Солтүстік Қазақстан облысында жергілікті тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген бұрынғы уран кеніштері ауылдық округ әкімдіктерінің балансына өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО Экология департаментінің басшысы Азамат Бектасовтың айтуынша, өңірде игерілген уран кен орындарының саны алтау. Олардың «Грачев», «Косачинное», «Дергачевское» деп аталатын үшеуі Айыртау ауданында, қалғаны – Шоқпақ, Ақан-Бұрлық кеніші және Тоқсан би ауылының маңында орналасқан атауы жоқ кеніш Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның аумағында орналасқан.
«Бұл игерілген уран кен орындары коммуналдық меншікке қабылданып, ауылдық округ әкімдіктерінің балансына бекітілді. Ғ.Мүсірепов атындағы аудан әкімдігі кеніштің қоршауларын қалпына келтіріп, радиациялық қауіпсіздік белгілерін орнату бойынша жұмыстар жүргізді. Айыртау ауданында бұл жұмыстар жүргізілген жоқ. Жобалық-сметалық құжат және сараптама жасау үшін «қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар» бюджеттік бағдарламасы аясында Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы арқылы жергілікті бюджеттен қаражат бөлу туралы мәселе шешіліп жатыр», – дейді Азамат Бектасов.
Естеріңізге салайық, пайдаланылған уран кеніштерінің иесіз жатқанын айтқан едік. Нысанның аумағында аузы ашық құдықтар бар, сондай-ақ мұнда радиация мөлшері шамадан тыс көп. Қоршалып, күзетілуі тиіс нысандардың ауылдықтар қоршауларын бұзып әкеткен.
https://www.inform.kz/