Өңірімізге Алматы қаласынан гастрольдік сапармен М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының әртістері келді.
Оңтүстік астанамыздан келген меймандарды жергілікті мәдениет саласының өкілдері Петропавлдағы Оқушылар сарайының алдында қазақы дәстүрмен қарсы алды. С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының директоры Біржан Жалғасбаев алматылық әріптестеріне өз ықыласын білдірсе, айтыскер ақын Жұмабек Рахимов арнау айтты.
– Сайдың тасындай небір саңлақтар мен сайыпқырандарды, тарлан таланттарды өмірге әкелген қасиетті мекен Қызылжар өңіріне табан тірегенімізге қуаныштымыз. Бұл қалада алты күн боламыз. Бір апта бойы киелі Көкшетауда болдық, ондағы жұртшылық бізді жылы ықыласпен қарсы алды. Індет іргемізге кіргелі сахна көрерменсіз қалды ғой. Облыс әкімдігі мен мәдениет саласындағы басшылардың қолдауымен қызылжарлық көрерменмен қауышудың сәті түсіп отыр. Мағжан Жұмабаевтай ұлы ақынды тапқан халықтың театр өнеріне деген ықыласының ерекше екеніне сеніміміз зор, – деді М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс.
Сержан НҰРДОЛҚЫНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.