Нұр-Сұлтан қаласында 22-24 қыркүйек күндері Қазақстан машина жасаушыларының “Kazakhstan Machinery Fair – 2021” IX халықаралық форумы өтті.
Форум аясында “Өңдеу өнеркәсібінің апталығы” көрмесі ұйымдастырылды. Солтүстік Қазақстан облысының атынан бұл көрмеге “С.М.Киров атындағы зауыт”, “Мұнаймаш”, “Alageum Electric”, “Петропавл трактор зауыты”, “Солүстік фанера комбинаты”, “Cool Infinity” сияқты өңіріміздің ірі кәсіпорындары өнімдерін қойды.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының қызметкерлері “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағының мамандарымен бірлесіп, инвестиция тарту және іскерлік байланыстар орнату мақсатында кездесулер мен келіссөздер өткізді, облысымыздың өнеркәсіптік және инвестициялық әлеуеті туралы ақпараттар берді.
Петропавл трактор зауыты машина жасаушылар форумында трактор және ауыл шаруашылығы, кен өндіру салалары үшін шығарылатын өз өнімдерінің тұсаукесерін ұйымдастырды.
“Солтүстік фанера комбинаты” кәсіпорында шығарылатын ламинатталған фанераларын көрсетті. Кездесулердің қорытындысында комбинаттың өнімдерін сатып алуға алдын ала келісімдер жасалды.
“Мұнаймаш” зауыты штангалық бұрғыма сорғысы, тербелісті гидравликалық тежегіш, механикалық пакер, айналмаға қарсы зәкір, кілттік тірек сияқты мұнай өндіру және темір жол көлігі салаларына қажетті өнімдерді келушілердің назарына ұсынды.
“С.М.Киров атындағы зауыт” акционерлік қоғамы “ZIK-Computers” компьютерлік өнімдер топтамасын, баспа платаларын, моноблок, “ZIK” телекоммуникациялық шкафын, сондай-ақ нысандар мен аумақтарға рұқсатсыз кірудің алдын алуға арналған “ZIK-СКУД” бағдарламалық-аппараттық кешенін көрмеге қойды.
“Cool Infinity” компаниясы тез бұзылатын, азық-түліктік және азық-түліктік емес жүктерді тасымалдауға арналған изометриялық вагон-термос пен автономды рефрижераторлық вагон үлгілерінің тұсаукесерін өткізді.
Көрме барысында Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі, “Солтүстік фанера комбинаты” және “Kazakh Invest” ұлттық компаниясы арасында жылына құны 4 млрд. теңге болатын 50 мың текше метр фанера өндіру бойынша үшжақты меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар Ресей Федерациясының Свердлов облысы мен Башқұртстан республикасының өкілдерімен ынтымақтастық туралы келіссөздер жүргізілді.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.