Көрнекті ақын, тарихшы-этнограф, ағартушы, дала данасы, көріпкел, көсемсөзші, табиғаттанушы, мұратанушы, ғұлама-хакім Мәшһүр Жүсіп 9 жасында “Қозы Көрпеш – Баян сұлу”, “Ер Тарғын”, “Төрт жігіттің өлеңі” жырларын жатқа заулатып айтқан екен. “Толғадым тоғызымда толағайдай” деуі тұп-тура шындық. Елдің: “Мәшһүрде тоқтау, жалығу, еріну, мүдіру, кідіру болмайды. Жарық шамдай жайнап, мөлдіреп аққан бұлақтай қайнап, тасыған судай төгілдіріп, маржандай тізілдіріп, бұлбұлдай сайрап, тыңдаушылардың көңілін әбден жайнатып, таңырқатып, тамсантып, мейірлерін қандырады”, – деуі тегін болмаса керек.
Мәшһүр Жүсіптің атағын естіп, сонан соң өнерпаздығына куәгер болған ел ұстарлық өнер-білімі мен ақылы асқан дуанбасы Мұса Шорманұлы: “Өз заманында адамзаттың сырттаны, жігіттің сұлтаны атанып, халыққа мәшһүр болатын жан екен”, – деп оған ілтипат білдірген.
Мәшһүр Жүсіптің ұстазы – Қамаралдин (кейде Қамардин, Қамар) хазірет еді.
Аға сұлтан Мұса Шорманұлы Қамаралдин хазіретке сәлем беру мақсатында үйіне келеді. Мәслихат құрады. Жақсылардың кеңесінде сөзден сөз, ойдан ой туындап отырғанда: “Көпей сопының қарғадай баласының білмейтін сөзі, жырламайтын қиссасы жоқ, сайрап тұрған бұлбұл!” – деген сөзді естіп, Көпейге қарата:
– Сопы, сіздің бір балаңыз: әңгімешіл, қиссашы, өлеңді, жақсы айтады екен. Өзін көріп, әңгімесін тыңдайық. Бұл өз заманында халыққа мәшһүр болатын бала екен! Бас киіміне үкі тақтырып қойыңыз! – депті.
Мәшһүр Жүсіп “Қамаралдин хазірет” дейтін толғауында “аузынан дүрлер тамған”, “дін исламның шамшырағындай” ұстазының дарабоз тұлғасын әдемі сомдайды. Өмірі дастанға лайық “Арқада дін исламның жалғыз туы” болған Қамаралдиннің өмірінен мәнді мағлұматтар береді.
Мәшһүр Жүсіп “Қамаралдин хазіреттен естіген сөз” дейтін жазбасында, ұстазының қазыналы жүрегінен құйылған ой маржандарын еске түсіріп отырады.
“Арыстандай атағы, тұлпардай дүбірі” бар, ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермеген, бейне бір “қорындай үзілмейтін қара саба” Мәшһүр Жүсіптің ұстазы – Қамаралдин хазіреттің тарау-тарау мағыналы ғұмыры оның өмір жолының алтын арқауы секілді.
Мәшһүр Жүсіп 1863-1868 жылдарда Баянауыл медресесінде Нәжмеддин молдадан, 1868-1872 жылдарда Қамаралдин хазіреттен оқып, араб, парсы, шағатай және түркі тілдерін үйренеді. Шығыс елінің мәдениеті мен ғылымына қанығып, сусындайды. Қазақтың ескілікті ауыз әдебиеті нұсқаларын жинақтап, жүйелеп хатқа түсіреді.
1872-1874 жылдарда Бұқарадағы Көкілташ медресесінде жан-жақты білім алады. Көрегендік, болжампаздық қасиеттерге ие бола бастайды. Ой-пікірлерімізді айшықтай түсу үшін Мәшһүр Жүсіптің адами болмысына, өмір тарихына қатысты мынадай деректерді келтіре кетсек дейміз.
“Жұма намазына барғанда үстінде қара шапаны, қолында аса таяғы бар ақ сақалды адам алдымнан кес-кестей берді. Сәлем бердім. Сәлемімді аларда аса таяғын жерге шанши салды. Ұшында үшкір темірі жоқ таяқ жерге қадалып, сәл дірілдегендей болды. Іле таяғын қолына алып, өзімді үш айналып, таяғымен әр жерімнен түрткіледі де: “72, 73” деп кері айналып жүре берді”, – дейді.
Мына бір Мәшһүр Жүсіптің басынан өткен тосын жайды айтпасқа болмас.
“Бір күні монша іздеп келе жатыр ем, бір ақ сақалды адам кез бола кетіп: “Жүр, балам, мына жерде монша бар”, – деп ерте жөнелді. Көп ұзамай-ақ кішірек, көзге қораштау бір моншаға әкеліп, мені шомылдыра бастады. Арқа-басымды ысып, кәнігі бір моншашы іспеттес қимыл жасайды. Ойладым, “осыны кәсіп еткен бір пақыр болар” деп. Ақша ұсынып едім. Алмады. Құдайы шайхы адам болды ғой деп, киініп алып біраз жүріп барып артыма қарасам, әлгі жерде тұрған не монша жоқ, қария да көз алдымда ғайып болған.
Сөйтіп, таңғажайып оқиғаны ұстазыма таңырқай отырып баяндаған едім, о кісі былай деді: “Құдай жарылқаған екен. Ол Қожабауеһдиннің моншасының ескі орны еді. Сені шомылдырған сол адамның өзі болар. Бұдан былай аузыңнан шыққан сөздің бәрі лепес, қабыл болады”. Осы екі көріністегі кереметке қалай таңданбайсың!?
Мәшһүр Жүсіп Көкілташ медресесін тамамдап елге қайтарда сабақтастары, ұстаздары Балқаш көліне дейін жеткізіпті. Сонда олар: “Бізге Сарыарқадан енді Мәшһүр Жүсіптей шәкірт келіп дәріс алмас”, – дейді екен.
Ол 1874-1876 жылдарда ұстаздық қызметпен шұғылданады. 1880 жылдардан бастап Мәшһүр Жүсіп шежірелік деректерді, ұлт тарихына қатысты мәліметтерді тиянақты түрде жинауға кіріседі. Көсемсөздер туындатады. 1880-1885 “Дала уалаяты” газетіне, 1887 жылы Ташкенттен шығатын басылымдарға, 1911-1912 жылдарда “Айқап” журналына материалдар ұсынады. “Дала уалаяты” газеті Мәшһүр Жүсіптің шығармашылығы жөнінде мынадай пікір білдірген: “Сөзі қарасөзбен болса да, өлеңмен болса да дәмді болып көрінеді. Көпеевтің сөзінен сөз танушыларға ғибрат көп табылып тұр”.
Мәшһүр Жүсіп 1881 жылы Мейрам қажы Жанайдарұлымен танысады. Ол өз заманының айтулы білімпазы болған. Орыс тілін жетік білген. Шығыс халықтарының және қазақ халқының атақты би-шешендерін, ақындарын, батырларын, хандарын, тарихи-әдеби жәдігерлерін жиып, жүйелеп, зерделеген. Мейрам қажы Мекке, Мәдина, араб жұртының Ташкент, Түркістан, Бұқара шаһарларынан шыққан ғұламаларға қатысты тарих пен әдебиет мұраларын жинаған. Оны В.В.Радлов жоғары бағалаған.
Мәшһүр Жүсіп Шығыстың ұлы ойшылдары, оқымыстылары, сөз зергерлері, әсіресе Ибн-Сина, Сократ, Әбілғазы, Фирдоуси, Науаи, Сағди, Низами, Тафтазани, Ғазали, Нақшыбанди шығармашылығын зерделеп, зерттеп оқыған.
Мейрам Жанайдарұлының кітапханасынан 1870 жылы Петербургте жарық көрген В.В.Радловтың жинағының көшірмесін алады. Онда әйгілі Саққұлақ шешен, шежіреші қаракесек Бердалы қожа, аққошқар Сайдалы, Абылай хан әулеттерінің, Қоңырқұлжа Құдаймендин ұрпақтарының аузынан жазып алған құндылықтар болған.
“Болат майырылмайды, асыл жасымайды, қайратты қажымайды”, – деп сөз асылын, ой асылын терген Мәшһүр Жүсіп таным-пайымын, білім-білігін тереңдету мақсатында екі рет Бұқара қаласына келген. Осынау сапарында Қожа Ахмет Ясауи кесенесін көріп, тарихына үңілген. Ташкент шаһарында Сыздық Кенесарыұлымен дидарласып, Хан Кененің жорықтары жайындағы мәліметтерді хатқа түсірген. Сонымен қатар Майлықожа, Күдеріқожа, Ақмолда, Дайыр, Молдағали ақындармен жүздесіп, кейбіреулерімен сөз жарыстырып көрген.
1889-1891 жылдарда Кіші жүз елінде Жәңгір төремен, атақты батыр Науша Қаржауұлының шөбересі Қадырмен сұхбаттасады. Науша, Жәңгір хан, Исатай-Махамбет, Шернияз, тама Сарыбас мерген турасында, тұлғатануға қатысты мағлұматтарға, ру-тайпа таңбаларына, ұрандарына, шежірелік-жылнамаларға қанығады. 1895-1907 жылдары Бұқара, Самарқан, Түркістан, Ташкент қалаларына келіп, әдеби-ғылыми шығармашылығын одан әрі өркендету, толықтыру мақсатында білім кәусарынан сусындайды.
1907 жылы Қазан қаласындағы Хұсайыновтар баспаханасынан “Хал-ахуал”, “Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз”, “Сарыарқаның кімдікі екендігі” дейтін кітаптары жарияланады.
“Дін тағылымы” атты жазбаларында “мидың бес қызметкері”, яғни бес сезім мүшесі (“Хауас хамса”), жігіттік және кәрілік жас уақыты яки иненің жасуындай міні жоқ Құдайдың шеберлігі білімпаздықпен сөйленеді. Көңіл, нәпсі, қанағат, дене, көз, мұрын, құлақ, ауыз, қол, аяқ тәрізді дене мүшелеріне лайықты сипаттама береді. Мысалы, дене – шаһар, құлақ – телеграф, ауыз – телефон, аяқ – пароход т.б. “Егер қанағат байлығы берілсе, сол байлықтың арқасымен пенде Құдайды табады”, – дейді.
“Жеті семіз сиыр мен жеті жасыл бидай – жігіттің жас уақыты”, “Жеті арық сиыр мен жеті қуарған бидай – кәрілік уақыты” дейтін ұғымдарды ғылыми айналымға қосады. Кәрілік дегеніміз – таршылық, қоршылық, жарлылық, зарлылық. Оның көріністері: 1) ашу, 2) шаһуат, 3) тәкаппарлық, 4) күншілдік, 5) хырыс дүние, 6) өтегендік, 7) кекшіл, кінәшіл. Ал адамның болмысында 1) хикмет, 2) ғылым, 3) қанағат, 4) сабыр, 5) руза, 6) шажағат, 7) тағат болса, онда жақсы мінездердің арқасында “денесі Мысыр шаһары” іспеттес. Мәшһүр Жүсіптің көрсетуінше, “Айтушы Құдайдың өзі де, не сөйлесем, соның сөзі”, – дейді.
Мәшһүр Жүсіптің діни-сопылық дүниетанымы мейлінше терең. “Ұшы жоқ ұзын, түбі жоқ терең” таусылмайтын сөз бар. “Ақырет жабдығы” толғамында сөйлеуші мен тыңдарман арасындағы өзара қарым-қатынасты Шайхы Әбілхасымның уағыз айту үстіндегі күйіне орай ойлар өрбітуі, яғни “жан ділмен, шын көңілмен” сөйленуі қажеттігі айтылады. Түркілік-сопылық мәдениетті жетік меңгерген Мәшһүр Жүсіптің: “Көңіл деген үй сықылды нәрсе. Оның ішіне кіретұғын иесі – Жаратушы Құдай һәм Құдайдың пікір-зікірі”, – деген байламында діл, ождан, рухани тазалықты байыпты бағамдайды. “Сөз деген көңіл қазынасында жауһар” дейтін пікірінде қаншама сырлар, мағыналық қырлар бар. “Көңіл” ұғымында қазыналы жүрек, қасиетті рух, нәзік сыр, кемел парасат, дұрыс ниет, шалқар пейіл, мырза мейір, иман бір-бірлерімен керемет үйлесім тапқан. Алланың кереметін, тағылым-тәлімін, игілік-ізгілігін кемелдікпен зерделеген кемеңгер Мәшһүр Жүсіп оның мынадай сауалдарын келісті көрсетіп отырады. Мысалы: “Әй, пенделерім, дүниеде саған сондай кеңшілік бердім. Маған сен не келтірдің? Пәлен демалыс бердім, ол демалысты не қызметпен тауыстың? Ғақыл бердім, қандай орынға жұмсадың? Ғылым бердім, оның күшімен не жұмыс қылдың? Мал бердім, оны қалай аударып, төңкердің? Гауһар тастай көз бердім, саңғырлап тұрған құлақ бердім. Қалай жұмсасаң, икеміңе көнетұғын қол бердім. Ойлаған жеріңе баруыңа аяқ бердім. Дүниені бір базар қылып, осынша сомамен жіберген маған не базарлық алып келдің? Бірі – шот, бірі – күрек орнында. Қол-аяқ беріп: “Егін салыңдар!” деп жібердім. Қандай жерге егін салдыңдар? Қанша еңбек алдыңдар?” – деп өмірлік сұрақтарды алға тартады. Расында, адам өмірінің, тіршілігінің мәні мен сәнін, негізгі ұстаным-қағидасын нәзік талғампаздықпен, ойшылдықпен түсіндіріп беріп отыр ғой. “Адамның тірлігі – қайнап, толқып жатқан дария”, – дейді. Ендеше, сол бір бұрқылдап, шалқыған дариядан өз ырысыңды таба біл, жемісіңді тере біл дегені қандай абзал десеңізші?
Мәшһүр Жүсіптің Алланың ғылымын, хикметтерін, кемеңгерлік істерін, Құран қағидаттарын, шарттарын, түркілік-сопылық дәстүрлерін жетік, мүлтіксіз білетіндігін “Алла құдіреті” туындысынан көруге болады. Алланың құдіретіне, “оны тануға ақыл-ойым, зейін-пікірім жетпейді”, – дейді де, ғаламды, адамзатты, мақұлықтар дүниесін қалай Алла мінсіз келістіріп жаратқанын білгірлікпен дәлелдеп, түсіндіреді. “Айдай әлемді, жанды-жансыз мақұлықтарды Құдай алты күнде түгел жасап шығарған. Соның өзгесі де бір бас, жеке адам да бір бас. Осы дүниені адам көркейтпек. Құдайдың құдайылығын жұрт көзіне адам түсірмек. Ол алты күннен соң, Құдай жаратпақ еді, не болса да, сонда мүкі-тақы қалдырған дәнемесі жоқ. Дүниеде не тамаша, не өрнек – бәрі адамның денесінен алынған”, – деп адамның дене мүшелерінің асыл қасиеттерін, абзал қызметін, бір-бірлерімен байланыстырып, сонымен бірге Күн, Ай, жұлдыздар әлемінің құпия жұмбағын, бір сөзбен айтқанда, Алланың шеберлігін бажайлап пайымдайды.
Ол ғылым, білім, жаратылыс, әдеп, рақымшылық, кісілік, байлық, кедейлік, жалған, бақилық, ар, намыс, иман, дін турасында сымға тартқан ақ күмістей өміршең ой-пікірлер өрбітеді. Шариғатқа жүйрік әмбебап ғұлама “Құран Кәрім” философиясын, Қожа Ахмет Ясауидің кемеңгерлік кеңестерін кестелі, көркем жеткізеді.
Мәшһүр Жүсіптің шығармашылық еңбегі жөнінде ұлы суреткер Жүсіпбек Аймауытов былайша толғанады: “Сіз, қазақтың қазақ заманында дүниеге келіп қалған гауһарысыз. Сіз, құлашыңыз ұзын, қиялыңыз терең, арманыңыз алыстағы өткен өмірде. Жаңа заманның бұйынтақ сөзі, жыбырлақ мінезі сізді жарытпайды, тосаңсытады, күні өткен жат адам қылады. Жаңа заман өйте берсін. Сіз, онда жалғыздығыңызды, жапандығыңызды, сәнді-салтанатты ескі күніңізді жырлап өтіңіз. Ақынның ақындығы улаған ойын, тулаған сырын оқушыны толқытқандай қылып, тізген меруерттей кестелі, толғаулы сөзімен айта білуінде ғой”. Десе дегендей, ол – қазақ көркем ойы тарихындағы өзгеше бір құбылыс. Бұл орайда оның қазақ тілінің табиғаты туралы ой-толғаныстары тәуелсіздік тұсында мейлінше көкейкесті. “Қазақ тілінің өзін білуші жоқ, мәнісін білуші де жоқ. Бұрынғы ата-бабамыз қазақ тілін тегіс білуші еді, мәнісін де түсіндіріп отырушы еді. Сондықтан бәрі әулие болып, айтқаны айтқанындай келіп отырушы еді”, – дейді.
Мәшһүр Жүсіп сөздің тамырын, түбірін танытуға, сөйтіп, дүниетанымыңды тереңдетуге себепкер болуға құлшындырып, ұмтылдырады. Асылында, қазақ тілінде тұңғиық сыр, ишаратастар, алуан түрлі иірімағыс бар. Соны түсіндіреді.
Қазақ сөзі айтады: “Әуелі өзіңнің үйіңе жақ, онан соң ауылыңа жақ, онан соң Отан-аймағыңа, онан соң халқыңа жақ, сонан соң барып Құдайыңа жақ!” – дейді екен. Әне – дін, әне – өсиет, әне – қасиет” деген лебіз-пікірінде озат ой, озық тағылым, озғын тәжірибе бар. Мәшһүр Жүсіп “Әне – дін, әне – өсиет, әне – қасиет” дегенде сөздің таза жүрек, терең ой, әдеп-иман, ар-ожданнан туатындығын, мөп-мөлдір, тап-таза қасиеттерге, ант-аяттай өсиеттерге негізделетінін, жалпы айтқанда, оның таңғажайып болмысын келістіре жеткізген. Сөз қасиетін түсіну, кие тұту – тумысынан, “ақыл-есіне ие болуға жарағандықтан”. Бұған айғақ ретінде мынадай жарқын деректі сөйлетеді. “Адамзат ақыл-ойының шамшырақтары Сократ, Аристотельдер өз бойындағыға ие болып”, ешкімнен үйренбей, өз білімімен тапты”, – деп түйінді тұжырым жасайды.
“Адам тек өзінің адамдығына ие болуға ойлану керек. Өз бойындағысына өзі ие болуға жараған жан ақылына билетеді, ақылға сыйғанды ұстайды…”, – деп жазады.
Мәшһүр Жүсіптің сөз төркініне және оның суретті мағыналарына байланысты ой-толғаныстарына жүгінейік.
“Қазақ сөзі: “Неке суы – Мекке суы” дейді. Сол ауызға алынған сөз бекер болмайды. Ауызға алынған, періштенің құлағына шалынады. “Халық тілі – Құдай қаламы” деген бар. Неке суының қасиеті – адамның ішінде қылшық, қыл-қыбыр сол сумен жидіп, шіріп жоқ болып кетсе керек”.
“Қазақ сөзі: “Есеп: есеп білмеген есек”. Бұған дәлел – бұл “Айта-Кериме”: “Өткен өмір, жасаған жасың не жұмыспен өткендігін, соның есебін өз басыңнан өзіңнің алуың керек. Бүгін бір сөзді өзіңе-өзің тауып айта алмай тұрсың, Құдай тағала алдында қалай тауып айтамын деп ойлайсың”. Құдай тағала қанша жаратқан нәрсесінде есепсіз (қисапсыз) жаратқан нәрсесі жоқ, не нәрсе болсын, есебін біліп іс қылу керек. Дәнеменің есебін білмегенді бұрынғылар есек орнына санаған”.
“Қазақ сөзі: “Санамасаң саннан шық, Елемесең елден шық!” Бұған дәлел – “Айта-Кериме”: “Ай, пенделерім, сен мені Құдайым деп санасаң, мен пендем қатарында санармын. Сен маған жақсылықпен қайтсаң, мен де саған жақсылықпен қайтармын. Сен маған жамандықпен қайтсаң, мен де саған жамандықпен қайтармын”.
“Қазақ сөзі: “Қыс хызырын көрем десең, қыстың қамын жаз қыл, Тән хызырын көрем десең, қорегіңді аз қыл”. “Хадис Шәриф”: “Жаздың күні миы қайнамағанның қыстың күні қайнамайды” деген…”.
“Қазақ сөзі: “Егер білім үйретсең жаманға, атыңды ерттеп, даярлап қойып, сонан соң үйрет. Неге десең, сенен үйреніп алған білімімен тура өзіңе дүрсе қоя береді. Сол шақта қашып құтылуың керек!”.
“Қазақ сөзі: “Шын дүние – шынжыр арқан, Жалған дүние – жалған жіп”. “Хадис Шәриф”: “Шүберекті екі айырғанда, ең таусыншағында бір жалғыз жіп ілініп тұрады. Бір басы мына жағында, екінші басы екінші жағында болып, бұ дүниенің мысалы құтты (хұды) сол сықылды. Екі дем алыс: бірі кіреді, бірі шығады. Соның біреуі тоқтаса, адам деген өледі де қалады. “Бір дем әрі, бір дем бері” – дегеннің мағынасы – осы”.
“Қазақ сөзі: “Бұл шіркін, өзін танымайды, кімді таниды?!” – деп келеді. “Өзін таныған – Тәңірісін таниды дегені”, – дейді.
Бұл сөздерде тұспал-ишарат телегей-теңіз. Мәшһүр Жүсіптің түсіндіруінше: “Асылы, қазақ тілі жұмбақ: не айтса бәрінің шешуі бар, шешуін білуге тырысу керек”.
Мәшһүр Жүсіптің “Ана тілі туралы” дейтін байыптамасында “ана тілі”, “әдебиет” деген ұғымдарға дұрыс сипаттама береді. Ол былайша: “Қазақта екі сөз шешілмей жүр: бірі – “Ана тілі” деген, бірі – “Әдебиет” деген. Шешілмеген себебі: “Ана тілі” деген – қазақтың бұрынғы қазақ болған күніндегі ескі тілі. Ол ескі тіл кімде қалды?! Жалғыз-ақ қатындарда қалды”. Немесе: “Қатын ешқандай, ешкімнен оқыған жоқ. Бұрынғы ескі қазақ тілі қатында қалды. …“Ана тілі” дегеннің мәнісі осы”. Иә, расында, бесік жырын күмбірлетіп айтатын, ұлттың тәрбиешісі – әйел заты, ана тілі.
Енді “әдебиет” дейтін ұғымның мән-мазмұнына қандай анықтама бергенін миға жүгіртелік: “Әдебиет деген – кейінгіге үлгі-өнеге үйрететұғын, ғылым-білім беретұғын, құлық-мінез түзететұғын сөз дегені”.
Ұлт тілін ұлықтаған, сөз өнері хас шеберінің ой-толғаныстары былайша өріледі: “Жетпіс екі тіл бар, сол жетпіс екі тілдің ішінде араб тілінен асыл тіл жоқ… Онан соңғы тілде қазақ тілінен асыл, қазақ тілінен бай тіл жоқ. Сол ата-бабасының тілі болған қазақ тілін осы күнгі жүрген қазақтың жалғызы білмейді. Егер қазақ тілін білсе еді, дін де осында, ғылым мен білім де осында, әулиешілік те осында. Солай болғаны үшін бұрынғы өткен ата-бабамыздың бәрі жақсы болып, әулие болып өтті, не үшін – ақ жүрек болып, ақ көңіл болғандықтан”. Міне, керемет сөз.
“Ғылым-білім” деген жазбасында былай дейді: “Біздің қазақ тілінің ішінде періштелердің бір сөйлеген сөзі жүр: “Кеткенің келсін, кемтігің толсын” – деген”. Бұл да жақсы сөздің жарығы.
Ойшыл дін және жаратылыстану ғылымдарымен мұздай қаруланғандықтан, тіл төркінін жіті түсініп, жетік тексереді. Айталық, сөздің ішкі қуатын, шығу тегін, жаратылысын былайша бажайлап талдап көрсетуі мейлінше қызықты.
“Құдіреті күшті Құдай өзінің құдайлық мейірі тасып, жаудырып тұр. Жанды-жансызда мұны керек қылғанда, ұшы жоқ ұзын, түбі жоқ терең дарияда жатқан “садап” деген бір кішкене нәрсе: “Абрахметтен аузыма бір тамшы-су!” – деп дарияның бетіне қалқып шығып, ынтасы құрумен, іңкәрланумен аузын тосады. Сонда жауып тұрған жаңбырдың бір тамшысы оның аңқитып ашқан аузына тамбасқа шарасы бола ма, тамады. Бір тамшы тамған соң: “Болдым, тойдым, маған енді басқа дүние бір тиын құрлы керегі жоқ!” – деп бір тамшыны қанағат қылып, дарияның түбіне барып, қорек те іздемейді, дәнемені де керек қылмайды, тырп етпей жатып алады. Сол іңкәрланып, құмар болып, ынталы жүрек, шын көңілмен аузын тосып, бір тамшыға қанағат қылғандығының қасиетімен әлгі тамған бір тамшы садаптың қарнында “дүр-гауһар” тас болады”. “Дүр-гауһар” – наурыз айында “рақмет жаңбырынан” пайда болатын құбылыс. Ол сондай-ақ “ағашқа – жапырақ, тікенге – гүл, сахараға – лала қызғалдақ, араға – бал, жыланға – у, тұздың кеніне тамса – тұз, тақыр жерге – ащы-сор, қара тасқа – қына. Күллі дүние жүзінде өсіп-өнетұғынның бәріне өсім-тұқым осыдан шығады”, – деп түйінді тұжырым жасайды.
“Адам тілі тас жарар, тас жармаса бас жарар” деген тәмсіл сөздің шығу мәнісін баяндауы да жүрек толқытарлық. “Жапан түзде бір әйел бие сауып отырғанда, төрт кісі тіке өзіне, тұп-тура келе жатыр екен. “Тұрайын десе, биенің сүті саулап, жерге ағып кетерлік, тұрмайын десе, төрт кісі оқтай қадалып келе жатыр. Сасқанынан жұдырықтай тасты: “Көз болсаң, көнекке, Тіл болсаң тасқа”, деп көнегінің ішіне тастай беріп, биесін сауып отыра берді дейді. Бұл биесін сауып отырғанның үстіне төрт кісі келіп:
– Мана біз көргеннен биенің бұтында отыр едің. Сонан бері бие сауып отырғаның ба? Жоқ, ұйықтап отыр ма едің? – дейді.
– Биемнің мінезі жаман еді. Биемнің бір сауымы бұтында отырмаса, иімеуші еді. Мана өздерің көргеннен жаңа иіді дейді.
– Бәсе, солай ғой. Онан басқа біз көргеннен бері қарай иігенде, ендігі мұның сүті көнек түгіл, сабаға сыймай жерге ағып, бұлақ болып жатса керек еді, – деп жүре берді.
Олар кетісімен, көнектегі сүтті сүйретпеге құйған екен. Көнектің түбіндегі тас төрт бөлек болып қалыпты”.
Мәшһүр Жүсіптің шығармашылық мұрасында қазақ тілінің құт-берекесіндей, күйлі-қуатты, сымбатты сөз тіркестеріне берілген (мәселен, “тоғыз жолдың торабы”, “сегіз қиыр шартарап”, “10 түрлі қазына”, “444 бекіту” және т.с.с.) сипаттамалар жеткілікті.
* * *
Қазақ тілінің неше алуан ағыс-толқындарын, қыртыс-қабаттарын қапысыз меңгерген, нәзік түсінген, көңіл, сезім, рух байлығын ақ қағаздың бетіне шеберлікпен төгілдіріп түсірген Мәшһүр Жүсіптің ақындық, суреткерлік ерен еңбегінде ұлттық әуезге бай асыл сөздер меруерттей толқындап-жарқылдап, көңіл тербетеді. Жалпы ойлы, салиқалы, тұжырымды нақыл сөздер, Мәшһүр Жүсіпше айтқанда, “затты сөз” “тілдің гүлі” (араб, парсы, түркіше), “данышпандардың өсиеті” (қытайша), “халық мектебі” (италиянша) “көп көргендіктің жемісі” (ағылшын, француз тілдерінде), “қанатты сөз” (орысша), “көше арасындағы данышпандық” (немісше) деуге лайық. Расында, ата-бабаның ардақты, асыл лебіздері “ағып жатқан бұлақ”.
Мәшһүр Жүсіп туындатқан оюлы, ойлы сөздер тізбегінде философиялық мән-мазмұн молынан. Сөз жоқ, Мәшһүр Жүсіптің афоризмдері ақыл-ойыңды, сана-сезіміңді, жан-жүйеңді көркемдік сұлулыққа орап, өмірдегі мақсат-мұратыңды, көзқарасыңды, дүниетанымыңды айқындауға, тереңдетуге ықпал жасайды. Тәжірибеңді, түсінігіңді молайтады. Жақсылыққа жетелейді. Зейін-зердеңді, жетеңді рухани тұрғыдан кемелдендіріп жетілдіреді.
Мәні терең, сыртқы сымбаты келісті, ойы өрнекті афоризмдердің сырына үңіліп көрелік:
• Тіл – ой маржаны, арман – сөздің қаймағы, нәр-тұзы, қиял – өмірдің гүлі, әдеміліктің мәйегі.
• Қанағаттан жақсы игілікті іс жоқ.
• Әр нәрсеге Алланың ризалығы болса, сен де сол жақта бол. Есі бүтін, ақыл иесі болған адам дұшпаннан қашуға керек.
• Адал болса, мал рахат, зейінді болса перзент – жарық дүниенің көркі дүр.
• Дүние бір нәжіс – жаман шіріген нәрсе, дүние аламын деп, пенденің пендесі болма, жаратқан бір Құдайдың пендесі бол.
• Қыдырғанмен ырыздығыңның қадірі тасымас, қадірің кетер, қадірден әркез адаспа.
• Шын ықыласпен ата-анасының қас-қабағына қарап, тік тұрып, елжіреумен берген батасын алып қалған бала екі дүниеде қор болмайды.
• Дүние деген, шіркін, тойға келген қыздай, кетеріне келгенде қолға ұстаған мұздай.
• Дүние деген, шіркін, екі есікті үй еткен: бірінен кіріп, кідірместен бірінен шығып барамын! Барлық болғаны сол-ақ!
• Ақыл, сезім, қайрат, жігер – көңілдің жұмысы.
• Көңіл – бәрінің үстінен қарап билейтұғын патшасы.
• Дүниеде не тамаша, не өрнек – бәрі адамның денесінен алынған.
• Егер қанағат байлығы берілсе, сол байлықтың арқасымен пенде Құдайды табады.
• Бұ дүние – бір кәрі қасқыр, тісі өткірлігімен жемейді, алдап-арбап уысына түсірумен талайдың сілесін құртқан.
• Махаббатпен толған сап көңілдер дариядан да кең, бүтін көзге көрінген нәрселерден де, дүниеден де кең.
• Ақ көңілмен істелген іс аспаннан да кең.
• Өзіңе өзіңнің жаның ашымаса, саған кімнің жаны ашиды.
• Келген қонаққа дәм бермеген үйдің ырысын шайтан жейді екен.
• Ғылымның ең алғаш адамға келтіретін пайдасы – адамның мінез-құлқын жұмсартып, байытады. Пенде нәпсіге жұмсаған күш-қуатын ізгілікке жұмсаса, адам нағыз әулие-данышпан болар еді.
• Есті адам қанағатты, қанағатты адам тиянақты, тиянақты адам көнтерлі, көнтерлі адам қайғысыз, ендеше, есті адам қанағатты.
Мәшһүр Жүсіптің ойшылдық, ғұламалық зердесі, парасат дүниесі осынау афоризмдерінен жарқын көрініс табады. Оның Аллаға ғашықтық, ақырет, жалған, дін, діл, тіл, иман, ата-ананы ардақтау, мінез-құлық, қанағат, пиғыл, нәпсі, ықылас, бақ-дәулет, махаббат, ақыл, ғылым, білім, ұрпақ, ұлт туралы даналық толғамдары ұлт руханиятына қосылған кәусар бұлақ десе де болады.
Мәшһүр Жүсіп қазынасы – ұлттық игілігіміз. Өйткені ол ұлт тарихы мен этнографиясына, философиясы мен фольклортануға, Қазақстанның саяси-құқықтық мәдениеті мен қазақ әдебиеті тарихына қатысты ұшан-теңіз шежірелік деректер, ағыл-тегіл мәліметтер, өлшеусіз әдеби нұсқалар, асыл сөздер қалдырды.
Серік НЕГИМОВ,
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы.