Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын жақсарту және бейімдеу, мүмкіндігі шектеулі адамдарды техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету жөніндегі мониторингтік топтың жұмысы бойынша баспасөз мәслихаты өтті.
Отырыста Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Мереке Мұхамедияров баяндама жасады. Ол “Nur Otan” партиясының “Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір!” атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында мониторингтік топ құрылып, оның құрамына қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, облыс әкімінің мүмкіндігі шектеулі адамдардың мәселелері жөніндегі кеңесшісі және департамент мамандары кіргенін жеткізді.
– Облыс бойынша 2025 жылдың соңына дейін 1295, яғни жыл сайын 259 нысанға мониторинг жүргізу қажет. Үстіміздегі жылдың сәуір-шілде айлары аралығында мониторингтік топ 259 нысанды тексерді. Мониторинг жүргізу барысында көп жағдайда пандустардың белгіленген талаптарға сәйкес келмейтіні (ені, ұзындығы, бойлық еңісі, тұтқалардың болмауы немесе сәйкес келмеуі) анықталды. Сондай-ақ орнатылған көтергіш құрылғылар да талапқа сай болмай шықты (қалқасы жоқ, көтергіштер мен баспалдақтың жоғарғы сатысының арасында жалғайтын алаң жоқ). Бұл мүгедектер арбасында отырған адамдарға жүріп-тұруға мүмкіндік бермейді. Қозғалыс жолдарында да кедергілер бар, – дей келе Мереке Тілеужанұлы санитарлық-тұрмыстық үй-жайларда талап сақталмайтынын, ғимараттардың алдында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тұрақ орындары көзделмегенін, ғимаратқа кіреберістегі баспалдақ маршының алдында ескерту тактильді жолақтары жоқ екенін баса атап өтті. Сонымен қатар ғимаратқа кіреберісте Брайль бойынша бедерлі-нүктелі шрифтпен жазылған мекеменің атауы туралы ақпарат, көру қабілеті нашар адамдарға арналған, қызмет көрсету аймақтарына апаратын тактильді бағыттаушы жолақтардың болмауы да сынға алынды. Отырыста мониторинг тобының ескертулері орындалмаған жағдайда, шаралар қабылдау үшін департаментке өтініш жолданатыны, оның негізінде жоспардан тыс тексеріс жүргізілетіні айтылды.
Баспасөз мәслихатында “Nur Otan” партиясы облыстық филиалының саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі Гүлнәр Халықова да жергілікті жерде мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік нысандарға кедергісіз кіріп-шығуына толық көлемде тиісті жағдай жасалмағанын, қызмет көрсететін дүкен, дәріхана, сауда орталықтары, базар, кинотеатр, мұражай, тамақтану орындарының саны шектеулі екенін атап өтті.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.