Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер жыл басынан 6 мың литрге жуық спирттік ішімдіктерді заңсыз айналымнан алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде биыл 1750 аяқталған қылмыстық істің 473-і мас күйде жасалған. Олардың басым бөлігі дене жарақаттарын келтіру, бұзақылық, автокөлікті айдап әкету, ұрлық.
Жыл басынан полицейлер қоғамдық орындарға мас келген 8776 адамды жауапкершілікке тартты. Құрамында спирті бар өнімдерді сатуға қойылған шектеулерді сақтауға ерекше көңіл бөлінеді. Елімізде құрамында 30 % алкоголь бар сусындарды сағат 23.00-ден таңғы сағат 8.00-ге дейін сатуға тыйым салынған. Қуаттылығы күшті ішімдікті сағат 21.00-ден сағат 12.00-ге дейін сатуға шектеу қойылған. Қаңтардан бастап облыста алкоголь өнімдерін сату қағидаларының 106 бұзушылығы анықталды. Сонымен қатар, 137 сауда орынының иесі рұқсат құжатсыз ішімдік сатқаны үшін жазаланды. Лицензияланбаған алкоголь сатқаны үшін 9 адам жауапқа тартылды. Заңсыз айналымнан 5829 литр құрамында спирт бар өнім алынды.
«Алкоголь — адамдарды заң бұзушылыққа итермелейтін факторлардың бірі. Сондықтан «маскүнем» санаты бойынша есепте тұрған адамдар үнемі бақылауда. Тәжірибе көрсеткендей, оларды қоғамға қайтарудың бір жолы мәжбүрлеп емделуге жіберу. Ол үшін туыстарынан өтініш хат талап етіледі. Жыл басынан учаскелік инспекторлар наркологиялық ұйымға 153 адамды мәжбүрлеп емдеуге жіберді», – дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.
https://www.inform.kz/