«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

3 млрд 300 млн теңгенің экологиялық ілкі жобасы жүзеге асырылуда

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстік Қазақстан облысында еліміздегі алғашқы кәріздік тазарту стансасы салынып жатыр. Ілкі жобаның қорытындысы негізінде кейін басқа қалаларда да құрылыс қолға алынбақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Экология департаментінің мәліметінше, өңірдің экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған Жол картасы жүзеге асырылып жатыр. Жол картасына сәйкес экологиялық жағдайды кезең-кезеңмен жақсарту жеті бағыт бойынша жоспарланған. Солардың бірі – су ресурстарын реттеу, оның аясында Ғ.Мүсірепов атындағы аудан орталығында кәріз желілері мен тазарту құрылыстарын салу көзделген.

2018 жылы басталған құрылыс Қазақстан үшін пилоттық жоба болып отыр, оның қорытындысы бойынша алдағы уақытта басқа қалалар үшін бағдарлама әзірленбек.

Аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің ақпараты бойынша, құрылыстың жалпы құны 3 млрд 300 млн теңге, тәулігіне 3 мың текше метр суды тазалайтын қуаты бар.

«Жоба аясында 26 км магистральдық желі салынды, аудан орталығында 3 кәріз-сорғы стансасы болды, тағы 4 станса жаңадан салынды, олардың барлығы жаңа желіге қосылатын болады. Тазартудың төрт сатысынан өткеннен кейін су Есіл өзеніне құйылады», – дейді бөлім басшысы Айдын Қазжанов.

Құрылысты жүргізіп жатқан мердігер компанияның бас инженері Руслан Дашкиннің айтуынша, кәріз-сорғы стансалары салынды, желілер 95 %-ға дайын.

«Қазақстанда осындай жабық типтегі кәріздік тазарту стансасы әзірге жалғыз. Мұнда механикалық тазарту, содан кейін биологиялық тазарту, содан кейін үшінші тазарту және зарарсыздандыру жүргізіледі. Кәріз-сорғы стансаларынан келіп құйылатын ағындылар қатты тазалау ғимаратында ірі қоқыс пен құмнан арылту үшін біріктірілген екі секциялы қондырғылар арқылы өтеді. Нәтижесінде қоқыстар ұсталып, арнайы контейнерлерге түседі. Әрі қарай ағынды барабан түріндегі механикалық торға түседі. Барабан торынан түсірілген қалдықтар контейнерге жиналады. Сорғы арқылы ағын су кәріздік тазарту стансасына жіберіледі. Ол жерде су биологиялық тазартудың бірнеше сатысынан өтіп, сүзіліп, ультракүлгін арқылы зарарсыздандырылады», – дейді Руслан Дашкин.

Жабық болғандықтан жүйе қыста да тоқтаусыз жұмыс істемек.

«Жабық типтегі тазарту қондырғыларында бірқатар артықшылықтар бар: түрлі бактериялар тазартуды жүзеге асырады, олардың әрқайсысы судағы белгілі бір қоспалармен қоректенеді, осылайша тазартады. Бұл жерде қатты шу, иіс жоқ. Тазалаудың төрт сатысынан өткен су Есіл өзеніне құйылады. Оның сапасы өзен суынан жақсы болмақ», – дейді «Қазақстан теміржол көлігі ғылыми-зерттеу институты» ЖШС авторлық қадағалау өкілі Александр Высоков.

https://www.inform.kz/

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp