«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰРПАҚҚА АДАЛ ҰСТАЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Қадыр Мырза-Әлінің: “Ата-бабам мықты еді ғой, мықты еді. Ұрпағымыз одан бетер болу ке­рек мықтырақ” деген терең мағыналы сөзі бар. Тәуелсіз­дігі­міз­дің тірегі, азаттығымыздың тұтқасы болар жас ұрпақ тәр­бие­­­сі жолында тер төгіп жүрген ұстаз­дардың қатарында жа­уап­­кершілікті салмақтай алатын, өз қыз­метін ұзақ жылдар бойы мінсіз атқарып жүрген әріп­тес­­теріміз аз емес. Солардың бі­­рі – әл-Фараби мектеп лицейінің ұстазы Зәуреш Көшеғалдықызы.

Ардақты әріптесіміздің есімі об­лыс жұртшылығына жақсы мәлім. Ұстаздық келбеті кіршіксіз, кісілік бол­мысы зор Зәуреш Жиентаева жайлы қалам тербеу, оның өмір жо­лына шолу жасау мен үшін үл­кен абырой. Өйткені ол – өз ісінің майталманы, бүгінгі таңда білім беру саласында атақ-абыройынан ат үркер қаншама беделді ұс­таздардың тәлімгері. Зәуреш Кө­шеғалдықызы жайлы бүгін біз бе­керден-бекер сөз қозғап отырған жоқпыз. Ол биыл ұзақ жылғы ұс­таздық қызметтегі адал еңбек, ащы тердің өтеуі – зейнет жасына аман-есен жетіп отыр. Әрі бұл белеске үлкен абыроймен жеткені де сүйсінтеді. Оның туған күні ұс­таз­дардың кәсіби мерекесімен тұс­па-тұс келуі де бекер емес деп ой­лаймын. Осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын есімі қазақ оқырмандарына жақсы мәлім Ға­лым Малдыбаев, Герольд Бель­гер, Жарасбай Нұрқан, тағы басқа танымал тұлғалар кіндік кесіп, кір жуған – қазіргі Шал ақын ауданын­да дүниеге келді. Нақтырақ айтар болсақ, Социал ауылының тума­сы. 1979 жылы аталмыш аудан­дағы Ленин ауылындағы мектепті үздік аяқтап, арман қуып Петро­павл қаласына келген әріптесіміз облыс орталығындағы тарихы тереңге тамыр тартқан жоғары оқу орнына құжат тапсырады. Аға буын өкілдері Кеңес одағы жыл­дарындағы қиындықтарды жақсы біледі, ол кезде ауыл балалары үшін институтқа оқуға түсу үлкен ерлікпен пара-пар еді. Өйткені сы­нақ емтихандарының бәрі орыс­ша өтетін, екінің бірі өзге этнос өкіл­дерінен жасақталған комис­сия мүшелерінің қатал сынынан сүрінетін. Ал Зәуреш Көшеғалды­қы­зының бағы жанып, студент атан­ды. Ауыл қызы 1984 жылы инс­титутты абыроймен аяқтап шық­ты. Осылайша, ұстаздық қыз­метке бет бұрды.

Әріптесіміз Ғалым Малдыбаев атындағы Жаңажол орта мекте­бін­де тарих пәнінің мұғалімі және тәрбие ісінің меңгерушісі болып ұзақ жылдар табан аудармай қыз­мет атқарды. Жаңажол ауылын ежел­ден нағыз қазақы құндылық­тар­дан ажырамаған, жүрегінде на­мыс оты маздаған асыл азамат­тар­дың мекені деп білеміз. Осы жерде жүріп ардақты әріптесіміз еңбектің көрігін қыздырды, бар бі­лімін, күш жігерін, жастық қайра­тын ауыл балаларына арнады. Өзі де сол күндерді сағынышпен ес­ке алады. “Уақыт ұршықша зы­рылдайды, кеше ғана аттың жа­лы­на жабысқан жастар едік. Бүгін, міне аға буын өкілдерінің қата­ры­на қосылып, өзімізден кейінгілер­ге жол көрсетіп, бағыт сілтер жас­қа аяқ бастық. Әрине, өмірді абы­роймен өткізіп, ұрпаққа адал ұстаз бола білсек, одан артық бақыт бар ма?!” дейді аяулы әріптес.

Зәуреш Көшеғалдықызының ұр­паққа үлгі болар адами қасиет­тері аз емес. Оның өте намысшыл жан екенін жақсы білеміз, еңбек­қор­лық және ізденімпаздық қа­сиетіне әркез сүйсініп жүреміз. Сон­дай-ақ әріптесіміздің өзгелер­ден бәсін биіктете түсетін ерекше бір қасиеті бар, ол қазақ тілінің жоқ­таушысы. Ұлттық тілдегі басы­лым­­дардың тұ­рақты оқырманы әрі жастарға га­зет, журнал оқуды әр­кез наси­хат­тап жүреді. Қазақ ба­лаларының орысша сөйлегеніне күйінеді, ұлт­тық құндылықтардың, ана тілінің да­муына қанатымен су сепкен қар­лығаштай шырылдап жү­ріп үлес қосқанын осындай ме­рейлі күні атап өтудің артықтығы жоқ шығар. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында Жаңажолда жүр­ген­де шәкіртте­рімен, ауыл аза­мат­­тарымен бірге Ұлыстың ұлы кү­ні – Наурызды той­лауға ат салы­сып, жақсылықтың жаршысы бола білді.

Білім беру саласында жүзден жүй­рік, мыңнан тұлпар атанған Зәу­реш Көшеғалдықызы – жаңа ғасырдың алғашқы жылдарында оқыту саласына енген жаңалық­тарды жатырқамай қабылдаған­дардың бірі. Джинни Стилл, Кур­тис Мередит және Чарлз Темпл секілді танымал зерттеушілердің “Оқу және жазу арқылы сын тұрғы­сынан ойлауды дамыту” жобасын меңгерген облыстағы санаулы ұс­таздардың қатарында біздің әріп­те­сіміз де бар. Арнайы курс­тан өткен ол өз әріптестерінің, әсіре­се, жас мамандардың оқытуда сын тұрғысынан ойлауды дамыту әдісін меңгеруіне қол ұшын берді. Зәуреш Көшеғалдықызы педагог кадрлардың біліктілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған бірінші (ілгері) деңгей бағдарла­масы бойынша оқыту курсынан ал­ғашқылардың легінде сәтті өтіп, өзі еңбек етіп жүрген алтын ұяда­ғы әріптестерінің кәсіби дамуына, тәжірибелерін шыңдауға көмегін аямады. Оның бейнесабақтары “Балапан” телеарнасы арқылы көр­сетіліп жүр. Сондай-ақ, ардақ­ты ұстаздың шәкірттері пәндік олимпиадаларда, ғылыми жоба­лар мен халықаралық байқау­лар­да талай мәрте топ жарды.

Қазақстан мектептерінде “Ата­мекен”, “Кәусар бұлақ” бағдарла­ма­ларын жүзеге асыруға ат са­лысқанын да жақсы білеміз. Ха­лықтық педагогиканы оқу-тәрбие үрдісінде жүзеге асыру бағы­тын­да жүргізілген эксперименттік алаң­да жұмыс істеген шығар­ма­шылық топтың құрамында болды.

Зәуреш Көшеғалдықызы шә­кірт­теріне жақсы адам болу – па­рыз екенін айтудан жалықпайды. Ал жүрегінде ізгіліктің нұры бар ұстаздың сөзіне мектептегілердің бәрі де иланады және оған қарап бой түзейді. Тәлімгерліктің биігіне көтерілген оның өнегелі өмірін, ай­наласын мейірім мен шуаққа бө­леген кісілік болмысын әсіресе, қыз балалар үлгі тұтса, ғанибет! Айтпақшы, ол мектебіміздегі “Қыз Жібек” қыздар клубының ашы­луы­на ат салысып, ұлттық тәр­бие­нің қайнары арқылы қара көз­дерімізге дұрыс жол сілтеп жүр.

Бүгінгі таңда Зәуреш Көшеғал­дықызы әл-Фараби мектеп-лицейі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары. “Әлемнің екінші ұс­та­зы” атанған ғұлама ғалымның есі­мін иеленген мектепте қызмет атқарғанына да жиырма жылға жуықтапты. Осы жылдарда бір­неше рет облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, қалалық білім бөлі­мінің, облыстық білім басқар­масының Алғыс хаттарымен, түр­лі деңгейдегі дипломдармен ма­рапатталды.

Адал еңбегімен абырой биігіне көтерілген ардақты әріптесіміз – кө­зінің ағы мен қарасына балай­тын екі қыздың анасы, көз қуа­ны­шы­на айналған немерелерінің аяу­лы әжесі. Ақыл-парасаты, адам­гершілік келбеті арқылы да­налық­ты бойына сіңірген аналар­дың көзіндей боп жүрген Зәуреш Кө­шеғалдықызы, міне осындай жан!

Күлімкөз СМАИЛОВА,

әл-Фараби мектеп-лицейінің директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp