Солтүстік Қазақстан облысында қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының 16-сының ғана құжаттары талапқа сай, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде Экология департаментінің басшысы Азамат Бектасов облыстағы экологиялық ахуалға тоқталды.
Ведомство жетекшісінің айтуынша, Петропавлдағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының пайдалану мерзімі аяқталуға жақын. Сондай-ақ бұл нысан қазіргі жағдайда қолданыстағы экологиялық және санитарлық нормаларға сай емес. Жиі өртенетін болғандықтан қоршаған ортаға залал келтіріп жатыр.
«Петропавл қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының жобалық қуаты – 1 488,671 мың тонна. Жыл басында бұл нысан 79,6 %-ға толды, яғни қазір мұнда 1 184,793 мың тонна қалдық жатыр. 2024 жылы Петропавлда қалалық қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының пайдалану мерзімі аяқталады. Осылайша, қазіргі заманғы жаңа полигон салу және жұмыс істеп тұрған полигонды рекультивациялау жөнінде жұмыстарды жүргізу қажеттігі туындаған», – дейді Азамат Бектасов.
Облыс аудандарында заңдастырылған қоқыс полигондарының жоқтығынан стихиялық қоқыс орындары пайда болған. Бүгінгі күні облыс бойынша қалдықтарды орналастыру нысандарының жалпы саны 456 болса, оның ішінде 440-ы заңзыс жұмыс істеп жатыр, тек 16-сының ғана құжаттары түгел.
«Қызылжар ауданы Бәйтерек ауылының маңында орналасқан рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісінде қалдықтар жиі жанады. Бұл полигонды жою мақсатында облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жүгіндік. Сот талап арызды қанағаттандырды, Бескөл ауылдық округі әкімінің аппараты қоршаған ортаны қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды орындай отырып, осы үйіндіні жоюға міндеттелді. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар қазірдің өзінде экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкес келетін жаңа полигонды салу үшін орынды айқындауы қажет», – дейді басқарма басшысы.
Жол картасына сәйкес 2023 жылға дейінгі мерзімде облыстың 9 ауданында жаңа қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын салу көзделген.
«Қазақстан Ғарыш Сапары «ҰК» АҚ мәліметтері бойынша, өңірде қалдықтарды төгудің 370 санкцияланбаған орны анықталды, оның 46-сында қоқыс тастайтын жерлердің шекарасы бұзылған. Қалдықтарды рұқсатсыз төгу орындарын растау үшін департамент 304 рейд өткізді, тек 9-ы ғана расталмады. Бүгінгі таңда бұл орындардың 222-сі немесе 68,5% жойылды.
https://www.inform.kz/