«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БҮГІНГІНІҢ ҚАРИЯСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Дана халқымыз әрқашан үл­кенге құрметпен, кішіге ізетпен қараған. “Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол” демекші дария кеуде, тау мүсін қарттар әрқашан қоғамды береке-бірлікке ұйыс­тырған. Ел мүддесін өз жеке ісінен жоғары қойып, бір қауым жұртқа бас-көз бола білген адамды ақсақал тұтқан. Ақсақалдарды ешкім сайламаған. Олар өнегелі істерімен көпке үлгі бола білген. Осы ретте бүгінгінің қариясы қандай деген сауал көңілде қылаң береді.

Даңқты батыр Бауыржан Момышұлы “шал – еш нәрсемен ісі жоқ, күйбің тіршілік жасап, өсек-­аяңға жақын жүруші, қария – өз туған-туыстарының ғана жағдайымен айналысушы, ақсақал – бір қауым елге ақылшы әрі қамқоршы, абыз – ел ішіндегі түйінді мәселелерді шешіп, әділеттікті қолдап, халықтың атынан ұлағатты сөздер айтып, өмірде өзі түйген ақыл-кеңесін беруші” деп қарттарды төрт топқа бөлген екен. Қазір заман басқа, көп нәрсе өзгерді. Қартайған жасына қарамай, баласындай жастармен әзіл-қалжың айтып, стақан соғыстыратын аға буынды көргенде кірерге тесік таппаймын. Өз қадірлерін өздері кетіріп жүрген қарттар жастарға қалай үлгі болады? Әлбетте, ондай адамды ақсақал деп айтуға ауыз бармайды. Бұрыңғы қарттардың білімі болмаса да, олар өз ортасында сыйлы, кішіпейіл, қадірлі еді. Салмақты мінезімен салиқалы ой айта білген қазыналар бауырмалдылығымен, кішілігімен, кісілігімен өзіне тартып тұратын. Амандасқандарының өзі неге тұрады? Сәлемді шын пейілмен, таза көңілмен қабылдап, отбасына жақсылық тілейтін. “Көңіл көңілден су ішеді” деп халық осындайда айтқан болар.

Аға буын өкілі ретінде жиын-тойларға жиі шақырады. Сондай отырыстарда кейбір замандастарымның жөнсіз әңгіме айтып, орынсыз сөйлегеніне қарным ашады. Ол аздай кейбірі әйелдер сияқты үстелді тонап, сарқыт алады. Оның ешқандай сөкеттігі жоқ шығар, бірақ ақсақалға бұл жараспайтын қылық. Қоғамда осындай жағымсыз әрекеттерді көргенде, көңілді мұң басады. Сондықтан замандастарыма абырой-беделімізді жоғалтпай, ақсақал дейтін атқа кір келтірмейік дегім келеді.

Жамбыл ҚҰСАЙЫНОВ,

еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp