«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ауыл тұрғындары “шөлдеп отыр”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мамлютка қаласында ертелі-кеш колонка жағалап, судың кезегінде тұрған жұртшылықты жиі көремін. Әрқайсысы бір-бір флягасын сүйреп алып, құдыққа, одан үйіне қарай асығып бара жатады. Байқауымша, көбі су алатын колонкадан жырақтау тұратын көрінеді. Жаздың күні алыстан су тасу аса көп қиындық тудырмас, ал қыстың көзі қырауда қайтпек?

Немересін ертіп, су алуға аяңдап басып ба­ра жатқан ақ жаулықты апаны жолдан күтіп алып, әңгімеге тарттым. “Жолдасым кү­зетші болып жұмыс істейді. Кейде үйде су бітіп қалатындықтан өзім баруыма тура ке­леді. Қырық литрлік су таситын ыдысты жалғыз сүйрей алмайтын болғаннан кейін немеремді ертіп аламын. Мамлютканың Жұ­­мысшы кентінде тұрып жатқанымызға ши­рек ғасырдан асты. Әлі күнге суды тасып ішеміз. Оның үстіне колонка бізден жырақ­тау. Үйге дейін құбыр тартып алайық десек, қыруар қаржы кетеді. Жергілікті әкімдіктің көмектесер түрі жоқ”, – деді налыған кейіп­пен. Айтуынша, осы маңайда тұратын­дар­дың дені зейнеткерлер. Жаздың ыстығы, қыстың суығында ары-бері фляга сүйреп жүру оңай іс емес. “Енді қайтсін, тірі адам тірлігін жасайды ғой. Сондай үлкен кісі­лерге жеңілдікпен су кіргізіп берсе де болар еді. Тіпті болмағанда көшемізге жақында­тып берсе, үйге кіргізіп алуға шығын көп кетпес еді”, – дейді.

Қаладағы ауызсу төңірегіндегі мән-жай­ды Мамлютканың әкімі Еркін Самар­хан­ұлы­мен жүздесіп, сұрап көрдік. Оның ай­туынша, Мамлюткадағы 2400 шаңырақтың 1300-і суды үйіне тартып алған. Ал қалған мыңнан астам отбасы тасып ішіп отыр.

“Су құбыры қашықтау орналасқандық­тан үйлеріне тарта алмай отырған отбасы­лар­дың өтініштерін ескеріп, былтыр бюд­жеттен қаржы бөлгізіп, тағы 40 құдық орнат­тық. 300-дей отбасы өз қаражатына сол құ­дық­тардан су тартып алды. Биыл тағы да жо­­балық-сметалық құжаттар жасадық. Әзір­ге қаржы бөлінген жоқ. Бірақ құжат да­йын. Үй­леріне су кіргізген отбасылардың кө­беюіне байланысты су айдайтын сорғының қысы­мы да азаятыны белгілі. Сол үшін тағы екі сор­ғы сатып алдық. Бұдан бөлек, көше бо­йына қосымша 20 колонка орнаттық. Қа­ла­да жалпы 70 шақты су колонкалары бар. Аяз­да қатып қалмауы үшін суын көп тұтын­бай­­тын колонкаларды алып тастаймыз. Жұрт сұрап жатса, қойып беруге ықыласты­мыз. Келесі жылға қаражат бөлінсе жаңа­дан 40 құдық орнатылады”, – дейді қала әкімі.

Еркін Самарханұлының пікірінше, суды үйдің ішіне дейін кіргізу – әр отбасының өз шаруасы. 4-5 үй үшін бір құдықтан қойып, суды жақындатып беруге болады. Жалпы су құбырларын тартумен жеке компания­лар айналысатындықтан әр метріне алар ақысын өздері қояды. Ол жағын тұрғындар компаниялардың басшыларымен өздері келіседі. Ауданда бұл іспен 6-7 ұйым ай­налысады екен.

Мамлютканың іргесіндегі Покровка ауы­лында да су мәселесі көптен бері жыр бо­лып келеді. Ауыл тұрғындары “шыда жа­ным, шыдамен” өмір сүріп жатыр. Байырғы тұрғындардың сөзіне қарағанда, бұл елді мекен еліміз егемендік алмай тұрғанда да ауызсуға жарымапты. Көрші ауылдан та­сып ішіп келген. Тек 2014 жылы жер асты­нан таза су шығаратын үлкен құрылғы ор­на­тылған. 40 метр тереңдіктен алынған су сүз­гі арқылы тазартылып барып тұтынуға ұсы­нылады. Бірақ тұрғындар үшін су беру уа­қыты қолайсыз және бағасы да арзан емес. Литрін 1 теңгеден сатып алады және таңер­теңгі 10-00 мен кешкі сағат 17-00 ара­лы­ғын­да кезекке тұрып алып алмаса­ңыз, ке­лесі күнге дейін тіршілік нәрінсіз отыра­сыз.

“Қазір Покровка тұрғындарын қинап отырған басты мәселе – ауызсу тапшылы­ғы. Ауылдықтардың бау-бақша егіп, жеке шаруашылықпен айналысуына судың жоқ­тығы қолбайлау. Басқа жақта тұратын туыс­тарыма “ауызсуды 1-2 шақырым жер­ден тасып ішеміз” деуден ұялатын болдық. “Су – тіршіліктің көзі” деп ата-бабаларымыз бекерден-бекер айтпаған екен. Ауылға құбыр тартылады, ауызсу келеді дегелі та­ғатсыздана күтіп отырмыз”, – дейді Юсуп есімді Покровка тұрғыны.

Аудандық әкімдік хабарлағандай, биыл Бике ауылы сумен түгелдей қамтылған, ендігі кезекте Покровка тұр. Яғни аталмыш ауыл тұрғындарының шөлдері келесі жылы қанады деген сөз.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp