Мағжан Жұмабаев ауданы туралы әңгіме қозғала қалса алдымен еске түсетін танымал тауарларының бірі – “Пальчик” жеке кәсіпкерлігі шығаратын сүт өнімдері. Экологиялық таза, зиянды қоспасыз өнімдер өңір тұрғындарының ерекше сұранысына ие. Отандық тауарөндіруші шығарған сүт, ірімшік, айран, май-қаймағы еліміздегі дүкен сөрелерінде ғана емес, көрші мемлекеттің іргелес елді мекендерінде де самсап тұр.
Денсаулығын ойлайтын тұрғындар экологиялық таза өнімге ұмтылатыны анық. Бұл қасиетіне дәмі тіл үйіретін тәттілігін қосыңыз. Қазіргі күні мұнда 14 түрлі өнім шығарылады. Консервант пен түрлі дәмдеуіш қоспаса да сақтау мерзімі айтарлықтай ұзақ. Жеті тәуліктен басталады. Ең бастысы, кәсіпорын қажетті сүтті жергілікті ауыл шаруашылығы құрылымдары мен тұрғындардан сатып алады.
Бұрынғы Булаев май зауытының негізінде Тәуелсіздік жылдары құрылған кәсіпорынның бүгінде жаңа тынысы ашылғандай. Мемлекеттің қолдауы да зор. Жеңілдетілген несие ресімдеп, сүтті салқындатуға арналған генаратор, ірімшік жасайтын қондырғы сатып алған. Жыл соңына дейін жаңа желіні іске қоспақ. Соның арқасында өндіріс қуаты тәулігіне 800 килограмм өнім шығаруға дейін жеткізілмек.
Жыл сайын технологиялық тұрғыдан жетілдіріліп, өнім көлемін арттыру, тауарлар ассортиментін көбейту жұмысы үздіксіз жүргізілуде. Бұл еңбектері еленіп, “Қазақстанның үздік кәсіпкері”, “Қазақстанның үздік тауары”, “Алтын сапа” байқауларында жеңіске жетті.
Экономиканың қозғаушы күші – шағын және орта бизнес екенін ескерсек, бұл кәсіпорын аталмыш міндетті ойдағыдай атқарып, оның үстіне елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде де өз орнын ойып алатыны анық. “Пальчик” жеке кәсіпкерлігінің өнімдері ауданның бренді болып қалыптасты.
Сағындық МАУҒАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.