«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Пәрменді күш

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі” Жолдауында атап өткендей, саяси жаңғыру мемлекетіміздің стратегиялық бағдары болып қала береді. Соңғы екі жылда бұл бағытта орын алған елеулі өзгерістер демократиялық даму бағдарымызды нығайтып, саяси жүйемізді сапалық жағынан жақсарта түсті. Президент мемлекеттің тиімділігін, саяси үдерістің ашықтығы мен бәсекелестігін одан әрі арттыруда жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне тың серпін берудің маңыздылығына арнайы тоқталды. Конституцияның 86-шы бабында “Жергілікті өкілді органдар – мәслихаттар тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністегі халықтың еркін білдіреді және жалпымемлекеттік мүдделерді ескере отырып, оны іске асыруға қажетті шараларды белгілейді, олардың жүзеге асырылуын бақылайды” деп жазылған. Демек, белгілі аймақтың жай-күйіне тікелей жауапты жергілікті өкілдік орган ретінде жүктелетін талаптардың салмағы ауыр деген сөз.

2021 жылдың 23 қаңтарында қабылданған “Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы” Заңға сәйкес мәслихатқа аумақтың жоспарын, экономикалық және әлеуметтік даму бағдарламаларын, жергілікті бюджетті, оның атқарылуы туралы есепті бекіту, атқарушы органдар жетекшілерінің есептерін тыңдау, мәслихат шешімін орындамаған ұйымдардың, мемлекеттік басқару органдарының лауазымды тұлғаларын жауапкершілікке тарту бойынша тиісті органдарға ұсыныс беру, заңдарға сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету өкілеттіктерін іске асыру, тағы басқа функциялар жүктелген. Осы тұрғыдан алғанда, жергілікті шешуші буын саналатын аудандық мәслихат пен әлеуметтік мәртебесіне орай басты тұлға – депутаттарға артылар жүк ауыр. Олар аудан аумағында өткізілетін қоғамдық-саяси іс-шаралардан шет қалған емес. Биыл 11 адам партиялық тізім бойынша жетінші шақырылым депутаттары болып сайланды. Ауыл шаруашылығы мамандары, жеке кәсіпкерлер, білім беру, мәдениет қызметкерлері, қоғамдық ұйымның өкілдері енген “Nur Otan”, “Ақжол”, “Ауыл” партиясының мүшелерінен құрылған депутаттық корпус назарды тұрғындардың мүддесін қорғауға, қоғам мен мемлекет арасындағы тиімді қарым-қатынасты жандандыруға, яғни “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын іске асыруға аударуда. Тұрақты комиссиялардың төрағалары Оксана Киккаринова, Райымбек Дәукенов, Сағындық Шүлембаевтың бұл саладағы тәжірибесі мол. Оксана Михайловна “Белсенді қызметі үшін” төсбелгісімен, ал үш шақырылым бойы депутаттық мандатқа ие болған Жұмали Нұрманов “Қазақстан мәслихатына 20 жыл” мерейтойлық медалімен марапатталды.

Мәслихат жұмысының бір өлшемі сессия шешімдерінің тиімділігінде, сайлаушылар жүктеген аманаттарды мүлтіксіз орындауда десек, өкілді биліктің ұйымдастырушылық жұмысы осындайда анық байқалады. Демократиялық принциптер тұрғысынан келетін болсақ, мәслихат та – мемлекеттік басқару жүйесінің ажырағысыз бір бөлшегі. Мұндағы өкілеттік мәслихат хатшысы, тұрақты комиссия, мәслихат сессиясының төрағасы арқылы жүзеге асырылады. Жыл басынан бері 9 сессия өткізіліп, 48 мәселе қаралды. Шешімдердің 6-уы құқықтық құжат ретінде әділет органдарында тіркеуден өтті. Кезекті сессиялардың біріне аудан әкімі Қанат Қалиев, облыстық мәслихаттың депутаты Орынбасар Ысқақова, ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары, қоғамдық кеңес мүшелері қатысып, ауданның бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуы негізгі талқылау тақырыбына айналды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жетекшісі А. Әбілдиннің әлеуметтік сала мекемелері мен тұрғын үйлердің қысқы жылыту маусымына әзірлігі жөнінде есебі тыңдалып, орын алған кемшіліктерді түзету міндеттелді. Біз өз тәжірибемізде сессияға өңірлік деңгейдегі ведомство басшыларын шақыруды дәстүрге енгіздік.

Сайлаушылардан келіп түскен өтініш-ұсыныстарды қарау, азаматтарды тұрақты түрде жеке қабылдау халық қалаулылары жұмысының негізгі құрамдас бөлігі болып табылады. Депутаттар ауылдық округтердегі сайлаушылармен тұрақты байланыста. Ай сайын белгілі мерзімде азаматтарды қабылдау күні белгіленген. Бұдан бөлек, елді мекендерге шығып, көшпелі отырыстар ұйымдастырылады. “Nur Otan” партиясының филиалында бірнеше қабылдау жүргізіліп, жолдарды жөндеу, аз қамтылған отбасыларға материалдық көмек көрсету, медициналық қызметті жақсарту, тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмысқа орналастыру және еңбек ақы төлеу, жер қатынастары, ауылды абаттандыру, жемшөп дайындау, таза ауызсу проблемалары ашық айтылып, шешу жолдары ұсынылды. 7 айда 36 жеке қабылдау ұйымдастырылып, 17 өтініш талқыланды. Тиісті атқарушы органдарға 12 депутаттық сауал жолданды. Бірқатар өтініштер агроқұрылым басшылары арқылы жергілікті жерлерде шешімін тапты.

Мәслихат “Nur Otan” партиясының аудандық филиалымен тығыз байланыста. Партиялық бақылау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық келісім комиссиялары жұмысына, саяси-әлеуметтік іс-шараларға, Президент Жолдауын талқылауға және оны түсіндіруге, жер кодексі туралы және әлеуметтік медициналық сақтандыру, коронавирус инфекциясына қарсы вакцина егілу бойынша түсіндіру шараларына белсенді түрде атсалысады. Тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында экономика, білім беру, денсаулық сақтау, сапалы ауызсумен жабдықтау мәселелері талқыланып, ауылдық округтердің кіріс бюджеттерін орындаудағы атқарушылық тәртіптің нашарлығы, бағдарлама әкімшілері тарапынан тиісті бақылаудың жоқтығы атап көрсетілді.

Айбек ХОРШАТ,

Ақжар аудандық мәслихатының хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp