Футболдан ел біріншілігінің 22-турында “Qyzyljar” клубы өз алаңында “Тұран” командасын қабылдады.
Бұған дейін жерлестеріміз алматылық “Қайратқа” есе жіберсе, бұл жолы турнир кестесінде 12-ші орында тұрған “Тұранға” ұтылды. Кездесу басталысымен қонақтар солтүстікқазақстандықтарды қыспаққа алған. Жергілікті жанкүйерлердің қуанышына орай, клубтың қақпашысы қауіптің бетін қайтара білді. Алайда қарқынға қарқын қосқан қонақтар ақыры дегендеріне жетіп, матчтың 76-шы минутында есеп ашты. Осы нәтиже матч соңына дейін өзгерген жоқ.
Жерлестеріміз 32 ұпаймен турнир кестесінде төртінші орында келеді. Келесі ойынды қазанның 2-сі күні сырт алаңда ақтаулық “Каспийге” қарсы өткізбек.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.