«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚЫН МҰРАЖАЙЫ – КИЕЛІ ОРЫН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ерік Көжекпаев ағамыз 1989 жылы Сарытомар орта мектебі­нің бір бөлмесінде ақын Мағжан Жұмабаевқа арнап шағын музей ұйымдастырған болатын. Кейін еліміз егемендік алып, Алаш ардақтыларының асыл есімдерін ұлықтау басталған кезде бал қарағайдан төрт бөлмеден тұратын музей салынды. Кейін кеңшар орталығына белгілі мүсінші Азат Баярлин жасаған поэзия пайғамбарының ескерткіші орнатылғанды. Ақынның 110 жылдық мерейтойы қарсаңында жұртшылық тілегін ескере отырып, бұл ескерткіш Мағжан Жұмабаев музейінің алдына көшірілді.

Ақынның қилы тағдырынан сыр шертетін құнды жәдігерлер топтастырылған мұражай Сол­түстік Қазақстан облыстық әкімдігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің қарамағына алынып, коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын болып тіркеліп, күрделі жөндеу жүргізілді. Заман талабына сай экспозициялық және мемориалдық залдар жаңартылып, 2008 жылы 21 маусымда Мағжан Жұмабаевтың 115 жылдық мерейтойы қарсаңында салтанатты түрде ашылды.

Мағжан Жұмабаев музейінің экспозициясы ақынның өмірі, шығармашылығы, әдеби мұрасы, қызметі негізінде құрылған. Бүгінде “Мағжан – ел есінде” тақырыбы бойынша зерттеулер жалғастырылуда. Қазақтың ақиық ақынының өмірі, қызметі, шығармашылығына байланысты ауылымыздың тұрғындарынан, туысқандарынан, еңбегін бағалап, зерттеу жұмыстарын жүр­гізген қызметкерлерден қосым­ша ақпараттар жинастыру жүргізілуде.

Музей өлкетану жұмыстары арқылы өскелең ұрпақтың азаматтық, патриоттық сезімдерін қалыптастыру, атамекеніне, туған жеріне, өскен ортасына, тарихына қызығушылықтарын арттыру негізінде жұмыс жүргізуде. Экспозициялық залда ақынның 1922 жылы Ташкентте басылып шыққан “Педагогика” кітабын, Омбы қаласындағы мұғалімдер семинариясының 1914-1916 жылдардағы бір сыныптан екінші сыныпқа көшу хаттамаларын, Мағжанның 1920-1922 жылдары жұмыс істеген кездерін куәландыратын құжаттарды, 1922 жылы 20 тамызда Көкшетау болысына барғанда жазған баяндамасы қойылған. Музейге әкеліп тапсырған жәдігерлердің ішінде ең құнды да, қымбаттысы – 1923 жылы Ташкент қаласында басылып шыққан өлеңдер жинағы. Зылиха апамыз 70 жыл сақтап, ақынның туған жеріндегі музейге табыс еткен еді.

Мағжанның алғашқы “Шолпан” кітабының көшірмесін 2020 жылы облыстық мұрағат басшысы Сәуле Мәлікова музейге сыйға тартқан болатын. Мұражайдағы 1932 жылғы патефон, Бекен әулетінен сақталған 1929 жылғы қара кереует пен сырмақ – ең құнды жәдігерлер қатарын­да. Кереуетті 1993 жылы Елтай Қақабаев табыс еткен. Зылиханың былғарыдан тігілген мәсісі, бөртпе шәлісі, Мағжанның атасы Жұмабай қажылыққа барғанда әкелген көне Құран кітап және Жұмабаевтар отбасы тапсырған жайнамаз да музей төрінен орын алған.

Айгүл ЖҮНІСБАЕВА,

Мағжан Жұмабаев музейінің директоры. 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp