Кеше Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының әртістері өңірімізге гастрольдік сапармен келді. Сахнагерлер бір аптаға жуық уақыт бойы қызылжарлық көрермендерді өз өнерлерімен тамсандырмақ. Өнер иелерінің қатарында есімдері елімізге белгілі тұлғалар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері бар. Солардың бірі – кино және театр актері, Жастар одағы сыйлығының иегері Дулыға Ақмолдамен әңгімелесудің сәті түскен еді.
– Дулыға Досмахамбетұлы, сізді жұртшылық актер ретінде телеэкранның арғы жағынан көргенімен, жеке өміріңіз, отбасыңыз, бала-шағаңыз туралы біле бермейді. Солтүстікқазақстандық көрерменге алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз.
– Марғасқа Мағжан ақынның табанының ізі қалған киелі Қызылжар топырағын басу маған да бұйырған бақыт екен. Жергілікті жұртшылық бізді жылы шыраймен қарсы алды. Соған көңіліміз тоқ.
Мен Жамбыл облысының Сарысу ауданында дүниеге келдім. Сол жерде он жылдық мектепті бітірдім. Содан арман қуып Алматыға келдік. Т. Жүргенов атындағы театр және көркемсурет институтына Тұңғышбай Жаманқұловтың шеберханасына қабылдандым. Төртінші курста оқып жүргенде оңтүстік астанамыздағы бірқатар театрларда жұмыс істей бастадым. Құдай қосқан қосағым, жиырма бір, он алты, он төрт жастағы үш қызым бар.
Менің өнерге, соның ішінде театрға қадам басуыма ата-анам мен туыстарымның ықпалы зор болды. Олар ауылдағы Ықылас Дүкенұлы атындағы музыкалық мектепке берді. Сәби шыр етіп дүниеге келгенде оның тағдыры маңдайына жазылады деген түсінік бар ғой. Менің ойымша, періштенің маңдайына мамандығы да қатар жазылатын сияқты. Бала кезімде суретші, архитектор, тіпті судья болуды армандаған сәттерім де кездесті. Бірақ бір тылсым күш мені өнерге қарай ұмтылдыра түсті. Шертпе күйдің шебері Саян Ақмолда екеуміз ансамбль құрып, ауыл жұртшылығына түрлі спектакльдерден үзінділер көрсететінбіз, қысқаметражды фильмдер түсіруге деген талпынысымыз да сәтсіз шықпады. Міне, осындай ұмтылыстардың барлығы мені бекзат өнердің, театрдың сахнасына алып келді. Бүгінде елге танылдық, көрген жерде көрермен бетімізден сүйіп, ыстық ықыласын танытып жатады. Тағдырыма ризамын.
– Есмұхан Обаев, Әубәкір Рахимов, Болат Атабаев, Қайрат Сүгірбеков, Нұрқанат Жақыпбай сияқты “мен” деген режиссерлермен жұмыс істегендердің қатарында өзіңіз де барсыз. Сіздің буын қазақ театрының негізін қалаған майталмандардың жұрнағын көрді, солардан тәлім алды. Сіздер театрдың шарықтап тұрған алтын дәуірінде емес, ең бір құлдырап тұрған қиын кезеңінде, нақтырақ айтқанда, тоқсаныншы жылдары көрерменнің алдына шықтыңыздар. Менің ойымша, күңгірт тартқан сахнаны аш-жалаңаш жүріп жарық етуге тырысқан сіздердің еңбектеріңіз қандай құрметке болсын лайық. Бұл пікірмен келісесіз бе?
– Иә, біздер сол кезде рухани демеуге мұқтаж болсақ та, өнер мұратына адалдық таныттық. Сол жылдары әдебиетке қосылған буынды ақын Темірхан Медетбек ағамыз “алтынкөпірліктер” деп атап, циклді мақалалар жазғаны есімізде. Шыны керек, әдебиеттің ғана емес, театрдың төңірегіндегілер де жылы сөзге, мейірімге, қолдау мен ықыласқа зәру еді ғой. Екінің бірі, егіздің сыңары актер бола алмайды. Бойында дарын деген ерекше қабілеттің ұшқыны бар кез келген адамды мен тегін деп айта алмаймын. Сондықтан да қазақтың өнеріне, төл мәдениетіне жүрегімен, ғұмырымен адал қызмет етіп жүрген кез келген талант иесі құрметке лайық.
– Сіз Т. Жүженоғлының “Көшкіндегі” жігітті ойнағанда ескілікпен, қоғамды құрсауда ұстаған үреймен күрестің символын көрдік. М. Кәрімнің “Ай тұтылған түнінде” Диуананы сомдағанда кейбір “ақылы ауысқан” жандардың “есі түзу” адамдарға қарағанда саналырақ екенін байқап, шеберлігіңізге тәнті болдық. Жалпы рөлдеріңізге қарап отырып сіздің қалай күлу, қалай жылау ғана емес, не үшін күліп, не үшін жылауды білетініңізді аңғарамыз. Жалпы актер болу үшін адамға қандай қасиеттер керек деп ойлайсыз?
– “Мен” деп мақтаншылыққа салынудың, көкірек керудің жөнсіз екенін білемін. Бірақ әріптестерім мен ұстаздарым: “Сіз сахнада ар мен адалдықты мықты сомдаған актерсіз. Сондай-ақ зұлымдықты да сізден артық сомдайтын актерді кездестіру қиын”, – деп баға бергеніне қарап, іштей марқаятыным тағы бар. Қарапайым адамдардың арасынан қайнап шыққандықтан ба, бір-біріне қиыспайтын сан түрлі адамдардың жүріс-тұрысын, сөйлеу мәнерін, қимыл-қозғалысын, күйінгені мен сүйінгенін, күлгенін, жылағанын – бәрі-бәрін өн бойыма сыйғызғым келеді. Актерді актер ететін – ар мен бостандық, шындық пен махаббат қана емес. Нағыз актер қызғаныш пен пасықтықты ойнағанда да алдына жан салмауы керек.
Бүгінде жасымыз елуге келіп қалды ғой. Адам қанша өмір сүрсін өзін-өзі зерттеп тауыса алмайды екен. Сондықтан да қандай маман иесі болмасын, ер мейлі әйел болсын кез келген адам үнемі есею процесінде жүру керек деп ойлаймын. Мен қатты ашуланамын да, көңілімді қалдырған сәттерді, адамдардың теріс әрекеттерін тез ұмытуға тырысамын. Күлсем, шынайы күлемін. Мұны өнерде “максималист” деп атайды. Бір орында тұра алмаймын. Қозғалыс үстінде, ізденісте жүргенді жақсы көремін. Бір күнім бір күніме ұқсап кетсе, өзіме көңілім толмайды. Кейде көпшілікті сағынамын да, кейде жалғыздықты аңсаймын.
Қазақтың ақын-жазушыларының еңбектерін оқығанды ұнатамын. Маған ұнайтын ақын – Мағжан Жұмабаев. Қызылжардың қыран ұлының:
“Мен қуансам, жас баладай қуанам,
Көрген адам талай деген: “Есалаң!”
Мен қайғырсам, орнатамын қиямет,
Жас баламын – тағы да тез жұбанам.
Күлсем егер, есім шығып күлемін,
Жылағанда, қап-қара қан төгемін.
Қасым болса, қанын ішкім келеді,
Досым болса, жолында оның өлемін”, – деп өрілетін өлеңі бар. Мағжанның қандай мінезді болғанын осы өлеңінен-ақ аңғаруға болады. “Болмасаң да ұқсап бақ” деп Абай атамыз айтқандай, кейде өзімді Мағжанға ұқсататыным жалған емес.
– Сіздің “Ромео мен Джульеттадағы” Ромеоны, “Томиристегі” Спаргапсисті, “Қазақтардағы” Мойынсызды, “Суретшідегі” Суретшіні сомдағаныңыз өз алдына бір төбе ғой. Сахнада салмақты рөлдерде сомдап жүрген сізді “Сержан братан” сияқты “YouTube” арнасының сериалынан көргенде өз басым тосырқап қалдым. Бейәдеп сөздер жиі кездесетін сериалға түскеніңізді “бұл, қалайлап?” қабылдағандар жалғыз мен ғана емес екен.
– “Сержан братан” туралы айтпас бұрын, жалпы сериал туралы түсінікке тоқталғым келеді. Біз қаласақ та, қаламасақ та, әлемдік киноөндірісте сериал түсірудің маңызы артып, салмақты режиссерлердің өзі бағытын осылай қарай ойыстырып жатыр. Өйткені көркем фильмдегі аяқталмай қалған ойды жеткізуде сериалдың мүмкіндігі мол. Авторлық дүниеге қарағанда, сериалдың алға шығуының осындай себебі бар. Заман өзгеріп, заманға қарай өнердің мазмұны, тілі, тәсілі өзгеріп жатқан кезеңде “жоқ, мен көркем туындыға ғана түсемін” деп өзімді-өзім текке керексіз жалаң, жалған кеудемсоқтыққа байлап қойып отыра алмаймын. Иә, “YouTube” арналары түсіріп жатқан “Сәке”, “Сержан братан” сияқты сериалдардың идеясы да, сценарийлері де ұнады. Ешкім мені қинаған жоқ, жалынған жоқ, өзім келісім бердім. Себебі рөл ұнады. Екеуі де актерді басқа қырынан көрсететін, ашылуына мүмкіндік беретін өзге сипаттағы рөлдер болды.
– Қызылжарлық көрерменге қандай спектакль ұсынасыздар?
– Біз бір аптаға жуық уақыт бойы жергілікті жұртшылықты ұлттық құндылықтар мәселесі сөз болатын қойылымдармен сусындатпақпыз. Алматыдағы қарашаңырақтың актерлері барын салып, балын сарқып береді. Соның біріне тоқтала кетейін, өзім басты рөлдердің бірін сомдайтын “Қара” туындысы. “Қара” – Абайдың “Қара сөздері” желісімен жазылған драма-диалог. Спектакль пікірталас формасында қойылған. Абайдың қара сөздері негізінде жазылған спектакльде жалғыз кейіпкер бар. Ол – Абай және Абайдың ойлары. Ол ойларға пішін дарытып, жан бүркетін отыз бес актер. Спектакль Абайдың кейінгі ұрпаққа айтып кеткен өсиетін бүгінгі заман тынысы, көкейкесті мәселелері аясында қарастыра отырып, ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді, адамзаттық аңсарды дәріптейді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.