«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СҮТ ФЕРМАЛАРЫН САЛУДАҒЫ СОНЫ ТӘЖІРИБЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстік Қазақстан облысы – ауыл шаруашылығы үшін, соның ішінде ет-сүт өндіруге қолайлы өңір. Қазіргі күні облысты дамытудың кешенді жоспары аясында аудандарда тауарлы-сүт фермалары құрылуда. Солтүстік Қазақстан облысының сүт фермаларын салудағы соны тәжірибесі жайында Президент жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингінде айтылды.

Аққайың ауданындағы “Иван Зенченко” жауапкершілігі шектеулі серіктегіне қарасты заманауи мал өсіру кешенінің аумағында өткен шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов, “Дайындық – Агро” ЖШС-нің директоры Біржан Шаймерденов және “СК АГРО” ЖШС-нің құрылтайшысы Анатолий Рафальский қатысты.

Марат Иманбайұлы өңірдегі ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Ең басты міндет – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, экспорттық әлеуетті артыру.

– Өңірімізде жайылым жер жеткілікті. Қазіргі күні 432 мың ірі қара, 460 мың қой-ешкі, 5 миллионға жуық құс бар. Жыл сайын 600 мың тонна сүт өндіреміз. Бұдан да көп өндіруге өңірдің әлеуеті жетеді. Сүт өндіретін 100-ден астам шаруашылық бар. Ең ірі деген 21 мал шаруашылығы кешенінің 12-сі соңғы 3 жылда салынды. Бұл – толықтай цифрландырылған фермалар. Облыста биыл тағы 16-сының құрылысы жүріп жатыр. Мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіліп жатыр. Демеуқаржы бөлінеді, – деді Марат Тасмағанбетов.

Облыс әкімінің бірінші орынбасарының айтуынша, 2025 жылға дейін өңірде 52 заманауи сүт фермасы тұрғызылып, жылына 1 миллион тонна сүт өндірілетін болады. Өңірдегі сүт өнімдерін өңдейтін зауыттар да жаңғыртылып, өндіріс көлемін арттыруда. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта тоқтаусыз жалғаса бермек.

Баспасөз мәслихатында сөз алған заманауи сүт фермаларының басшылары өз тәжірибелерімен бөлісті.

– Ауыл шаруашылығын дамытудағы басым бағыттардың бірі – мал шаруашылығы болып табылады. Біз бұрын да шаруашылықта ірі қара, қой мен жылқы ұстағанбыз. Соның арқасында ауылдастарымыз жыл бойы жұмыспен қамтамасыз етілуде. Соңғы жылдары сүтті мал шаруашылығын дамытуға ерекше назар аудара бастадық. Бар малды Дайындық ауылында ұстайтынбыз. 2019 жылдың желтоқсан айында Ленин ауылында 600 басқа арналған жаңа сүт кешенін салдық. Бұл сүт кешені жоғары технологиялық жабдықтармен жарақтандырылған. Заманауи мал қоралары бар. “Елочка” сауу қондырғысы орнатылды. Автриядан Симменталь тұқымды ірі қара әкелінді. Жобаны іске асыруға 1,4 млрд. теңге инвестиция салынды. Бүгінгі таңда сүт кешені толық қуаттылығында жұмыс істеуде. Бір сиырдан күніне орта есеппен 20 литр және одан да көп мөлшерде сүт сауамыз. Күн сайын шамамен 8 тонна сүтті Петропавл қаласындағы өңдеуші кәсіпорынға өткіземіз, – деді Біржан Шаймерденов.

Фермерлердің айтуынша, ауыл шаруашылығын дамыту – ауылдарды дамытуға тікелей әсер етеді. Жол салынады, әлеуметтік нысандар ашылады. Елді мекендерде жұмыс болса, тұрғындары да қалаға қарай ағылмай, жұмысын да істеп, алаңсыз өмір сүреді. Сондықтан заманауи тауарлы-сүт фермаларының көптеп салынуы алтын бесік ауылды сақтап қалуға ықпал ететін игі істердің бірі.

Сағындық МАУҒАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp