Суда жүзетін құстарды атуға рұқсат берілгеннен бері полиция қызметкерлері мен қорықшылар аң аулау қағидаларының сақталуын тексеру үшін бірнеше рейд өткізді. Бірлескен рейдтің бірінде Айыртау ауданында ағаш дайындау бригадасының жанында сұңқылдақ аққудың қалдықтары табылған. Оқиға орнына келген жедел-тергеу бригадасы жұмысшылардың бірі қызыл кітапқа енген құсты заңсыз атып алғанын анықтады. Күдікті Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның 32 жастағы тұрғыны болып шықты. Оқиға орнын қарау барысында дара ұңғылы 16 калибрлі “ИЖ-18” қаруы, атылған гильза мен патрон алынды. Аталған факті сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
Жыл басынан бері облыста экология саласында 17 қылмыстық іс тіркелді, аң атуға қатысты 414 және балық аулау қағидаларын бұзудың 273 фактісі анықталды.
Игорь МЕРЦАЛОВ,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің жетекші маманы.