар мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері көшеге шығады. Бұл іске жастарды тартып, еңбекке баулыса артық болмас еді.

Шағын және орта бизнес – экономиканың негізгі тірегі дейміз ғой. Жеке кәсіпкерлікпен айналысатындардың көбейгені қуанышты жағдай. Сол кәсіпкерлер өздеріне тиесілі аумақты таза ұстаса, қаламыздың ажары арта берері сөзсіз.

Қала мектептеріне биоотынмен жылытылатын қазандықтар орнатылып жатқанын көрдім. Өзге өңірлерден қоныс аударушыларға арналып үйлер салынуда, “Достық” саябағы қайта қалпына келтірілді. Осы игі істердің бәрі сүйікті қаламызды көркейтуге бағытталғаны қуантады.

Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа нық қадам жасау – еліміздің табысты дамуының кепілі.

Балқия ӨТЕУЛЕНОВА,

Булаево қаласының тұрғыны.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp