Тарих қойнауына еніп, жылнамаға айналған 2009 жылдың да өз ерекшеліктері мен жаңалықтары аз болған жоқ. Солардың біріне 2008-2009 жылдардағы жаhандық қаржы дағдарысын атауға болады. Басқа елдер секілді Қазақстан да бүкіл әлемді шырмауықша торлаған әлеуметтік-экономикалық қиындықтармен бетпе-бет келді. Сол уақыттың дағдарыс салқыны туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында былай деп жазды: «Бұл – Тәуелсіздік жылдары қол жеткен табыстарға залалын тигізуі мүмкін титтей де ауытқуға жол бермеуді қажет ететін қиын кезең еді. Осы себепті атқарушы биліктің әр басқан қадамы үшін де бар жауапкершілікті мойнына алатын Мемлекет басшысы ретінде маған едәуір табандылық танытуға тура келді. Дағдарысқа қарсы біздің жүйелі жоспарымыз болды. Оған қарсы үдемелі индустриальды-инновациялық даму бағдарламасымен жауап бердік», – деген еді.
Алдымен экономика, содан кейін саясат қағидаты мемлекеттік іс-қимылдың басым бағыттарын айқындаумен қатар экономикалық жетістіктердің саяси реформаларға сөзсіз ұласатынын қазақстандық тәжірибе айқын байқатты. Әлеуметтік кепілдіктер толық сақталып, Ұлттық қордан бөлінген ауқымды қаражат отандық экономиканың кідіріссіз жұмыс істеуіне қызмет ете бастады. Әлемнің жетекші елдері 10 триллионнан астам АҚШ долларын бөліп, былайша айтқанда, бүкіл әлемдік ІЖӨ-нің іс жүзінде 15 пайызы дағдарысты еңсеруге жұмсалса да, бір жылда мұнай бағасының 4 есе, металл бағасының 2 есе құлдырауынан-ақ қысымының салмағы қаншалықты зілбатпан екенін бағамдай беруге болады. Ең алдымен, қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтау үшін банктерге қосымша өкілеттілік беріліп, мұның өзі шағын және орта бизнестің, ірі кәсіпорындардың экономикалық белсенділігін қамтамасыз етуге мүмкіндіктер тудырды. Тұрғын үй құрылысына және үлескерлер проблемаларын шешуге 545 млрд., агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға 280 млрд., инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға 120 млрд. теңге бағытталды. Тұтастай алғанда, ел экономикасына қосымша 2 триллион 700 млрд. теңге бөлінді. 350 мың жаңа жұмыс орнын құру белгіленді.
Дағдарыс салдарын еңсеру және келесі экономикалық өсуге әзірлену, соған байланысты туындаған проблемаларды шешу жөніндегі Президент талаптарына орай өңірде жұмыс тобы құрылып, “2009-2010 жылдары Солтүстік Қазақстан облысының экономикасы мен қаржы секторын тұрақтандыру туралы іс-қимыл жоспары” жасалды. Көрсетілген мақсаттарға қол жеткізудің жеті міндеті айқындалды. 2008 жылы өңірде әлеуметтік индикаторлар айтарлықтай жақсарғанымен, шешімін күткен мәселелер әлі де шаш етектен болатын. Алда Булаев топтық су құбырының үшінші кезегін қалпына келтіру, Екатериновка жерасты сулары учаскесінде тораптық су тарту ұңғымасының екінші кезеңін жалғастыру, 240 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру, 1200 орындық инновациялық мектеп, бір ауысымда 500 адам қабылдайтын қалалық емхана салу сияқты іргелі істер тұрды.
Петропавл бройлер құс фабрикасында құс сою цехы жаңғыртылып, инкубатор құрылысы басталды. “ЗИКСТО” АҚ-ы вагон-хопперді сынақтан өткізіп, жоғары бағаға ие болды. С.Киров атындағы зауыт локомотивтерге арналған қауіпсіз және симплексті кешендік радиостанция қондырғысын іске қосты. Жаппай жұмыссыздықты болдырмау мақсатында қолға алынған “Жол картасы” тыңнан түрен салғандай жаңа іс болғанымен, өзінің тиімділігін танытты. Жыл басындағы торыққан болжамдардың барлығы теріске шығып, банк секторы дефолтқа ұшыраған жоқ. Керісінше, қиын-қыстау кезде мемлекет қолдауының арқасында әлемдік қаржы дағдарысының қысымына лайықты төтеп берді. Республикалық бюджеттен бөлінген 4,5 млрд. теңге 42 жобаны қаржыландыруға бағытталды. Бұдан бөлек, 20 әлеуметтік-мәдени жобаға 87 млн. теңге бөлінді. Нәтижесінде 6677 жұмыс орны ашылып, 4733 адам жұмысқа орналасты. 1253 адам кәсіби қайта даярлауға жіберілді.
Осы жылы облыстық ауруханада тұңғыш магнитті-резонансты томографтың орнатылып, пайдалануға берілуі үлкен оқиға болды. “Сименс” фирмасының соңғы үлгіде жасаған бірегей жабдығы 467 млн. теңгеге сатып алынды. Компьютерлік-диагностикалық әдісті енгізудің арқасында аса күрделі ми, жұлын ауруларына нақты диагноз қойыла бастады. Кардиохирургиялық емханада Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың дәрігерлерінің шунт қою арқылы алғаш рет жүректің қолқақан тамырына ота жасауы да – маңызды шаралардың бірі. Петропавл қаласында тұңғыш рет жамбас буынын алмастыратын ота тегін жасалды. Қала іргесінде Бәйтерек ауылы құрылысының басталуы, алғашқы 23 баспана тұрғызылып, жоба аясында екі жылда 240 үйдің бой көтеретіні республикаға тәжірибе ретінде таратылды. Ресей мен Өзбекстаннан атажұртқа көшіп келетін 30 отбасын осында қоныстандырып, мектеп, сауда орталығын, Мәдениет үйі мен балабақша салу жоспарланды.
2009 жыл елімізде екінші рет өткен ұлттық санақпен есте қалды. 25 ақпаннан 6 наурызға дейін жүргізілген санақтың ресми дерегі бойынша мемлекет құраушы ұлттың саны 63 пайыздан асты. Егемендік алған жылы қазақтар небәрі 42 пайызды құраған болатын. Мұның өзі мемлекеттік саясатта біраз өзгерістердің, әлеуметтік-экономикалық жаңғыртулардың кеңінен өріс алғанын растайды. Сөз арасында Қазақстан аумағында алғашқы халық санағы Ресейдің шет аймағы ретінде 1897 жылы жүргізілгенін, сондағы есеп бойынша елімізде 4,3 млн. адам тұрғанын, 3,9 миллионы байырғы тұрғындар болғанын айта кеткен жөн.
Еліміздегі ең ықпалды саяси ұйым – “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының құрылғанына 10 жыл толды. 800 мыңға жақын мүшесі бар партия құрылымдық жағынан нығайып, бұқаралық-идеологиялық жұмыстарды ширата түсті. Елордада өткен партияның кезектен тыс ХІІ съезінде 2009-2012 жылдарға арналған стратегиялық даму бағдарламасы қабылданды.
Елбасы осы жылы Қызылжар өңіріне жасаған жұмыс сапары барысында жергілікті жерде атқарылып жатқан баянды бастамаларға жоғары бағасын берді. “Көктем жақындап келе жатыр. Биылғы жыл оңай емес. Астықты өңірдің көктемгі жұмыстарға дайындығы мәселесін, жалпы халықтың көңіл күйін білейін деп келдім. Соңғы төрт жылда мемлекет ауыл шаруашылығын қаржылай қолдауды тіпті күшейтті. Ауыл шаруашылығы техникаларының 85 пайызы соңғы үлгідегі жаңа техникаларға алмастырылды”, – деді Тұңғыш Президент жұртшылық алдында сөйлеген сөзінде. Нұрсұлтан Әбішұлына жылдық қуаттылығы 7 мың тонна ет өндіретін бройлерлік құс фабрикасының, “Наурыз-2030” ЖШС-нің жылыжай кешені, “Шапағат” сауда желісінің жұмыстары көрсетілді.
Облыс басшылығының алдында тұрған басты міндет – дағдарыстың ықпалын азайту үшін оған қарсы бағдарламаны ойдағыдай жүзеге асыру болса, екінші талап – адамдардың әлеуметтік жағдайын нашарлатпау. Сонда саяси тұрақтылық, төзімділік пен тыныштық ахуал орнайды. Адамдардың көңіл күйі көтеріліп, болашаққа деген сенімі нығайып, қоғамдық еңбекке деген белсенділігі артады. Бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері тұрақты сипатқа ие болды. Жан басына есептегенде облыс сүт өндіруден республикада – бірінші, ет пен жұмыртқадан екінші орынға шықты. 25 мыңға жуық шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, 60 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды.
Нұр-Сұлтандағы Бейбітшілік және келісім сарайында әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІІ съезі өтті. Қазақ елі алаңында тұңғыш әскери шеру ұйымдастырылды. Мерекелік шеруге Қарулы Күштердің 96 әскери техникасы мен 43 соғыс ұшағы мен тікұшағы қатысты. 40 жылдан астам тарихы бар “Жетісу” пилотаж тобының төрт ұшағы елорда аспанында қызғалдақ гүлін бейнеледі.
БҰҰ бас ассамблеясының 64-ші сессиясында Қазақстанның бастамасымен 29 тамыз – Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес күні болып бекітілді. Қазақстан әлем өлшемі бойынша төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан мемлекет ретінде үлкен беделге ие. 1991 жылы Семей ядролық полигонының жабылуы – соның айқын айғағы.
Алматыда халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттер басшыларының саммиті өтті. Онда Арал теңізі бассейніне көмек көрсетудің үшінші бағдарламасы жасалатын болып келісілді.
Қазақстандағы алғашқы “Астана – Бурабай” автобанының құрылысы аяқталды. Жаңа жол автокөліктің сағатына 150 шақырым жылдамдықпен жүруіне есептелген. Құрылыс жұмыстарына 1,5 мыңдай техника, 3,5 мыңға жуық адам, 11 асфальт-бетон зауыты жұмылдырылды. Бүгінде “Астана – Бурабай” автожолына осы заманғы интеллектуалдық-электронды жүйе енгізілген.
Тәуелсіздік сарайында өткен ІІ Астана экономикалық форумы “Еуразияның жаhандық қатерлер жүйесіндегі экономикалық қауіпсіздігі” тақырыбына арналды. 5 шілдеде астанадағы ең биік ғимарат пайдалануға берілді. Ол – Есілдің сол жағалауында орналасқан, өзіндік өрнекпен салынған “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясының әкімшілігі. Қарашада Назарбаев университетінің іргетасы қаланды. Елорданың ең ұзын көпірі – Бөгенбай батыр даңғылындағы көлік жолайрығы толығымен пайдалануға берілді.
Республиканың сайлау заңнамасына маңызды өзгерістер енгізілді. Ол – 7 пайыздық межені еңсермеген жағдайда, Парламентті кемінде екі саяси партияның қатысуымен құруға мүмкіндік беретін құқықтың тетіктің енгізілуі. Бұдан басқа, сайлау алдындағы үгітті жүргізу тәртібін регламенттейтін және кандидаттар мен саяси партияларға бұқаралық ақпарат құралдарына қолжетімділіктің тең шарттарын қамтамасыз ететін баптарға өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ жергілікті өкілетті органдардың (мәслихаттардың) шығып қалған депутаттарының орнына сайлаудың бірыңғай күні белгіленді.
Ел экономикасында өзіндік орны бар облыстың 2009 жылғы қорытындылары көңіл көншітеді. Облыстың жалпы өңірлік өнімінің үлесі 2,7 пайыз болды. Жалпы өңірлік өнім құрылымында ауыл шаруашылығы – 31,5, өнеркәсіп – 10,1 сауда, автомобильдер жөндеу, тұрмыстық бұйымдар – 14,3, көлік пен байланыс 5,9 пайызды құрады. Жан басына шаққанда 464,2 мың теңгенің тауарлары өндірілді. Орташа еңбекақы 14,8 пайызға көбейіп, 45 мың теңгеге жуықтады. Жұмыссыздардың үлесі 0,8 пайызға дейін кеміді. 14,9 мың жаңа жұмыс орыны пайда болды. 238 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері шығарылды. Бидайдың гектар шығымдылығы 16,6 центнерден айналып, Отан қамбасына 6,4 млн. тонна алтын дән құйылды. Шетелге 1 млн. тонна астық экспортталды. “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігінде қанатқақты жоба – 800 басқа арналған сүт кешені іске қосылып, әр сиырдан 7 мың литр сүт сауылды. Сапалы, бәсекеге қабілетті тауарлар өндіруге бағытталған озық технологиялар енгізіліп, ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсатуға, қалдықсыз өңдеуге басым бағыт берілді. Экономиканың негізгі салаларына 47,2 млрд. теңге инвестиция тартылды. Тұрғындар саны 12,6 мың болатын 25 елді мекенге су құбыры тартылып, 52,6 мың адам тұратын 10 ауылда ауызсу сапасы жақсарды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.