С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада зейнеткерлерге арналған орталық ашылды. Онда аға буын өкілдері вокалдан сабақ алып, компьютер тілін меңгереді, түрлі жаттығулар жасайды.
– Соңғы рет 5-ші сыныпта ән шырқағаным есімде. Одан кейін өлең айтамын деу үш ұйықтасам түсіме енбеген шығар. Орталықтың жұмыс істейтіні жайлы құрбым айтып, қатысуға шақырғанда жүрексінгенім рас. Қазір ән айтуға деген қызығушылығым керемет, – дейді орталықтың белсенді мүшелерінің бірі Елена Бартель.
Үйірме аптасына бес рет ұйымдастырылады. Қатысушылар күніне 1 сағат ән айтумен айналысады. Оларға музыканың қыр-сырын “Белсенді ұзақ өмір сүру” орталығының оқытушысы Абай Кузембаев үйретеді. Оның айтуынша, бастапқыда зейнеткерлермен жұмыс істеу қиынға соққан. Біразы “ән айту маған жараспайды, менің дауысым жоқ” деп тартыншақтапты. Ал қазір ноталарға дейін меңгеріп алған. Халықаралық қарттар күніне арнап шағын концерт ұйымдастырмақ ойлары бар.
Валентина Куклина – ғаламторды, әлеуметтік желілерді белсенді қолданушылардың бірі. Осыдан бір ай бұрын смартфонды қалай ұстау керектігін де білмеген. Алғашында хабарлама жазуға қатты қиналған. Қазір “Instagram”, “Facebook” пен “Whatsapp”-ты еркін қолдануда.
“Белсенді ұзақ өмір сүру” орталығының оқытушысы Дархан Баяхметовтың сөзіне қарағанда, әр адамның бойында жасырынып жататын бейімділік, талант болады. Оның көзін тауып ашса, өмірлік қажеттілікке айналдыру қиын емес. Егде жастағы жандардың бұл белсенді әрекеті жастарға үлгі.
Маржан ҚАСЫМБЕК.