«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Мәдениетке ерекше бетбұрыс

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа арнаған Жолдауында мемлекеттік тіл мәселесіне баса назар аударды. Маңызды құжатта Мемлекет басшысы “Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Ата заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі. Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс”, – деп қадап айтты.

Облысымызда Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы өз деңгейінде жүзеге асырылуда. Бүгінде тілдерді оқыту орталығындағы 140 топта 2500-ден астам тыңдаушы білім алуда. Соның ішінде 124 топта қазақ тілі (2264 адам) үйретілуде. Облыс аудандарында және Петропавл қаласында жергілікті бюджет қаражаты есебінен ересек тұрғындарды оқытатын қосымша 72 топ ұйымдастырылды, соның 64-і қазақ тобы. Аптаның әр бейсенбісі күні жергілікті “Qyzyljar” телеарнасынан “Оқу оңай” атты телесабақ өткізіледі. Бұл сабақтар қазақ тілін қысқа мерзімде меңгеруге мүмкіндік береді. Бүгінде бұл бағдарламаны 10 мыңнан астам адам қарап үлгерген.

Биылғы оқу жылында облыста 112 мектеп мемлекеттік тілде білім беруде. Қазірдің өзінде өзге этнос өкілдерінің тіл үйренуге қызығушылығы артуда. Оған дәлел – биылғы оқу жылында басқа этнос өкілдерінің 280 баласы қазақ сыныптарында оқуға ынта танытты.

Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған креативті индустрияны қолдау қорын құру идеясы ноу-хауды, инновациялық жобаларды іске асыруға дайын үміткерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Осылайша жаһандық деңгейде өңірдің имиджін қалыптастыру көзделуде. Бүгінгі таңда облыста креативті индустрияны дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Дарынды жастарды тарта отырып, заманауи студиялар ашылуда.

Самал Есләмова, Әділхан Макин, “Sensitive” балдық би ансамблі мен өңірдің басқа да өнерпаздары республикалық және халықаралық байқауларда ел намысын абыроймен қорғауда. Осындай дарынды жастардың арқасында Қазақстан мәдениеті жаһандық деңгейде танылғаны кеудеге қуаныш ұялатады. Сондықтан алдағы уақытта жаңа мәдениетті және оның дарынды өкілдерін дәріптеуге бағытталған нақты шаралар жоспары ұсынылады. “Креативті экономиканы” іске асыру шеңберінде мәдениет саласының белсенді жастарымен, медиа тұлғалармен кездесулер өткізіледі. Онда мемлекеттің қолдауына ие қызықты, креативті жобалар талқыланады.

Үстіміздегі жылдың маусым айында креативтік ойлау қабілеті бар, қызметтің әртүрлі салаларында белгілі бір табысқа қол жеткізген адамдар туралы “Creativщики” әлеуметтік-интернет жобасы іске қосылды.

Биыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің жанында “QYZYLJAR” art-орталығы ашылды. Жергілікті бюджеттен 85,5 миллион теңге жұмсалып, нәтижесінде жаңа мәдениет нысаны бой көтерді. Суретшілер мен қолөнершілердің, ақын-жазушылар мен музыканттардың басын қосуды мақсат тұтқан ашық аспан астындағы аталған нысан қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті орнына айналды. Орталық көктем-жаз айларында жұмыс істейді. Қала тұрғындары мен қонақтары бұл жерде суретшілердің, қолөнершілердің көрмелерін тамашалап, өздері де сурет салып, кәдесый жасап үйрене алады. Облыстың барлық суретшілері мен қолөнершілері бұл жерде өз көрмелерін өткізіп, бұйымдарын саудалау мүмкіндігіне ие. Өнерпаздардың концерттері ұйымдастырылады. Ашық аспан астында кинозал бар.

“Цифрлық Қазақстан” және “Ақпараттық Қазақстан 2020” мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру шеңберінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолданысқа енгізу мен жаңғырту үшін өңірдегі кітапханаларда 39 коворкинг орталық ашылды. Соның ішінде алтауы – қалада, қалғаны аудандарда жұмыс істейді.

Ел Президенті өз Жолдауында халқымыз үшін зиялы қауымның орны қашанда ерекше екенін, ұлт тағдыры сынға түскен сәтте көзі ашық азаматтар әрдайым көш бастағанын тілге тиек етті. Шынымен, ел ағалары адасқанға жөн сілтеп, жастарға бағыт-бағдар беріп, бір ауыз сөзбен тентегін тыйды емес пе? Мемлекет басшысы айтқандай, біз қанымызға сіңген осы қасиеттен айырылмауымыз керек. Өйткені қазір – ғаламтор дәуірі. Ондағы бей-берекет ақпарат, атыс-шабыс ұрпақтың санасын улап жатқаны жасырын емес. “Атың шықпаса, жер өрте” дегендей, бір сәттік танымалдықты көксейтін тамырсыз идеялар жаппай белең алуда. “Бұл – аса қатерлі үрдіс. Дәл осы кезеңде ұлт зиялыларының ұстанымы және белсенділігі айрықша маңызды. Зиялылардың еңбегі марапатымен емес, салиқалы сөзімен және нақты ісімен бағаланады. Басты міндет – жалпы адамзатқа ортақ қастерлі құндылықтарды жастардың бойына сіңіру”, – деп атап өтті маңызды құжатта Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жақында С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада “Естелік пен бейбітшілік жолдарымен” халықаралық жобасының экспедиция мүшелері жергілікті зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Сейдахмет Құттықадам, Баянғали Әлімжанов сынды белгілі тұлғалар, Мерей Қарт, Бекзат Смағұлов сынды дарынды жастар ата-бабамыздың салт-дәстүрі мен тарихы туралы тағылымды әңгіме айтты. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында жүзеге асырылып жатқан маңызды жоба Қазақстан мен Ресей гуманитарлық диалогының тағы бір байланыстырушы буыны болмақ. Кездесу аясында делегация мүшелері Абай және Пушкин, Мағжан Жұмабаев ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, аға ұрпаққа тағзым етті. Жалпы, өңірдің мәдени өміріне жергілікті зиялы қауым өкілдері белсене қатысатынын айтқан жөн. Бұқаралық іс-шаралар олардың қатысуынсыз өтпейді. Облыстық С.Мұқанов атындағы ғылыми-әмбебап кітапхананың жанынан “Гармония” және “Шабыт” клубтары құрылды. Олардың құрамында түрлі жастағы, белсенді өмірлік ұстанымы мен саламатты өмір салтына құштар адамдар бар. Клубтарда әдеби-музыкалық кездесулер, “дөңгелек үстел” отырыстары және тағы басқа шаралар өтеді. Сонымен қатар биыл “Солтүстік Есіл өңірі: инновациялық даму жолында” атты кітапханашылардың өңірлік форумын өткізу жоспарлануда. Біздің өңірдегі шығармашылықпен айналысатын зиялы қауым ақындық өнерді жандандыруға және дамытуға белсене араласады. Облыс орталығы мен Аққайың ауданында поэзия клубтары құрылды. Онда түрлі жастағы мамандық иелері поэзия кештерін өткізіп, шығармашылықтарын дамытуда. Клубтың құрамында біздің өңірдің ғана емес, Қостанай, Көкшетау, Қарағанды, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының ақындары да бар.

Биылғы Жолдауда Президентіміздің мәдениет саласына ерекше көңіл бөлгені баршамызды қуантты. Бұған дейін елімізде өзге сала мамандарының жалақысы өскен болатын. Биыл мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілер сияқты қызметкерлердің жалақысын мемлекет 2022 жылдан 2025 жылға дейін жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіретін болады. Бүгінде облысымызда мәдениет саласында 2700-ден астам адам жұмыс істейді. Соның ішінде 720 кітапханашы, 203 мұрағатшы бар. Осындай жағымды жаңалықтармен жұмысқа кіріскен мәдениет саласы қызметкерлері Жолдау жүктеген міндеттерді орындап, еліміздің дамуына өз үлестерін қосуға дайын.

Досбол ӘБДІРЕЙІСОВ,

облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp