Қазақ халқы ежелден, жетімі мен жесірін жылатпай, қартын қастерлей білген. Әсіресе, үлкенге құрмет ерекше болған. Қарты бар ел – қазыналы ел деген түсінік содан қалыптасқан. Ертең ел жүгін арқалайтын жастарымыз қазір ақ сақалды аталар мен ақ жаулықты аналарды қалай ардақтап жүр? Осы сауалға жауап іздеп көрген едік.
Әлфараби МЫҢБАЙ, жастар ресурстық орталығының директоры:
– Біз елдің болашағы ретінде, алдыңғы лек ардагерлерімізді қадіріне жетіп бағалай білмесек, ертең бізден кейінгі буын өздері көрген істі қайталауы бек мүмкін. Сол себепті шаманың жеткенінше қарттар қауымын қадірлеп, қолдан келген көмекті аямауымыз қажет. Қаламыздың жастары жыл бойы қариялардың аулаларын тазалап, көмірін түсіріп, отынын жарып беріп көмектесіп жүр. Бізге алғыстарын айтып, баталарын беріп жатады.
Нұргүл АХМЕТ, оқытушы:
– Қарты бар үйдің – қазынасы бар. Бүгінде осы сөздің мағынасын толық түсінбейтін жастарымыз бар. Жалпы жастар тәрбиесінде алдыңғы толқын ағалардың атқарар міндеті мен жауапкершілігі орасан зор. Көрсетер үлгі-өнегесі көп. Мұның өзі, сайып келгенде, ұрпақ алдындағы парызды өтеу, ертеңге ізгілікті із тастау, өнегелі сөз, тәлімді тәрбие қалдыру болып табылады. “Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді” деген сөздің де мән-мағынасы терең екендігін жастарымыз түсіне білсе екен деймін. Аталар мен әжелерге көмек жасасақ одан ештеңеміз кеміп қалмайды.
Ақжол САЯТҰЛЫ, университет студенті:
– Біздің елімізде қарттарға деген құрмет біркелкі емес. Мемлекет отбасынан құралатындықтан, әр отбасының ынтымағы мықты болғаны жөн. Елімізде қарттар үйілерінің барын, онда бала-шағасына керексіз болып қалған аға буын өкілдерінің көп екенін ескерсек, бәріміз бірдей үлкенге ізет көрсетіп отырмыз деп айта алмаймыз. “Әкең-шешең жынды болса байлап бақ” деген бабадан келе жатқан сөздің құнын ұмытқандаймыз.
Сауалнаманы жүргізген
Сержан НҰРДОЛҚЫНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.