«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Күнәларын ауырлатпайық

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Осы жазда досымның әкесі қайтыс болды. Суық хабарды апта өткеннен кейін естідім. Тез арада бара қоюдың жөні келмей, арада біраз уақыт өткесін жолға шықтым. Той емес, өлімге бара жатқанның жайы басқа. Көңілім алақұйын. Қашан барсам дарба­заның түбіндегі ағаш орындықта алысқа көз жіберіп, терең ойға шомып отыратын ақсақал бұл жолы көрінбеді. Орындық бос тұр. “Өмір өткінші” деген осы, міне!

Досым мал сойып, ет-жақындарын жинап, құлпытас орнат­қалы жатыр екен. Сауапты істің басына дәл келіппін. Ас ішіп, аруаққа Құран бағыштағаннан кейін жазу жазылған көк тасты кө­теріп, бейіт басына беттедік. Қабірстанның екінші жақ басында да бір топ адам жұмыс істеп жатқан сияқты көрінді. Біз де өз ша­руамызға ойыстық. Қабірдің то­пырағы басылып қалыпты. Қолы­мызға бір-бір күрек ұстап, ши­рақ қимылдап, құлпытасты бір сағатта-ақ орнаттық. Шаруамыз­ды тындырып, көңіл жайланған соң арғы беттегі адамдарға жақындадық. Бейнебір құрылыс басына тап болғандайсыз. Кірпіш, кафель мен цемент үйіліп жатыр

– Не істегелі жатырсыздар? – деп едік, ішіндегі біреуі күмбез екенін айтып, қысқа қайырды. Оның бұл сөзі “кедергі жасамаң­дар” дегендей болды ма, әйтеуір үні қатқылдау естілді.

– Марқұм елі үшін еңіреп еңбек еткен, халқына қамқор бол­ған адам еді. Осы жерге жер­ленген жора-жолдастарының басына көкке мойын созған күмбездер орнатылған. Тірісінде дәреже-атағы солардан кем емес еді, өлгенде де тең болсын деп шамамыздың келгенінше біз де күмбез тұрғызғалы жатырмыз, – деді арасындағы мосқалдау адам бір сәт шешіле сөйлеп. Біз артық сөз айтпай үйге қайттық.

Досымның әкесі өте сұңғыла жан еді. Тірі кезінде балаларына: “Мен бақилық болғаннан кейін басыма сәулетті күмбез жасамаңдар! Жай ғана зират көтерсеңдер болады”, – деп өсиет айтып кетіпті. Бірақ жұрттың бәрі аманат айтпайды ғой. Содан ба ат шаптырым аумақты алып жат­қан қабірстанда бірінен-бірінің сәулеті асқан неше түрлі күмбездер күнге шағылыса жарқы­райды.

Пенде бақилық болғанда жер қойнына тапсырылатыны хақ. Бұрынғылар қайтыс болған адамның басына тас үйген. Себебі, өлікті жыртқыш хайуандар жеп кетеді деп алаңдаған. Қазір ондай қауіп жоқ қой, қабірстан аумағы қоршалған. Жалпы үлкендер о дүниелік болған адамның күнәсін ауырлатпау үшін оның басын өз топырағымен ғана қалдырушы еді. Қазір аспанмен таласатын зират тұрғызу мақтанға айналғандай. Соған қарап, марқұмның көзі тірісінде біліп және білмей істеген күнәлары аздай, тағы күнә жамап жатқанымыз қалай деген ой келеді. Сол жұмсалған ақша мен дүние-мүлікті жетім-жесірлерге, ғаріп жандарға үлестірсек, үлкен сауап емес пе?

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp