Солтүстік Қазақстан облысында биыл мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментіне өздеріне сыйлаған бес сыйлықты өткізген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің мәліметінше, биыл департаментте есепке жекелеген негіздер бойынша түскен мүлікті одан әрі пайдалануды айқындау бойынша ведомствоаралық комиссияның сегіз отырысы өткен. Оған мемлекеттік қызметкерлерге берілетін сыйлықтар да жатады. Былтыр бір ғана сыйлық тапсырылған – «Құс сүті» кәмпитінің қорапшасы мерзімінің өтуіне байланысты жойылған.
«Биыл жыл басынан департамент 5 сыйлықты қабылдап алды. Олар – 2 дана қаламсап, есту аппараты, көзілдірік және валидол дәрісі. Олардың барлығы жалпы сомасы 8 103 теңгеге сатылды», – дейді департамент басшысы Аман Төрегелдин.
Сапасы мен қауіпсіздігі нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес келмейтін азық-түлік шикізаты, тамақ өнімдері, шығу тегі белгіленбеген алкоголь өнімі және темекі, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына және санитариялық-эпидемиологиялық қағидалар мен нормаларға сәйкес келмейтін, акциздік таңбаларсыз өзге де бұйымдар жойылады.
«Биыл жыл басынан 2 мыңнан астам өнім жойылды. Оның 2 014-і арақ-шарап шөлмегі. Өткен жылдың ұқсас кезеңінде 2 327-і дана бұйым жойылды, оның ішінде 1 842 шөлмек және 476 қорап темекі өнімдері», – дейді Аман Төрегелдин.
https://www.inform.kz/