Футзалдан Қазақстан құрамасы өз тарихында тұңғыш рет әлем чемпионатының жартылай финалына жолдама алды. Ширек финалда отандастарымыз әлем чемпионатының қола жүлдегері Иранға қарсы ойын өткізіп, 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Бірінші таймды еліміздің құрамасы сәтсіз бастап, 2:0 есебімен ұтылып жатқан. Алдымен 8-минутта Мослем Оладгобад ирандықтарды алға шығарса, 15-минутта Ахмед Эсмаилпур есепті еселеді.
Кездесудің екінші бөлігінде қазақстандық футболшылар жеңіске деген ерік-жігер танытты. 25-ші минутта Дәурен Тұрсағұлов тепкен допты қайтарамын деп Иран қақпашысы Алиреза Самими өз қақпасына гол соғып алса, 29-шы минутта қазақстандық шабуылшы Арнольд Кнауб айып добынан кейін таразы басын теңестірді. Ал 39-шы минутта Тайнан нәтижелі соққы жасап, ұлттық құрамаға жеңіс әкелді.
Ұлттық құраманың бас бапкері Пауло Рикардо Каканың айтуынша, футболшылар барын салып ойнады. Нәтижесінде тарихи жеңіске қол жеткізді. – Әр ойыншы бар күш-жігерін салып, менің қойған тапсырмаларымды орындады. Олардың ойынына ризамын. Тіпті, мен қазақ болсам, әркез осы команданы мақтан тұтар едім, – деп ақжарма көңілін жеткізіп қуанышымен бөлісті бас бапкер.
Жартылай финалда Қазақстан аяқдопшылары португалиялықтармен кездеседі. Ал екінші жұпта Аргентина мен Бразилия күш сынасады.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.