Әбілқайыр Жұмабаев пен Закира Қайдауылова көпбалалы ата-ана. Жақында олар өңірімізге Түркістан облысынан көшіп келді. Бүгінде Жамбыл ауданындағы Айымжан ауылында тұратын бұл отбасына “Еңбек” бағдарламасы бойынша мемлекет тарапынан тиісті көмек көрсетілді.
Ерлі-зайыптылар – жоғары білімді мамандар. Әбілқайыр Жанысбекұлы Айымжан орта мектебінде – тарих, ал зайыбы биология және химия пәндерінен сабақ береді.
– “Еңбек” бағдарламасы аясында солтүстік өңірге көшіп келгенімізге бір айдың жүзі болды. Көші-қон субсидиясын алдық. Тұрғын үй шарт бойынша бес жылға жалға берілді. Ауыл тұрғындары мен мектеп ұжымы біздің отбасымызды жақсы қабылдағаны үшін айымжандықтарға шексіз алғысымды айтамын. Қаймағы бұзылмаған Айымжан ауылының тұрғындары ана тілінде сөйлейді, атадан балаға мирас болған қарым-қатынастың басты құралы қазақ тілінің өміршең болуына сенімдімін, – деді көпбалалы әке Әбілқайыр Жұмабаев.
Отбасының көзқуаныштары Жәнібек пен Гауһар, Сафиянұр жоғары сыныпта оқыса, Салиха мен Жасын мектеп жанындағы шағын орталықта тәрбиеленуде. “ЖокейАгро” жауапкерлігі шектеулі серіктестігінің “Мектепке жол” республикалық акциясы аясында балаларды қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз еткенін айтып өткен жөн. Кәсіпкердің тарапынан көрсетілген жанашырлыққа олар дән риза. Ерлі-зайыптылар дүниеге ұрпақ әкеліп қоймай, олардың білімді, саналы, өнерлі болып өсуіне де барынша жағдай жасауда. Мәселен, Жәнібек Шымкент қаласындағы Маржан Тасова атындағы үш тілде оқытатын мамандандырылған №12 мектеп-интернатында оқыса, Гауһар шахматтан төрт дүркін чемпион және Қазақстан кубогының жеке кезеңдерінің жеңімпазы.
Әбілқайыр Жұмабаев та саламатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортпен шұғылданады. Он саусағынан өнер тамған отағасы тұрмыстық жиһаз жасап, құрылыс жұмыстарын жүргізуде алдына жан салмайды. Ал алтын құрсақты ана Закира бала тәрбиесіне зор жауапкершілікпен қарайды. Сондықтан кішкентайынан оларды адалдыққа, еңбекке баулуда. Бұл отбасы алдағы уақытта көкөніс, жеміс-жидек егіп, төрт түлік өсіруге ниетті. Жалпы бүгінде Жамбыл ауданында “Еңбек” бағдарламасы бойынша жұмыс күші көп оңтүстік өңірлерден қоныс аударушыларға арналып тұрғын үйлер салынып, көшіп келген отбасыларға жағдай жасалуда.
– 2021 жылы “Еңбек” бағдарламасы аясында Жамбыл ауданына 33 отбасы (149 адам) көшіп келді. Жұмыс күші көп өңірлерден келген қоныс аударушылар мемлекеттік бағдарлама аясында салынған жаңа үйлерге қоныстанды. Оларға субсидия беріліп, жұмысқа орналасуға көмек көрсетіледі. Бүгінде жоспар толық орындалды, – деді Жамбыл аудандық жұмыспен қамту орталығы директорының міндетін атқарушы Самал Кариева.
Игілік РАХМЕТОВ.
Жамбыл ауданы.