Халқымыздың болмысын басқалардан ерекшелейтін бірден-бір қасиет – осы туыстық байланыс. “Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп” деп ағайын арасындағы татулықтың сақталуын қоғам бірлігінің басты алғышарты деп қараған. Сол секілді “Мал қонысын, ер жігіт туысын іздейді”, – деп қашан да туыстық қатынасты үзбеуге шақырып отырған.
Туыстармен қатынас дегенді қалай түсінеміз. Туыстардың үйіне бару, хабарын алып, хал-жағдайын сұрау, хат жазу, телефон соғу, ауырғанының көңілін сұрау, тойына қатысу, арнайы іздеп бару, қуанышын бөлісіп, қайғы-мұңына ортақтасу, басына іс түскеннің қасынан табылу, сапарға шығып кеткен ағайынның мал-жанына қарайласу – бұлардың бәрі де осы туыстық қатынастың аясына кіреді. Сондай-ақ көңілі жүдегенді жұбату, қиналған туысқа қол ұшын беру немесе орайы келгенде сый-сияпат жасау да туыстықты нығайтудың жолдарына жатады.
Ислам діні орнықаннан кейін, отбасылық қатынастарды сақтау мұсылмандардың маңызды міндеттерінің бірі болды. Аса қамқор ерекше мейірімді Раббымыз да ағайын-туысқандарға қарайласып, қолдары қысқарып, қалталары жұқарып, қажеттілік туындағанда, оларға қол ұшын беруді Құран Кәрімде бұйырып: “Негізінде Алла әділетті, игілікті және ағайын-туысқанға қарайласуды бұйырады”, – деп ескерткен.
Данагөй ата-бабамыз ағайын-туыстардың өзара татулығы мен бірлігіне шақырып: “Ағайын жақсы болса – қанатың”, “Бір ауылда мың туысың болғанша, әр ауылда әр туысың болсын” – деп туысқандық байланыстың маңыздылығы мен парқын жете түсінген, “туғаныңмен сыйыспасаң, кең дүниеге сыймассың” – деп те айтқан.
Ата-бабамыздың даналықпен айтқан сөздерімен қоса, ұстанған салт-дәстүрлері де кісі қызығарлықтай. Мысалы, қазақта туыстық шеңберлерді білдіретін үш жұрт бар. Нағашы жұрт, қайын жұрт, өз жұрты. Сондай-ақ шариғат шеңберінен де шығып, арыға кететін жеті атаны сақтау үрдісі бар.
Туысқандар ата-анаға жақын ағайын адамдар. Сондықтан да дін, ислам тұжырымы бойынша, ата-анадан кейінгі орын соларға тиесілі. Олармен қатынасты үзбей, керісінше, нығайту, қарайласу мұсылманның діни міндеті. Туыстық қатынасты үзген кісі қандай жақсы амалдарды жасап жүрсе де ақыретте, Алла Тағаланың құзырында ауыр жағдайда қалады. Өйткені бірде-бір жақсы ісі қабыл болмайды. Барша жақсы істері тіпті қажылығы мен ұмрасының да сауабы бекерге кетеді. Бұл қағидатты бабаларымыз “жақсының ашуы шәй орамал кепкенше” деп өте ұғынықты тілмен жеткізген.
Қадырбек ШӘРІПОВ,
“Нұр” қалалық мешітінің найб имамы.