Ауа райы салқындаған кезде вирустық және жұқпалы аурулар эпидемиясы басталады. Сондай сәтте әр адам вирус жұқтырып, ауырып қалуы мүмкін. Егер отбасының бір мүшесі сырқаттанып қалса, үйде дезинфекция жүргізу керек. Вирус пен бактериядан құтылудың түрлі жолы бар. Қышымамен, туберкулезбен, педикулезбен және басқа да аурулармен ауырғанда, бөлмеде ылғал мен тарақан, қандала, бүрге және басқа да зиянкестер болған жағдайда залалсыздандыру шараларын жүргізу ұсынылады. Мұндай жағдайда үй-жайларды өңдеуде кәсіби мамандардың көмегіне жүгінген абзал.
Залалсыздандыру шараларын жүргізетін мамандар қажетті құралдармен жабдықталған. Бірақ кейде мамандардың көмегіне жүгінбей-ақ залалсыздандыру шараларын өзіміз де орындай аламыз. Химиялық құралдарды қолдану кезінде жеке қорғаныс құралдарын пайдалану және респиратор, резеңке қолғаптар, қорғаныш халат және көзілдірік кию керек. Нұсқаулықта көрсетілгендей үй құстары мен жануарлар үй-жайдан тыс болуы керек. Бөлмелердің еденін, басқа да жерлерді және бұрыштарды арнайы құралдармен сүрту, ас үй, жуынатын бөлме, дәретхананы мұқият тазалау, дезинфекция ерітіндісін үнемі ауыстыру, арнайы аэрозоль көмегімен жұмсақ жиһазды өңдеу, кілемдер мен түрлі жабындарды тазалау, балалардың ойыншықтарын, жиһазды қозғап, оның астындағы еден мен қабырғаларды жуу ұсынылады. Науқас ұстаған заттың барлығын – теледидар пультін, компьютердегі пернетақтаны, компьютер тінтуірін де сүрту қажет. Залалсыздандырудан кейін үй-жайды мұқият желдету керек. Осындай шараны үш айдан кейін тағы қайталауға болады.
Дезинфекция жасаудың қарапайым әдісі бар. Нашатыр спирті микробтан құтылуға көмектеседі. Стаканға оның бірнеше тамшысын қосып, үйде стерилизация жасай аласыз. Сірке суы да дезинфекцияның ең тиімді құралы саналады. Ол вирустар мен түрлі микробтарды жеңе алады. Ол үшін сірке суы мен суды пульверизаторы бар бөтелкеге құйып, бөлмеге бүрку керек. Сірке суының орнына лимон шырынын пайдалануға болады. Инфекция мен микробтарды ас тұзының ерітіндісі жояды. Сонымен қатар оның жағымсыз иісі жоқ және аллергиялық реакцияларды тудырмайды. Ас тұзы қосылған ерітіндімен түрлі жерлер өңделеді. Дәретхана мен ваннаны құрамында хлор бар заттармен дезинфекциялау ұсынылады.
Үйді техникалық құралдардың көмегімен дезинфекциялау ыңғайлы. Олар жинақы, кір жинамайды және иіс бөлмейді. Ауаны дымқылдандыратын құрылғы кішкентай балалары бар үйде өте қолайлы. Аппарат бөлмелерді ылғалдандырып, ауаны ауру тудыратын микробтардан тазартады. Оны үнемі таза сумен толтыру керек. Ауа рециркуляторының қуаттылығы әртүрлі болады. Оның көмегімен бөлмені де, бүкіл үйді де дезинфекциялауға болады.
Тұмау және әртүрлі вирусты инфекциялардың таралуы кезінде залалсыздандыру шараларын жүргізудің пайдасы мол. Өңдеу шараларын жүргізуде қолайлы, ыңғайлы әдістер мен құралдарды пайдалануға болады. Аурумен күресуден, алдын алу шараларын жүргізу әлдеқайда тиімді екенін еске саламыз.
Ирина ТУПОВА,
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша дезинфекция орталығының бөлім басшысы.