Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясында филология ғылымдарының кандидаты, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп секілді қазақтың кемеңгер ойшылдарының мұрасын зерттеп, насихаттап жүрген ғалым Омар Жәлелұлымен кездесу өтті.
Шара барысында мектеп оқушылары Абай Құнанбаевтың өлеңдерін мәнерлеп оқып, “Желсіз түнде жарық ай” әнін орындады. Абайды зерттеуші ғалымға қызықтырған, көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, белсенділік танытты, ғұлама ақынның қанатты тәмсілдерінің, өлеңдері мен қара сөздерінің мағынасын саралады. Ғалымның айтуынша, қазіргі жастар Абай өлеңдерін жаттап алғанымен, олардың мән-мағынасына ден қойып, көңілдеріне тоқымайды, тіпті кейде ересектердің өзі ақын сөздерінің астарын түсінбей жатады.
– Бұрыннан Абайды тек сырттай оқып келсек, енді оның ішкі жан-дүниесін түсінуге, зерттеуге талпынып жатырмыз. Абайды қаншалықты түсінсек, біздің өміріміз соншалықты баянды болмақ. Ақынды түсіну үшін оның жүрегінің түбіне терең бойлай білу керек. Абайдың мақсаты – қазақтың көкірек көзін ашу болған. “Мақсатым… наданның көңілін қойып, көзін ашпақ” деп жазғаны да сондықтан, – деді Омар Жәлел.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.