«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Заң — қоғамның тірегі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Осыдан 10 жыл бұрын Президент Жарлығымен 30 қыркүйек әділет органдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып жарияланды. Әділет органдарының тарихы ертеден бастау алады. Қазақ өлкесін басқару жөніндегі әскери-революциялық комитет 1919 жылы 30 қыркүйекте әділет бөлімін құру туралы шешім қабылдаған болатын. 1920 жылдан Әділет халық комиссариаты жұмыс істей бастады. 1946 жылы Жоғарғы Кеңес Төралқасының жарлығына сәйкес Халық Комиссарлар Кеңесі Қазақ КСР Министрлер Кеңесі болып қайта құрылуына байланысты Әділет халық комиссариаты Әділет министрлігі деп аталды.

Ведомство соттар мен нотариатты ұйымдастыру, халық шаруашылығындағы құқықтық жұмыстарды насихаттау, әдістемелік басқару жұмыстарымен айналысты. Кейінірек аймақтық деңгейде соттардың өкілеттіктерін жүзеге асыратын әділет бөлімдері құрылды. Халық депутаттары облыстық атқару комитеті жанынан құрылған мұндай бөлім өз ісіне 1971 жылы қаңтардан бастап кірісті. Оның бірінші басшысы Мағзұм Әлжанов болды. 1988 жылы тамыз айында облыстық атқару комитетінің шешімімен әділет бөлімі таратылып, әділет басқармасы құрылды. Оның қарамағына АХАЖ бөлімі берілді.

Тәуелсіздік – кез келген мемлекеттің абыройлы мәртебесі, елдің басты игілігі болып табылады. 30 жылдың ішінде құқықтық мемлекет құрудың, сондай-ақ азаматтық қоғамды дамытудың қағидаттары мен негіздері түбегейлі өзгеріп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары толығымен қамтамасыз етілді. 1993 жылдан бастап әділет органдарына нормативтік-құқықтық актілерді, заңды тұлғаларды тіркеу, филиалдар мен өкілдіктерді есепке алу міндеттері жүктелді. 2004 жылы өңір аумағында аудандық және қалалық әділет басқармалары құрылды, ал облыстық әділет басқармасы департамент мәртебесіне ие болды. Осы сәттен бастап Әділет министрлігіне азаматтарды құжаттандыру, жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу және тіркелген құқықтар туралы ақпараттық қызметтер ұсыну, атқарушылық құжаттарды орындау өкілеттіктері берілді. “Бір терезе” қағидаты бойынша жұмыс істейтін мемлекеттік мекемелер – халыққа қызмет көрсету орталықтарын құру бағытында ауқымды шаралар атқарды.

2018 жылы әділет органдары қызметінде бірқатар құрылымдық өзгерістер жүргізілді. “100 нақты қадам” Ұлт жоспарын жүзеге асыру мақсатымен жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу функциялары “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” коммерциялық емес акционерлік қоғамының қарауына өтті. Ол көрсетілетін қызметтердің сапасын, қолжетімділігін жақсарту, кезекті азайту, құжаттарды рәсімдеу, тіркеу мерзімдерін қысқарту мақсатын көздеді. Бұдан бөлек, бір мезгілде екі және одан да көп мемлекеттік қызмет ұсынатын композиттік және проактивті қолдану тәжірибесі енгізілді.

Облыстық әділет департаменті биыл 1550 мемлекеттік қызмет көрсетті. Оның ішінде өндіріп алушының өтініші бойынша атқарушылық құжат негізінде атқарушылық іс жүргізуді қозғау, әділет органдарынан және өзге де мемлекеттік органдардан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою, заңды тұлғаларды тіркеу, құқықтық міндеттерді түсіндіру, заңгерлік көмек көрсету қызметтері басым. Жеке сот орындаушылары институтының пайда болуы әділет органдары үшін маңызды оқиғалардың бірі саналады. Бұрын жоғары заңгерлік білімі бар кез келген адам сотта азаматтың мүддесін білдіре алатын. Өкінішке қарай, мұндай көмек көбінесе сапасыз атқарылатын, салдарынан өз құқықтарын қорғай алмай әрлі-берлі сабылатындардың қарасы еселеп кететін. 2018 жылы “Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы” Заң қолданысқа енгізіліп, адвокаттық қоғамдастықтың “көлеңкесінде” қалып қойған көптеген заң консультанттарын біріктіруге қол жеткізілді. Жергілікті жерлерде жұмыс істейтін адвокаттар алқаларынан бастапқы кіру жарналары алынып тасталды. Енді олар адвокаттық қызметпен алаңсыз айналыса алады. 2021 жылғы 1 шілдеден бастап Әділет министрлігінің араласуымен әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қабылданды. Бұл құжат жария-құқықтық дауларды реттеуге арналған.

Қазақстанның әділет органдары елде болып жатқан ірі тарихи оқиғалардың қатысушылары ретінде қоғамның саяси, құқықтық және әлеуметтік-экономикалық өмірін қайта құруға белсене араласып келеді. Әділдік пен заңдылықты қамтамасыз ету қашанда басты мақсат болып қала береді.

Айдос ТОҒЫЗБАЕВ,

облыстық әділет департаментінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp