Токио Олимпиадасынан кейін Қазақстан боксы құрдымға кетіп бара жатқандығы жайлы түрлі әңгімелер айтылып жатыр. Осы саланың басы-қасында жүрген мамандар мен көптеген жанкүйерлер тарапынан айтылған сынды біз орынды деп есептейміз.
Осыған дейінгі Олимпиада ойындарының бірде-біреуінен бас жүлдесіз оралмаған, тіпті үнемі үздіктер қатарынан көрініп жүрген былғары қолғап шеберлеріміз күншығыс елінде оңбай сүрінді. Барша жұрт бес жыл бойы тағатсыздана күткен ғаламдық додадан еліміздегі №1 спорт түрі өкілдерінің небәрі екі қола медальмен оралуы көңілімізге кірбің түсіргені рас.
Жапонияның астанасында өткен жарыс Қазақстан боксында қордаланып қалған біраз проблеманың бар екенін байқатты. Ең бірінші кезекте, дайындық жұмыстары дұрыс жүргізілмеді деген ыңғайда әңгімелер айтылды.
Спортшылар жыл оны екі ай оқу-жаттығу жиындарында болады, одан қалса көптеген жарыстарға қатысады. Оның арасында керегі де, керексізі де бар. Мәселен, жігіттерімізді дәл Олимпиада ойындары қарсаңында ұйымдастырылған Азия чемпионатына қатыстырудың қандай қажеті болды? Соның кесірінен боксшылар күншығыс еліне шаршап барды. Екіншіден, ұлттық құрама бапкерлері акклиматизация мәселесіне дұрыс мән бермеген. Яғни осы спорт түрінің басы-қасында жүрген мамандар жергілікті жердің ауа райына дұрыс бейімделу жағын мүлде қарастырмаған. Үшіншіден, ұлттық құрама дұрыс жасақталмады. Осы орайда жанкүйерлер шау тартқан Василий Левит пен Зәкір Сафиуллиннің орнына жастарды апару қажеттігін, Абылайхан Жүсіповті Асланбек Шымбергеновпен, ал Әбілхан Аманқұлды Тұрсынбай Құлахметпен алмастырған жөн екендігін алға тартты.
Жапон жерінде жуан жұдырықты жігіттеріміз өз жанкүйерлерін жерге қаратқанын республика бокс федерациясының басшылығы іштей болса да мойындады. Себебі арада біраз уақыт өткеннен соң ұлттық құраманың бас бапкерлері алмастырылды. Ғалымбек Кенжебаевтың орынына Қайрат Сәтжанов және Ерік Алғабектің орнына Шәміл Сафиуллин келді. Енді олар Қазақстан боксын бұрынғы деңгейіне көтеру үшін барынша күш салады деп үміттенеміз.
Иә, Қазақстан боксында қордаланып қалған мәселелер аз емес. Ғаламдық додадағы сүреңсіз өнерімізді айтпағанда, команданың ішкі ахуалы да бұзылған. Бір ғана мысал, осыдан біраз уақыт бұрын танымал боксшы Ангелина Лукас “Instagram” арқылы еліміздің ұлттық құрама бапкерлері және командалық әріптестері тарапынан теперіш көріп отырғаны жайында жазды. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ангелина Лукас өзінің постында “Назым Қызайбай маған күн көрсетпей жүр. Ол ұлттық құрамадағы барлық қызды уысында ұстап, маған үнемі қарсы қояды. Ол аз десеңіз, боксшы қыздар темекі шегіп, спирттік ішімдік ішеді. Ал мен ондай жат қылықтардан бойымды аулақ ұстауға тырысамын. Сол себепті де әріптестерімнің көбі менен теріс айналды”, – деп жазды. Сонымен қатар ол Қызайбайды “рұқсат етілмеген дәрі-дәрмектерді пайдалануы да мүмкін” деп айыптады. Жоғарыдағыдай жанжал шыққаннан кейін еліміздің бокс федерациясының вице-президенті, мемлекеттік жаттықтырушы Бақтияр Артаев пен аталған ұйымның атқарушы директоры Марат Мықтыбеков Алматының іргесінде орналасқан АИБА-ның базасына арнайы атбасын бұрды. Лукастың айтуынша, лауазымды тұлғалар және әйелдер құрамасы мүшелерінің қатысуымен өткен жиналыс 12 минутқа созылған. “Олар істің ақ-қарасын анықтауға бас қатырып жатпады. Осындай даулы жағдайдың туындауына мені және жеке бапкерімді кінәлаумен шектелді. Соңында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың мені ұлттық құрамадан шеттету жөніндегі бұйрығын оқыды. Бірақ олардың бұл әрекеті заңға қайшы. Мені командадан шеттетуге еш негіз жоқ. Барлығы да Қызайбайдың айтқанынан шықпай, менің уәжіме мүлде құлақ аспады”, – деп жыларман болды.
Ал федерациядағылар, керісінше, Ангелина Лукас жауапты жарыста Назым Қызайбайдан жеңілгеннен кейін түрлі қитұрқы әрекеттерге барып отыр деген уәжді алға тартуда. Команда мүшелері арасында іріткі салғаны былай тұрсын, жеке бапкерімен бірге командалық әріптесі әрі басты қарсыласының бөлмесінің алдына дуаланған тұз сеуіп кеткен. Олардың осы сөздерді дәлелдейтін айғақтары да бар көрінеді. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, ұлттық құрама сапындағы қыздардың дені Назым Қызайбайды қолдайтын сыңайлы. Олар Ангелина Лукас спорттық этиканы сақтамай, командадағы ішкі ахуалды ушықтырып отыр дейді.
Танымал боксшы Бақыт Сәрсекбаев осы мәселені одан әрі қарай ушықтырмай, әділ жолмен шешудің бір ғана жолы бар дейді. “Ол үшін есімдері аталған былғары қолғап шеберлерін шаршы алаңға шығару керек. Мен Ангелина Лукасты дайындайын, Бақтияр Артаев Назым Қызайбайды дайындасын. Содан кейін екеуін жұдырықтастырайық. Кім жеңсе, алдағы жауапты жарыстарға сол барсын. Ушығып тұрған мәселені шешудің ең әділ жолы осы. Одан кейін ешкімнің де реніші болмайды”, – деп есептейді Бейжің Олимпиадасының жеңімпазы.
Бұл дау-дамай, ринг сыртындағы “бокс” бүгінгі таңда елімізде аталмыш спортқа үлкен реформа, жаңаша көзқарас, жаңа буын, жаңа леп қажеттігін аңғартады. Әлемдік тәжірибеге, ғылымға сүйенуіміз керек. Тек сонда ғана еліміздегі №1 спорт түрінің тасы қайта өрге домалайды.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН.
СУРЕТТЕ: А.Лукас пен Н.Қызайбай.