Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында “Тілім барда айтылар сыр ойдағы” атты “дөңгелек үстел” отырысы өтті.
– “Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді” деп жазушы Ғабит Мүсірепов айтпақшы, тілдің ұлт болашағы алдындағы киесі жоғары. Туған тілді қастерлеу, құрметтеу – әрбір пенденің басты борышы, – деді аталмыш кітапхананың қызметкері Айнагүл Секренова.
“Дөңгелек үстел” отырысы барысында шақырылған қонақтарға да сөз берілді. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қайрат Дүйсенбі өткен ғасырдың 90-шы жылдары қазақ мектептерін ашқан кезде туындаған қиындықтарды баян етіп, тілге деген құрмет отбасынан басталатынын атап өтті. Тіл жанашыры Жапар Бәриұлы ананың әлдиін тыңдап өскен бала ешуақытта туған тілін ұмытпайтындығын жеткізді. Халықаралық “Шабыт” фестивалінің дипломанты, республикалық жыр-мүшәйралардың жүлдегері, ақын Аманжол Зағыпар “Қылыш тіл” атты өлеңін оқыса, Ерік Асқаров атындағы облыстық ақындар мектебінің шәкірттері мен М.Жұмабаев атындағы жоғары педагогикалық колледжінің студенттері өз өнерлерін ортаға салды. Шара соңында аталмыш кітапхананың қызметкері Эльдана Нұрсейітова қонақтарға кітап көрмесін таныстырды.
Сержан НҰРДОЛҚЫНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.