“Ежелден үй саны 60-тан аспаған бөлімше едіңіздер. Бұрынғы әлеуетті кеңшар орталықтары тарап жатқанда орта мектепті ұстап қалғандарыңыз қуантады”, – деген сөздерді жиі естимін. Иә, ауыл – қазақтың күретамыры, ана тіліміздің, салт-дәстүріміздің, мәдениетіміздің, бір сөзбен айтқанда, ұлттық құндылықтарымыздың қайнар көзі ғой. Кеңес ауылы – бір-біріне ағайын, құда-жекжат, қойы қоралас, қазаны аралас шағын елді мекендердің бірі. Мұнда 1930 жылдары бастауыш мектеп ашылған. 1980 жылы негізгі, 2000 жылы орта мектеп мәртебесін алды. Тәуелсіздік алғаннан бері 228 түлек қанат қағып, екеуі “Алтын белгі”, сегіз шәкіртіміз үздік аттестат иегері атанды. 1997 жылы мектеп директорлығына Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі Балапан Базарбекова тағайындалып, көптеген игілікті шаралардың бастамашысы болды. Кәсіби шеберлігі жоғары педагогикалық ұжым қалыптастыра білді. Ардагер ұстаз эстафетасын маған сеніп тапсырды, бүгінде сол аманатты абыроймен орындаудың, биік үдеден көрінудің жолын қарастырып келемін.
Педагогикалық ұжым сапалы білім берудің үздіксіз жүйесін қалыптастырып, оны одан әрі жақсартуды басты борыш санайды. Қазіргі таңда оқушыларды шығармашылыққа баулудың, оқытудың жаңа әдіс-тәсілдері кеңінен қолданылады. Білім беру бағдарламасын жүзеге асыру, ұлттық, азаматтық құндылықтарды қалыптастыру, үш тілді меңгерту, сыныптарды компьютерлендіру бағыттарында алға жылжудамыз. Ғылыми негіздер бойынша білім беретін пән кабинеттері ашылды. Биыл мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, сәулетті білім орнына айналды.
Мектепте еңбек ететін 22 ұстаздың 40 пайызы – педагог-зерттеуші, тағы сонша мұғалім – педагог-сарапшы, 5 пайызы – педагог-модератор. “Үздік ұстаз” марапатының иегерлері Шынар Төкенова, Маржан Адырбаева, Салтанат Нығметова және тағы басқаларының есімдерін құрметпен атауға болады. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Нәзира Сыздықова жақында “Үздік педагог-2021” республикалық байқауында топ жарып, Білім және ғылым министрінің қолынан арнайы төсбелгі мен 2,9 млн. теңгенің сертификатын алды.
Оқушыларымыздың жетістіктері де бір төбе. Айғаным Амангелді деген оқушымыз республикалық пән олимпиадасында математика пәнінен жақсы нәтижеге қол жеткізіп, Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатына ие болды. “Бес тас” сайысынан мектеп командасы 1-орынды иемденді. Жансая Қайнашева “Яссауи оқуларына” қатысып, үздік нәтиже көрсетті.
Сырым МҰХАМЕДИН,
Кеңес орта мектебінің директоры.
Шал ақын ауданы.