«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚИМЫЛДАРЫ ШИРАҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Теріскейге күздің қоңыр салқыны келді. Шаруалар жаз бойы еткен еңбегінің жемісін көруге тырысуда. Біз күзгі жиын-терім жағдайы қалай болғанын білмекке Мамлют ауданы Бостандық ауылындағы “Сенім” ЖШС-нің директоры Зәпкен Шаяхинге хабарластық. Диқан биыл 3000 гектар жердің 1800-не бидай, 780-не зығыр, 170-не сұлы, 120-сына бұршақ егіп, орақ науқанын аяқтап үлгерген екен.

– Биыл көптеген өңірлерді қуаңшылық жайлады. Соның зардабы бізге де тиді. Дәнді дақылдың әр гектарынан 17 центнерден өнім жинадым. Егінді арамшөптер мен зиянкестерден қорғауға және тыңайтқышқа 60 миллион теңге шығын кетті. Қазір өнімі толық жиналған жерді келесі жылға дайындаудамыз.

Пайдаланып отырған жер телімі осындағы тұрғындардыкі болғандықтан оларға үлестерін беріп, жем-шөп және ұнмен көмектесемін. Мәселен, қазір нарықта шөптің бір орамы 10-15 мың теңгеден. Мен оларға 2000 теңгеден бердім. Ауыл тұрғындары үшін бұл үлкен көмек емес пе? Жағдайы төмен отбасылар мен жетім-жесірлерге тегін беретін кездерім де жоқ емес. Наубайхана салып, дүкен ашу жоспарда бар. Ол ойымыз жүзеге асса тағы біраз адам жұмыспен қамтылмақшы. Одан бөлек, мал өсірумен де айналысамыз. 175-тей қара мал, 40-қа тарта жылқы бар – дейді Зәпкен Бекенұлы. Шаруаның ауыл тұрғындарының кейбіреуіне айтар базынасы да жоқ емес екен. Әлі де жалқаулықтан арыла алмай жүргендер көп. Көз алдында тұнып тұрған байлықты көрмей, көбі ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргісі келеді. Әйтпесе мал бағып, тірлік етем дегендерге ауылда жағдай жасалған.

Мамлют аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мұрат Қожаевтың айтуынша, ауданда 118,1 мың гектар жерге дәнді дақыл егіліп, бүгінгі таңда оның 105,7 мың гектары орылған, бұл – жалпы егістік көлемінің 89,5 пайызы. 115,8 мың тонна астық жиналған.

Ал майлы дақылдардың егістік алаңы 38,7 мың гектар, қазіргі уақытта 11,6 мың гектары немесе 30 пайызы бастырылған. 8,9 мың тонна тұқым жиналған. 1,2 мың гектар жерге егілген картоптың бүгінде 62,5 пайызы жиналған. 0,75 мың гектар жерден 9,0 мың тонна өнім алынған.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp