«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Болашақ” бағдарламасы: орнықты дамуға арналған кадрлар

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап қазақстандықтардың жаңа буынының қалыптасуына зор көңіл бөлді. 1992 жылы “Болашақ” халықаралық білім беру бағдарламасын қабылдау бұл бағыттағы маңызды қадам еді. Оның мәні еліміздің тұрақты дамуы үшін бәсекеге қабілетті кадрлар даярлау болатын.

Студенттерді шетелге оқуға жіберу, әсіресе асқындап бара жатқан инфляция мен бюджеттің қысқаруы жағдайында аса қымбат міндет еді. Бірақ Тұңғыш Президент Қазақстанға таяу арада жаңа кадрлар қажет болатынын анық түсінді. Ол былай деді: “Қазір біздің елімізде шетелдік профессорларды шақыру мүмкіндігі жоқ кезде, нарықтық білім бере алатын заманауи университеттер жоқ кезде, біз қарапайым отбасылардан шыққан дарынды жастарды шетелге жіберуіміз керек. Бірақ шетелдік ғалымдар, оқытушылар мен студенттер бізге қарай ағылатын кез де келеді”.

Елбасының айтқаны келді. Нұр-Сұлтанда он жылдан бері Назарбаев университеті табысты жұмыс істеп келеді, онда қызмет істеуді үздік шетелдік профессорлар өзіне көрсетілген құрмет деп есептейді. Яғни, Нұрсұлтан Әбішұлының осылайша уақыттан оза ойлай білуі Қазақстанның үнемі алға жылжуына мүмкіндік берді. Сонымен қатар бүгінде 12 мыңнан астам жас – әлемнің жетекші университеттерінің түлектері қазақстандық мемлекеттік басқару жүйесінде, орталықта және өңірлерде қызмет етеді, жеке сектордағы түрлі компанияларда жұмыс істеп, біздің экономикамыздың әлеуетін арттыра түсуде.

Мен “Болашақ” бағдарламасы бойынша оқыған кезді жиі еске аламын. Бұл 1995 жыл еді. Біз Германияда оқитынбыз. Президент Нұрсұлтан Назарбаев осында келетінін айтты. Біз жергілікті жоғары оқу орындарының студенттерімен қатар Елбасымен кездесуге шақырылдық. Іс-шарада адам көп болды, сол жерде Мемлекет басшысының “Сындарлы он жыл” кітабының ағылшын тіліндегі нұсқасының тұсаукесері өтті, барлығы автордың қолтаңбасымен осы кітапты алғысы келді.

Сол сапарда Президент қазақстандық студенттер тобын байқап, бізге сөз арнады. Әсіресе оның: “Елімізде қазір жағдай қиын, оқуды тезірек бітіріп, Отанға оралыңыздар”, – деген сөздері есте қалды. Мемлекет басшысының бұлайша назар аударуы бізді қанаттандыра түсті, сол сәтте бізге көп үміт артылғанын, елдің бізге сенетінін және қолдау көрсететінін түсіндік. Сол қанаттану сезімі бойымнан бүгінгі күнге дейін кеткен жоқ. Алматы қаласының әкімі болғанда да, “Nur Otan” партиясында жұмыс істей жүріп те мен болашақтықтардың инновациялық жобаларды қалай іске асыратынын, стартаптарды енгізгенін, біртіндеп елге заманауи технологияларды әкеліп жатқанын қуана бақылап отырамын.

2001 жылы біз “Болашақ” бағдарламасы түлектерінің қауымдастығын құрдық. Бәлкім бұл өзекті мәселелерді шешу үшін жастарды жұмылдырған Қазақстандағы ең тиімді үкіметтік емес ұйым шығар. Бір мақсат – мемлекеттік тілді дамыту мәселесі болды, бұл – әрбір азаматтың қасиетті міндеті деген ойды әркімге жеткізгіміз келді. Осы жұмыс аясында біз 31 голливудтық фильмді алғаш рет қазақ тіліне аудардық. Қауымдастық жұмысының тағы бір бағыты – мүмкіндігі шектеулі балаларға көмектесеміз, соның ішінде аутизм мәселесімен айналысамыз. Бала кезінен ерекше қажеттіліктері бар адамдар сапалы білім алып, өздерінің конституциялық мүмкіндіктері мен жеке әлеуетін толық іске асыра алуы үшін барлық өңірлерде инклюзивті кабинеттер ашамыз. Біз барлық жобаларымыздың Елбасының адами капиталды дамыту және жас қазақстандықтардың озық ойлы, креативті буынын қалыптастыру жөніндегі бағытын жалғастырып отырғанына сенімдіміз.

Бауыржан БАЙБЕК,

“Nur Otan” партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp