«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРДАҚТЫ АҒА БУЫН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

1 қазан – Қарттар күні біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлемде аталып өтіледі. Бұл мерекені алғашқылардың бірі болып скандинавтықтар тойлады. Кейін АҚШ-та ерекше маңызға ие болды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1990 жылы “1 қазан – Халықаралық қарттар күні” туралы қарар қабылдады.

Халықаралық статистиканың дерегі бойынша, 2005 жылы әлемде 1 мил­лиард­тан астам адам 60 жастан асып, қарттар қатарына қосылды. 2050 жылға қарай дамыған елдердің көбінде 65 жастан асқан адамдар саны екі еседен артық болатыны болжануда. Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйы­мының жіктеуіне сәйкес, егде жас – 60 пен 74 жас аралығы, қарт адам – 75 пен 89 жас аралығы, ал 90 жас және одан ас­қан адамдар ұзақ жасағандар қатарына жатады. Халықтың қартаю үдерісі бірінші­ден, әлемдік экономиканың өсуімен, екін­шіден, ғылыми-техникалық үдеріспен, үшін­шіден, әлеу­меттік қатынастар сала­сы­мен, төртін­шіден, қарт адамдардың функ­ционалдық қабілеттері мен денсау­лық жағдайларының өзгеруіне байла­нысты.

Қазақ қоғамында ақсақалдар қашанда елдік пен өнегелі өмір тәжірибесінің қай­нар көзі саналған. Олар елді береке-бірлікке, ырыс-ынтымаққа жұмылдыра біл­ген. “Ауы­лыңда қартың болса, жазылып қой­ған хатпен тең”, “Қариясы бар елдің – қа­зы­насы бар” деген даналық тәмсілдер со­ны айғақтаса керек. Ұрпағын үлкенге – құр­мет, кішіге ізет көрсету үлгісінде тәрбие­леген халқымызда аға буын өкілдеріне жастар тарапынан ерекше ілтипат жасала­ды. Бүгінде елімізде қарт адамдарға деген ықылас жыл сайын артып, мемлекет тара­пынан оларға көрсетілетін көмектің көлемі де ұлғайып келеді. Әрбір азаматтың қар­тайған кезіндегі өмірін лайықты ету – мем­лекетіміздің әлеуметтік саясатының ба­сым бағыттарының бірі.

Бұған “Қа­зақстан Республикасында зей­нетақымен қамсыздандыру туралы”, “Қа­зақстан Рес­пуб­ликасында мүгедектігі бо­йынша, асыраушысынан айырылу жағ­дайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдем­ақы­лар туралы”, “Қазақ­стан Республика­сын­дағы арнаулы мем­лекеттік жәрдемақы туралы”, “Ұлы Отан соғысының қатысушы­ла­ры мен мүгеде­к­терiне және соларға те­ңестiрiлген адам­дарға берiлетiн жеңiлдiк­тер мен оларды әлеуметтiк қорғау тура­лы”, “Қазақстан Республи­ка­сындағы мүге­дектерді әлеуметтік қорғау туралы”, “Тұр­ғын үй қатынастары туралы” Заңдар мен өзге де нормативтік-құқықтық актілердің қа­былдануы игі ықпал етті. Бүгінде елімізде республикалық бюджет есебі­нен әлеумет­тік қолдау шаралары ретінде соғыс арда­гер­лері мен мүгедектер, олар­ға теңес­ті­рілген адамдар, ҰОС кезінде қаза тапқан жа­уынгерлердің жесірлері, тыл еңбеккер­ле­рі, “Алтын алқа”, “Күміс алқа” белгілері­мен марапатталған немесе бұрын “Батыр ана” атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дә­ре­желі “Ана даңқы” ордендеріне ие болған көпбалалы аналар арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алады. Мемлекетіміз егде тартқан азамат­тарымызға әлеуметтік қол­дау дең­гейін кезең-кезеңімен арттырып отыруды, тіпті экономикалық дағдарыс кезінде де тоқтатқан емес.

Бүгінде біздің өңірде 104800 зейнеткер, соның ішінде 23 ҰОС ардагері, 5744 тыл еңбеккері бар. Жуырда облыстық әкімдікте үстіміздегі жылы қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығы аясында іс-шаралар жос­пары қабылданды. Осы іс-шаралар жос­па­ры аясында қарияларды әлеуметтік қорғау саласында, медициналық қызмет көрсе­туді жақсарту мен тағы басқа мәселелер бо­йынша жергілікті атқарушы органдарға, аудан әкімдіктеріне нақты тапсырмалар берілді. Аудандық ардагерлер ұйымдары жергілікті атқарушы органдармен қазына­лы қарттарды әлеуметтік қорғау шеңберін­де қайырымдылық науқанына қатысу ту­ра­лы үндеу дайындап, бұқаралық ақпарат құралдарына жариялауда. Мәселен, ха­лықты әлеуметтік қорғау саласында зей­нет­керлер мен мүмкіндігі шектеулі адам­дарды отынмен қамтамасыз ету, тұрғын үйді жөндеу және жалғызілікті адамдар­дың мұқтаждығын анықтау үшін үй-үйді ара­лау, қарттарды қолдау айлығы аясын­да қоғамдық көліктерде қарттардың тегін жол жүруін, медициналық-әлеуметтік ме­ке­ме­лерде онлайн режімде “Ашық есік кү­нін” ұйымдастыру, облыстың амбулато­рия­лық-емханалық қызмет ұйымдарында тегін консультациялар беру, қажет болған жағдайда үйде медициналық тексерулер жүргізу немесе стационарда тегін емдеуді ұйымдастыру қарастырылған. Сонымен қатар өскелең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеуге арналған тақырыптық сабақ­тар өткізу, ардагерлерді құттықтау іс-шаралары жоспарланған. Қайырымдылық акциясы барысында Қызылжар аудандық ардагерлер ұйымының бастамасымен ардагерлердің бастауыш ұйымдарымен бірлесіп тоғыз құмалақ, шахмат, дойбы ойын­дарынан қарттар арасында спарта­киа­да ұйымдастырылмақ. Жарыс бары­сында облыстық ардагерлер ұйымының белсенділері филармония әртістерімен бір­лесіп концерт қояды. Дәл осындай ме­рекелік концерттер өзге аудандар мен об­лыс орталығында да ұйымдастырылады.

Бүгінде аға буын ұрпақты ізгілік пен мейір­­бандылыққа, Отанға адал қыз­мет етуге, айналадағы адамдардың өмір­ге, қо­ғамға деген оң көзқарасын қалып­тас­тыруға үйретуде. Олардың Тәуелсіздігіміз­дің нығая түсуіне қосқан үлестері орасан. Жақсы күндерді еселі еңбе­кпен жақында­ту­ға үлес қосуда аға ұрпақ өнеге көрсету­де. Бүгінгі күнге дейін ел игі­лігі үшін түрлі әлеуметтік қызмет сала­сында еңбек етіп жүрген зейнеткерлер аз емес. Сондықтан қарттарға айтар алғыс шексіз.

Бейбіт ӘБІЛЕВ,

облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp