Аққайың ауданындағы Қиялы ауылында жыл соңына дейін 632 сиырға арналған тауарлы-сүт фермасы ашылады. Жұмыс сапарымен ауданға барған облыс әкімі Құмар Ақсақалов алдымен осы кешеннің құрылысымен танысты. Жобаның жалпы құны 3,7 млрд. теңге. “Гагарин” ЖШС-нің директоры Марат Қарымсақовтың айтуынша, серіктестік жылына 3000 тонна сүт өндіруді жоспарлап отыр.
– Ферма 5 корпустан тұрады. 316 басқа арналған қора, сауын кешені, төлдейтін орын және бұзауларға арналған корпус болады. Біз Германиядан Голштино-фриз тұқымды ірі қара алмақпыз. Қазіргі кезде 4600 тонна жемшөп дайындап қойдық. Бұл мал өсірудегі алғашқы тәжірибеміз. Бірақ қолымыздан келеді деген ойдамын, – дейді Марат Қарымсақов.
Облыс әкімі мемлекет қолдау көрсететінін қадап айтты. Мұндай жобаларға демеуқаржы беріледі. Ең бастысы, жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылмақ.
– Техника сатып алғандарға құнының 50 пайызы, қондырғыларға 25, құрылысқа да 25 пайыз көлемінде демеуқаржы бөлінеді.
Ал шетелдерден асыл тұқымды мал әкелсе, әр сиырға 40-тан 50 пайызға дейін субсидия беру қарастырылған. Оған бюджетте қаржы жеткілікті. Ел бойынша 30 тауарлы-сүт фермасы салынса, соның тең жартысы Солтүстік Қазақстан облысына тиесілі, – деді Құмар Іргебайұлы. Ферманың инженерлік-коммуникациялық желілерін тартуға жергілікті әкімдік тарапынан көмек көрсетіледі. Яғни жарық пен су беріліп, жол салынады.
Жол демекші, іргелес жатқан Шағалалы ауылында биыл 12 көше жөнделмек. Асфальт төсеп, елді мекен ішін қалпына келтіруге бюджеттен 141 миллион теңге бөлінген. Мердігер компания – “ВТВ-Тайынша” ЖШС-і. Қазіргі таңда жеті көшеде жұмыс аяқталған.
– Шағалалы ауылына биыл барлығы 446 млн. теңге бөлінді. Мектепті жөндеуге 130 миллион жұмсалады. Бұған қоса, дәрігерлік амбулатория да жөнделіп жатыр. Ауылда ауызсу бар, енді жол қалпына келтіріліп жатыр. Жалпы бұл елді мекеннің болашағы зор, – деді аудан әкімі Рүстем Елубаев.
Облыс әкімі көптен бері қаңырап бос тұрып, биыл ғана жөндеу жүргізіліп жатқан дәрігерлік амбулаторияға барды. Бұл жерде болашақта күндізгі стационар ашылмақ. Ауылдықтар үшін тағы бір жағымды жаңалық – жас дәрігерлердің келуі. Оңтүстіктен екі жалпы тәжірибедегі дәрігер маман келген. Баспаналары дәрігерлік амбулаториямен жапсарлас орналасқан. Үш бөлмелі үйге күрделі жөндеу жүргізілуде. Өңір басшысы дәрігерлердің жағдайымен танысты. Оларға 2,5 млн. теңге көлемінде бір реттік көтермеақы беріледі. Айлықтары 300 мың теңгеге жақын екен.
Биылғы қуаңшылық ауыл шаруашылығына кесірін тигізгені анық. Астық пен көкөністің шығымдылығы жылдағыдан төмен. Ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясына барған облыс әкімі жергілікті диқандармен кездесті. Мұнда қазір картоп жинау науқаны қызған.
Облыс әкімі Аралағаш ауылдық округінде салынып жатқан құс фабрикасында да болды. Алматылық инвестор қолға алған жобаның құны 5,5 млрд. теңге. Оның 3 млрд. теңгесін мемлекеттен жеңілдетілген несие ретінде алған. Болашақта құс етін ТМД елдеріне шығару жоспарда бар.
– Жылына 50 мың тонна ет өндіретін бройлер фабрикасының құрылысы жүріп жатыр. Биыл құс өсіретін алты корпусты іске қоспақшымыз. Өзіміздің жемазық дайындайтын зауытымыз болады. Жабдықтардың барлығы жеткізілді, оларды Еуропаның жетекші компанияларынан алдық. Қазіргі кезде жергілікті нарық импорт өнімдерге тәуелді. Біз осыны ескере отырып, фабрика салуды қолға алдық, – деді “Солтүстік бройлері” ЖШС-нің құрылтайшысы Берік Ақмырза. Солтүстік Қазақстан облысы құс шаруашылығына қолайлы. Өйткені жемазықтың бәрі осында өсіріледі. Әрі көлік қатынасы жақсы дамыған.
Жұмыс сапарын қорытындылаған облыс әкімі ауданда атқарылып жатқан істерге оң бағасын берді.
– “Солтүстік бройлері” фабрикасы алғашында 6 мың тонна ет өндірсе, кейін қуаттылығын екі есеге дейін арттырады. Біздің мақсатымыз облыста 100 мың тоннаға дейін ет өндіру. Бүгінде ол 60 мың. Салынып жатқан тауарлы-сүт фермалары 50 мың тонна етпен қамтамасыз ете алады. Олар бұқалар және тайыншаларды етке өткізеді. Сұраныс бар. Мемлекет көмектесуге әзір, – деді Құмар Іргебайұлы.
Гүлнәр САЙЛАУҚЫЗЫ,
журналист.