Жыл басынан бері өңірде жол-көлік оқиғаларынан 3 бала және 28 жасөспірім көз жұмды. Мұндай қайғылы фактілерді болдырмау мақсатында Петропавлдағы облыстық қуыршақ театрының әртістері патрульдік полиция қызметкерлерімен бірге бастауыш сынып оқушыларына жол жүру ережелерін түсіндірді.
Шара “Назар аударыңыз, балалар!” деген атаумен шағын спектакль түрінде өтті. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл жоспарлы акция өңірдің барлық мектептерін қамтымақ. Қауіпсіздік сабақтарының бірі қаладағы №2 орта мектепте ұйымдастырылды. Қуыршақ театрының әртісі балаларға Сергей Михалковтың шығармасының кейіпкері “Степа ағай” кейпінде келіп, жаяу жүргіншілер білуге міндетті қауіпсіздік ережелер туралы айтып берді.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.