«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰРПАҚ НЕГЕ ҰСАҚТАЛЫП БАРАДЫ?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жұмыс уақыты аяқталған ме­зет. Қоғамдық көліктің іші лық толы, ине шаншар орын жоқ. Аялдамалардың бірінен егде жастағы қария отырды. Әлдебір уақытта мосқал әйел орындықтардың біріне жайғасқан жігітті нұсқап, қа­рияға орын беруін талап етті. Әлгі жігіт жақтырмаған сыңай танытты. “Ешкімге орын беруге міндетті емеспін” деп орысша тіл қатты. Келіншек те сөзден тосылар емес, әбден сыбап алды. Жігіттің бұл қылығы өзге жолаушылардың да қытығына тигендей. Ұяты жеңді ме, әлде діттеген жеріне жетті ме, ол келесі аялдамадан тү­сіп қалды. Өзін зор, өзгені қор санайтын осындай жастардан не күтуге болады? Орынсыз беттен алып, төске шапқан кейінгі буынның бұл қылығына жол болсын.

Әрине, тәуелсіз елдің ұландары еркін ойлы, ашық, батыл, ержүрек, шыншыл болғаны жөн. Бірақ бұл қасиеттер тәрбие аясынан тыс болмауы тиіс. Қай ата-ана “балам жаман болсын” дейді? Әрқайсымыз да балаларымыздың әдепті, тәрбиелі, саналы, ақылды, парасатты болғанын қалаймыз. “Жақсы бала – сүйік, жаман бала – күйік” демекші, әр ата-ана баланың жетістігіне қуанып, жөнсіз қылығына күйінеді. Халқымыз ұрпағын өнегелі әңгімемен, көркем мінезбен тәрбиелеген. Сондықтан жастардың жүгенсіздігі көңілге кірбің түсіреді. Десе де көпке топырақ шашуға болмайды. Үлкенге құрметі зор, кішіге қамқор, елгезек жастарды көргенде көз қуанады. Әрбір жас тектілікті жоғалтпай, өз халқының тарихына, салт-дәстүріне, ұлттық құндылықтарына, тіліне, мәдениетіне құрметпен қараса дейсің. Сонда қоғамда әлгіндей келеңсіздіктер орын алмас еді.

– Дана халқымыз ұрпақ тәрбиесін қашан да ұлттың тағдыры, болашағы деп білген. Сәби дүниеге келгеннен бастап оның өсіп, дене бітімінің дұрыс қалыптасып, ақыл-ойының жетілуіне көп көңіл бөлген. Ал қазақтың тәлім-тәрбиесі теңдесі жоқ даналық. Көпті көрген аналарымыз ешқашан ер азаматпен сөз та­ластырмаған, тіпті жеті жасар ер баланың алдын кесіп өтпеген. Бұл әйелдің ер азаматқа деген құрметін білдіреді. Біз сол сыйластықты көріп өстік. Өкінішке қарай, данагөй аналарымыздың өнегесі қазір ұмытылып бара жатыр, – деп өкінішін жеткізген зейнеткер Жолтай Сабыров бала тәрбиесі отбасы ошақ қасынан басталатынын атап өтті. Ол рас, кейде ер кісімен ұрсысып, сөз таластырып, жағаға жармасқан әйелдерді көргенде бойды үрей билейді. Сондай анадан бала қандай тәрбие алады? Бұл отбасында ер мен әйелдің бір-біріне сыйластығы жоқ екенін аңғартады. Өзара түсіністік, сыйластық болмаса, жұбайлардың арасында береке-бірлік болмайтынын алға тартқан психолог Әсел Әлжанова қоғам – отбасынан құра­латынын жеткізді. Сондықтан отбасының жылуы әлсіреп бара жатқаны, ата-аналардың бала тәрбиесіне жүрдім-бардым қарауы баршамызды ойландыруы тиіс. Әрине, бұл біржақты мәселе емес. Қоғамда болып жатқан кемшілікті түзету алдымен өзімізден басталады.

– Қызмет көрсететін қоғамдық орындарда, әсіресе емханаларда үлкен кісілермен сөз таластырып тұрған жастарды көреміз. Бұл ұрпақ тәрбиесінде кемшіліктің барын білдіреді. Үлкен адамдарға айғайлап сөйлеу ұят. “Кәріге құрмет, балаға міндет” демей ме? Біз күй­­­бең тіршіліктің соңында жүріп, отбасы құн­дылығын шетке ысырып қоямыз. “…Мың жылдығын ойлаған халық саналы ұрпақ тәрбиелейді” дейді дана хал­қы­мыз. Өкінішке қарай, жастарды қазір ата-ана емес, телефон тәрбиелеуде. Бұл біздің басты қателігіміз, – дейді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов.

Өскелең ұрпақты телефон тәрбиелеуде деген сөздің жаны бар. Мәселен, бірер ай бұрын елімізге ресейлік әлдебір блогер келіп, қоғамда дүрмек туғызды. Әлеуметтік желілерде блогердің фан-кездесуіне мыңдаған жас жиналғаны айтылды. Біздің ұлттық тәрбиемізге үш қайнаса да сорпасы қосылмайтын тұздықсыз әңгіме айтылған кездесуге жастар неге сонша құмартты екен? Мағжан сенген жастар ой ойлаудың орнына, ойын соңында жүрсе, сонда тау тұлғалы батырлар қайдан шығады?

Бүгінде еліміздің қорғаныс са­ласында қызмет етуге ниетті жандардың көбі сүзгіден өтпей қалатыны да жасырын емес. Отан қорғауы тиіс ұрпағымыздың ұсақталып бара жатқанының астарында көп сыр жатыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының балалар қоры (ЮНИСЕФ) дерегі бойынша босанған жас аналардың 62 пайызы ұрпағын жасанды ұнтақпен тамақтандырады. Әлжуаз ұрпақтың көбеюіне оның да әсері бар шығар. Халқымыз ұрпақ жалғастырушы, шаңырақтың иесі ретінде ұлдың бос белбеу боп өсуіне жол бермеген. Ер балаларды сүндетке отырғызып, бес-алты жасқа жеткенде атқа мінгізген. Дана хал­қымыз ер баланы ерте жастан атқа отырғызу арқылы қайратты, ержүрек, батыл азамат тәрбие­леуді мақсат тұтқан.

– Біз Жамбыл ауданындағы Сәбит ауылында тұрдық. Ауыл баласы шаруаға ерте жастан ара­ласады ғой. Ұлым Данияр кішкентай кезінен күреске әуес болды. Атамыз Кәлен кезінде “түйе балуан” атанған. Күшінің көп болғаны соншалық, түйені жалғыз өзі жыға береді екен. Ауылда жыл сайын Наурыз мерекесінде спорттық сайыстар ұйымдастырылатын. Сол сайыстарда Даниярым өзінен үлкен балаларды жеңіп жүрді. Күресте жеңу үшін күшті болу жеткіліксіз. Жылдамдық, ептілік керек. Осы қасиеттер Даниярдың бойынан табылды, – деді Рамазан Кәленов. Белді балуан Данияр Кәленовтей дарынды ұлды тәрбиелеген бақытты әке ұлы 11 жасында облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа қабылданып, кәсіби спортшылардан дәріс алғанын, күресте түрілі әдіс-тәсілдерді меңгергенін мақтанышпен айтып өтті.

– Қазір кейбір әкелер бала тәрбиесін анаға ысырып қойды. Ал әйел тәрбиесін көрген ер бала қыз мінезді болып өседі. “Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайтыны” ақиқат. Әйелдер бала тәрбиесіне келгенде жұмсақ. Сондықтан бала ерке болып өседі. Оның үстіне балабақша, мектепте көбінесе қыз-келіншектер жұмыс істейді, – дейді көпбалалы ана Мәншүк Назыбайқызы.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp