«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕГІ ЕРГЕ БЕРГІСІЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінде қыз-келіншектер аралас­пайтын сала жоқ. Әсіресе олар мемлекеттік қызмет, банк, бюджеттік салада белсенді қызмет етеді. Кәсіпкерлікпен айналысып, өз ісін дөңгелетіп отырғандары қаншама?… Солардың бірі – Хадиша Төлегенова.

Қазір кәсіп ашуға ниетті жандарға мемлекет тарапынан қолдау зор. Мәселен, Тайынша ауданында 2017 жылы “Бастау” жобасы қолға алынып, мемлекет қамқорлығының арқасында Хадиша Еңбекшілқызының да ісі өрге домалады. Киім-кешек сататын дүкен ашып, тұрақты сатып алушылары көбейді. Кәсіпкерлікпен айналысу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Осы саланы таңдаған нәзік жандарға отбасының қолдауы айрықша қажет.

– Менің кәсібім тек жеке басымның ғана емес, бүкіл отбасымның игілігі мен болашағы деп білемін. Егер жанымда ер азаматым Бақытжан мен қолғабыс ететін балаларым болмаса, дәл қазіргідей деңгейге жете алмаған болар едім. Отбасым – өмірімнің мәні, бақыт мекені, – деді ол.

Мен білетін Хадиша Еңбекшілқызы өте қарапайым, сабырлы әрі салмақты. Әр басқан қадамы байыпты. Жаны нәзік болса да қажыр-қайраты ер азаматқа тән Хадиша балаларын да адал еңбекке баулуда.

– “Еңбек еткен – мұратқа жетер” демекші, адал әрекеттенген адамның ісі оң болатынына талай мәрте көз жеткіздім. Сондықтан балаларыма әрқашан адал еңбек ету қажет екенін айтып отырамын. Біздің елімізде жұмыс істеймін деген адамға барлық мүмкіндіктер жасалуда. Тек соны оңтайлы пайдалану керек. Қазір біреуге алақан жаятын уақыт емес. Әркім қабілетіне, шамасына қарай еңбек етіп, еліміздің дамуына өз үлесін қосуы керек, – деді Хадиша Еңбекшілқызы.

Үй мен түздің тірлігін қатар алып, үнемі өмірге риза көңілмен жүретін Хадишаның дастарқаны әрқашан тіл үйірер тағамдарға толы. Отбасында Мәдина, Бауыржан, Әйгерім есімді үш баланы тәрбиелеп өсірді. Алды тұрмыс құрды. Бүгінде жұбайы екеуі ақылшы ата-әже атанып отыр.

Гүл НҰРАЛИНА.

Тайынша қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp